Қуат Ерғалиұлы: Ислам мәмілегерлікті қолдайды
Астанада өткен «Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» атты конференцияда республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы, танымал исламтанушы Қуат Ерғалиұлы баяндама жасап, бейбітшілік пен мейірімділік діні Исламның толеранттылықты, діндер арасындағы мәмілегерлікті қолдайтынын, сондай-ақ, Қазақ Елінің дін саласына қатысты саясатын төмендегідей түсіндіріп өтті:
-Дінаралық келісімге қол жеткізудің тетігі – шынайы діндердің табиғатындағы үндестік. Кез келген діннің жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды, этика, эстетика және ғылымның іргетасын құруы адамдардың өзара түсінісуі мен бейбіт өмірге жол аша түседі. Діндер арасындағы татулық пен келісім рухани қажеттіліктерді өтеп, адамзат құндылықтарының салтанат құруына негіз болады. Сонымен қатар, этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезеңде жалпыхалықтық жетістік болып қала бермек. Мақсатқа жету үшін елбасының бастамасымен әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтіп келеді. Дәл осы конфессияаралық диалогтың басқа жиындардан ерекшелігі – бір ғана діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті мәселелерді қамтиды. Ал, Қазақстанның дін саласына қатысты ұстанып отырған саясаты: конфессияаралық келісім – діни ахуалдың кепілі. Ел аумағындағы барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттілік қағидаты мен дінаралық татулық саласын қалыптастыру – мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Сондықтан, мемлекеттің дін саласындағы саясатының басты мақсаты – елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуі үшін тек дәстүрлің діндерді ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуы деп білеміз.
Қасиетті Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінде: Егер Алла адамдарды, бірін-бірі арқылы қорғамаса, манастырлар, шіркеулер, яһудилердің құлшылық орындары және ішінде Алланың аты көбірек зікір етілетін мешіттер құлатылар еді,-деген аят бар. Яғни, әрбір мұсылман жер бетіндегі кез келген мешітте еркін құлшылық жасай алатыны секілді, яһуди, христиан және т.б. дін өкілдері де өздеріне тән ғибадатханаларда құлшылық жасауға құқылы. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбардың өмір сүрген Мәдина қауымына қарайтын болсақ, яһудилер де еркін өмір сүрді, христиандардың шіркеулеріне ешқандай қауіп төнген жоқ. Мінеки, тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан енді ғана асқан Қазақ Елінде қалыптасқан діндер мен конфессиялар арасындағы толеранттылықтың түп-төркіні қайда жатыр?
Қайсар ЖАНАХАНОВ: Қазақ Елі әуелден ешкімді де ұлтына, дініне қарап бөлген емес
«Көпұлтты және көпконфессионалды еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайының тұрақты болуының маңызды факторы – қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан ынтымақтастық пен руханилық, толеранттылық екені бәрімізге белгілі. Тарихқа шолу жасар болсақ, ХХ ғасырдың басында саяси репрессияға ұшырағандарды, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларынан тың және тыңайған жерлерді игеруге келген көптеген ұлттарды ұлы қазақ даласы туған жеріндей қарсы алып, бауырына басқаны баршаға мәлім. Олардың өсіп-өніуне, білім алып, еңбек етуіне барлық жағдай жасалып, нәтижесінде әрбір отбасы, жеке тұлға ретінде өзін қалыптастыра алды».
Бұл – ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы Қайсар Жанахановтың «Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» тақырыбында өткен конференцияда жасаған баяндамасынан үзінді.
-Біздің еліміз ұлттына, ұстанатын дініне қарай ешкімді бөлмеді. Әрбір ұлт пен этникалық топтың тілі, ділі, мәдениеті құрметтелді. Бұл кез келген дағдарысты еңсеріп, елдің экономикасын қарқынды дамыта отырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайтыны анық. Елімізде қалыптасқан осындай үрдістердің арқасында біз әлемдік аренада бейбітшілік пен келісімінің, достық пен бірліктің «қазақстандық үлгісін» қалыптастыра білдік,-деген комитет төрағасы ары қарай:
-Ендігі біздің мақсатымыз – осы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сіз бен біз болып одан әрі нығайту және орнықтыру. Себебі, біз өз тәжірибемізде діни және этникалық алуандылыққа қарамастан, сындарлы диалог пен өзара түсіністік демократиялық мемлекеттің ұлттық байлығы бола алатынын дәлелдей білдік,-деп сөзін жалғады.
Сонымен қатар, Қ.Жанаханов 3 жыл сайын Астана төрінде өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі туралы да тілге тиек етті.
-Мемлекеттік органдар мен діни бірлестік өкілдерінің арасындағы жылдар бойына созылған ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты ерекше атап өткім келеді. Бұл – қазіргі таңдағы азаматтық қоғамның және ел Үкіметінің әлемдік және дәстүрлі діндер құндылықтарын қайта жаңғыртуға бағытталған қызметінің нәтижесі. Оның бірден бір дәлелі – биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі диалогты, толеранттылықты, ынтымақтастықты қолдайды. Алайда, Съез дінді саясаттандыруға, радикалды күштердің кейбір елдер мен қоғамдар арасында діндегі құндылықтар мен нанымдарды теріс пиғылда пайдалануға қарсы тұруды көздейді. Бірінші Съезден бастап, 15 жыл ішінде алты дінаралық саммитке қатысқан қатысушылар – рухани көшбасшылар, барлық мәдени және діни қауымдастықтар мен халықтар арасындағы бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз етуде өзара түсіністік пен құрметтің, диалогтың ықпалы күшті екенін көрсетіп берді,-дейді Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы.