ҚМДБ Ризабек Батталұлының даулы уағызына қатысты түсініктеме берді
Мешіттердің бірінде имам Ризабек Батталұлы ер азаматтарға айтқан тілді алмаған әйелді қалай дұрыс ұру керектігін түсіндірді. Уағыздың видеосы әлеуметтік желіге таралып кетті. Осыған қатысты ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы түсініктеме берді, деп хабарлайды Today.kz.
"Пайғамбарымыз үйлеріңде қамшы ілулі тұрсын деген. Ата-бабаларымыздың төрге қамшы іліп қоятын болған. Әйел ол қамшыдан сескеніп жүреді. "Левый-правый" кетті ме, ол қамшының тиетінін біледі. Аталарымыз киімнің сыртынан осып жіберетін болған. Жоныңнан таспа тілем деген содан шыққан. Қайыстың ұшы тисе, жорғалап кетесің сен. Пайғамбарымыздың ол жайлы хадисі де бар. Егер насихатыңды тыңдамаса, сендерге жарақат салмайтын деңгейде ұруға рұқсат етіледі деген. Шариғат бойынша беттен ұруға болмайды. Бірақ желкесінен қысып қойсаң болады. Бостық қылып, шектен шығарып алсақ, құдайдың алдында жауап береміз. Қатігездік танытып, бір жерін сындырып алсақ та жауапты боламыз", - делінген Ризабек Батталұлының уағызында.
Ағабек Қонарбайұлы бұған қатысты пікірін Facebook желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
"Ризабек Батталұлының: "Әйелді əркез ұрып тұруға болады", - деген уағызына қатысты түсініктеме сұраған əріптестеріме мынадай мəселелерді мəлімдеймін: Біріншіден, əлеуметтік желіде тараған бейне материал осыдан үш жыл бұрын таспаға жазылған. Осы видео қазір қандай "қажеттіліктің" негізінде қайта жарияланып жатқанын өз басым түсінбедім.
Екіншіден, Ризабек Батталұлы осыған дейін имамдық қызметте болмаған. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде жамағат тарапынан түскен сауалға азаматтық көзқарасын білдірген. Бүгінде Алматыдағы "Нұр Мүбəрак" университетінде қызмет етіп жүрген Ризабек Батталұлын "имам" деп атау - тілшілер тарапынан кеткен қате ақпарат. Бұған жол бермеңіздер!
Үшіншіден, кез келген уағызшының шариғаттағы шетін, нәзік мəселені өз танымы мен табиғатына салып түсіндіруіне жол берілмейді. Бұл - жеңіл жауап бере салатын жағдай емес. Дінді адамдарға қорқытып емес, сүйіншілеп жеткізіңдер немесе сендердің араларыңдағы ең қайырлыларың - əйелдеріңе жақсы қарағандарың деген мағынада келетін хадистер халыққа көбірек насихатталуы тиіс. Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру, оған насихат айту, шынайы жанашырлық сезіміңді жеткізу, төсекте жалғыз қалдыру, дәлелденген айыбы үшін уақытша сөйлемей қою, тағы басқа тəрбиенің əдеп шеңберіндегі амалдар қамшының соққысынан асып түсетін тəсілдер. Қиыны - қисық қабырғаны түзеймін деп оны сындырып алу. Əйелді күшпен бағындыру - шарасыздық, бəлкім əлсіздік. Ризабек Батталұлының сөзін қоғам қабылдамай жатса - бұл табиғи құбылыс. Төртіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз айтудың əдебі мен тəртібіне қатысты арнайы Ереженің жобасын əзірлеуде. Тəртіп Ережесі уағыз айтудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді", - деді Ағабек Қонарбайұлы.