Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уағыз-насихат бөлімінің басшысы, Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаровтың кредит жайлы сайтқа берген сұхбаты бұрмаланған. Бұл туралы Мүфтият өкілі өзінің Facebook-тегі парақшасына жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Ершат Ағыбайұлының nur.kz-те бұрмаланып жарияланған ақпараты қайта түзетілгенше басқа сайттар көшіріп таратып үлгерген.
«Жақында nur.kz-ке несие мәселесіне қатысты берген сұхбатым біраз пікірталас тудырыпты. Сұхбатым журналист тарапынан бұрмаланған. Сайтқа салынған сәтте түзетіп, қайта жарияланды. Бірақ кейбір сайттар мен әлеуметтік желі қолданушылары қате нұсқасын көшіріп үлгерген екен», - деген ҚМДБ өкілі несиенің ешуақытта халал болмағанын айтады.
Әбдіғаппар Смановтың кредит жайлы пікір білдіру тәсілінің қате екенін қайталай айтқан Ершат Оңғаров пәтуаны жеке тұлға емес, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі шығаратынын айтады.
«Әбдіғаппар ағамыздың жеке басына қатысты еш дауым жоқ. Бірақ несие жайлы пікір білдіру тәсілі қате екенін айттым. Әлі де сол ұстанымдамын. Ә.Смановтың пікірі несиеге байланысты ешқандай да принципті айқындап бермейді. Өсімқорлыққа шариғатта тыйым салынған. Алайда елімізде кең таралған несие түрлеріне мынау болады, мынау болмайды деп пәтуа беруге жеке тұлғаның мүлдем қақысы жоқ. Менің де, Ә.Смановтың да, басқаның да құзыреті жүрмейді. Пәтуаны арнайы «Дарул-ифта» - Пәтуа академиясы сияқты арнайы оқу орнын тамамдаған, «усул әл-фиқh» – құқық негіздері, «мақасид әш-шариға» – шариғаттың мақсаты және т.б. секілді арнайы ілім оқыған мамандар дайындайды. Осындай талаптарға жауап беретін, өзекті мәселелерде пәтуа шығаратын бір ғана мекеме бар. Ол – ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі. Сондықтан осы ресми орынның пәтуасына ғана жүгінген дұрыс», - дейді Мүфтият өкілі.
Айта кетейік, жақында ғаламтор желісінде танымал уағызшы Әбдіғаппар Смановтың несие туралы айтқан уағызы тараған болатын. Оның «кредиттің әрбір пайызы анаңмен жеті рет зина жасаған күнәмен бірдей» деген уағызы мұсылман қауымның талқысына түскен еді.
Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі кредитке қатысты әлі күнге пәтуа шығарған жоқ.