ҚАЗАҚТЫҢ МІНЕЗІ ҚАНДАЙ?
Жер бетіндегі әр ұлттың өзіне тән мінезі болады. Адамның мінез-құлқын психологтар бірнеше түрге бөліп қарастырып жатады. Ал қазақ ұлтының мінезі жайлы белгілі этнограф Болат Бопайұлы өзінің «Қазақ мінезі» атты кітабында жазды. Оқырман назарына кітаптан үзінді жариялағанды жөн көріп отырмыз.
Тума мінез деген не?
Қазақ жеті атадан жалғасқан қанды, генді, текті, тұтас туыстықты қуып тұтасқан, ата белінен ана құрсағына мәнни судан пайда болған, сүтпен біткен, сүйекке сіңген тума болмысынан қалыптасқан, дара табиғатынан дарыған, үлкен әулеттік меншікті мінезді "тума мінез" деп атаймыз.
Тума мінез - бір адамның өзіне тән, басқаларға мүлде ұқсамайтын жеке бітімі, қимыл-қозғалысы, сыр мен сипаты, ісі мен әрекеті, өмірге көзқарасы, қоғамдық ортадағы тіршілік ету жолы, махаббат жарасымы, ар ман үжданы,қажеті мен мүддесі, рухани көңіл күйі, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, дүниетанымы, наным-сенімі, жалпы жанұяда қалыптастырып, қоғамдық-әлеуметтік ортаға алып шыққан жеке сыр-сипаты, өмір көріністері болып табылады. Өнері, мәдениеті, білімі, ақылы, ары, ұяты - бәрі-бәрі де сол жеке өзіне тән көрініс беріп тұрады. Болмысы да солай қалыптасады.
Жұқпа мінез деген не?
Әрбір пенденің бала күнінен бастап көрген-білген, көңіліне түйген, айналадан сезген, кітаптан оқыған, қоғамнан қорытқан, айналадан алған, халықтан білген, жүрттан жүқтырған, әлеуметттік ортадан қалыптастырған жалпы білімі, әдеті мен әдебі, мәдениеті мен дүниетанымы, көркемдік талғамы, өнер-өресі, білім қабілеті, сөйлеу дағдысы, іскерлік пен шеберлігі, дамыған санасы, аңсаған арманы, тілеген тілегі, алға қойған мақсаты, махаббат жарасымы, төрткүл дүниеден қабылдаған жұғысып-жұқтырған, қызығып-қызғанып қабылдаған, еліктеген, соларға ұқсаған мінезі "жұқпа мінез" деп аталады.
Мінез демекші
Мінез – адам бойындағы ұлы байлық, асыл қасиет, адам болмысы, бітімі. Туа қалыптасқан ішкі иірімі, терең құпиясы. Оның сыртқа теуіп шыққан қимыл-қозғалысы, сөз әрекеті, көзге көрінген көрінісі. Мінез – адам баласының бағын ашатын, бақытқа қолын жеткізетін, құрметке бөлейтін, сыйға кенелтетін алтын кілт...
Қазақ "Жақсы мінез – жан көркі" дейді. Осы маржан сөздің астарында марқадай маңыраған, ұласпалы, ұлағатты ой бар. "Өзі жақсы кісіге – мың кісілік орын бар", "Кең болсаң – кем болмайсың", "Жақсы – көпшіл, жаман – кекшіл", "Ақылды бәрін алақанында ұстайды", "Мінезді адам – мінсіз адам", "Адам бәрін мінезден табады", "Адам мінезінен танылады" деген сөз тіркестеріндегі ұлан ғайыр ой жолдарында нардай-нардай жоталы ұғымдар жатыр. Адам мінезін танып, тауып айтқан тарыдай сөзде таудай наным жатыр. Жарым ырысты, сұлу тынысты жақсы сөз жатыр...Қазақ жағымды мінезді адамды бағзы заманнан-ақ қастерлеп келді. Әлпештеп, төбесіне көтерді, үлгі етті, өнеге тұтты, ұрпақтарына айтып, тәрбие берді.
Отбасы тәрбиесі – тәрбиенің анасы. Отбасында жақсы тәрбие алған бала – қоғамның сарасы. Қазақта соған орай туған "мінезді адам екен", "сырбаз екен", "кең пейілді, дарқан мінезді", "мінезі төр жайлаудай", "жаны тұнық, жарқын жүзді – перизат", "ішіне кеме жүзеді", "алтын адам", "гүлдей нәзік жан", "сыпайы сылық жан", "көңілі көлдей шалқиды", "жылы жүректі", "ыстық ықыласты", "мөлдір сезімді", "мінезі жібектей", "майда мінез, сылық сөз", "түсі жылыдан түңілме", "иман жүзді", "көзі ашық, көкірегі ояу", "арлы, адамгершілікті азамат", "дала мінезді", "күн көңілді", "шуақ сезімді", "бүкпесіз азамат", "ел ағасы", "ел анасы", "жұрт атасы" деген сөз тіркестерінің тігісінде түйедей-түйедей мінезді ойлар шөгіп жатыр. Ардан туған, арман қуған асыл азаматтар мен айдай арулардың, айна көлдей жарқыраған, сымбатты мінездері көңілге қонады, көзге ұя басады.
Ал мінезі тарпаң, көңілі қартаң, шәркез-шарқая, ішіне құрық бойламас, қулығына сырық салдырмас әлде біреулердің көзі адырайып, мінезі шадырайып, тебеген биедей одырайып тұрады. Тиіп кетсе, сызып кетеді. Ашуы ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрады.Айналасын жайпап, сүзеген сиырдай шайқап, жанына жан жуытпайды. Іргесіне ел қондырмайды, мұндай мінездегі адам еш табысқа қолы жетпейді. Жұрттың сөгісіне, елдің табасына қалады...
Адам баласы басына пәлені бірінші - мінезден, екінші - тілден, үшінші - әрекеттен табады. Күнәға да содан батады. Қазақта "Басқа пәле – тілден, жаман ойы, жаман сөзі – ділден", "көкдолы", "шарқая", "арамза", "екібеткей", "батқа", "имансыз", "арсыз", "ұятсыз", "опасыз", "кісіліктен дырдай, адамдықтан жұрдай", "зымиян", "әккі", "жылпос", "түкпіш", "қорс етпе", "қырсық", "қыңыр", "қызғаншақ", "бұлданшақ", "шамданшақ", "тырысқақ" тағы басқа деп келетін сөз тіркестерінің бәрін де шадыр мінезді, шарқая адамның табиғатына байланған ішкі жан тыныстарын ашатын ұғымдар жатыр.
Әзірлеген Айнұр Сенбаева