Қазақ пен қалмақ: дін таласы
Қазақ хандығының астанасы, Алаш жұртының рухани-діни орталығы болған Түркістан қала ұғымымен қатар, Орта Азияның Самарқанд, Бұқара, Ташкент, Ферғана, Хиуа сынды елді мекендердің тарихи тұтас аумағының атауы ретінде де кең ұғымда қолданылды. Орыстың миссионерлік еңбектерінде бұл аймақ «Түркістан өлкесі» деп аталды. Осы Түркістан өлкесінің, яғни Орта Азия халықтарының діні ортақ, руханияты бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болды. Түркістанның пірі Қожа Ахмет Иассауи мен Бұқарадағы діни ғұлама Бахауддин Нақшибанд түркі жұртының діни бастауы мен руханиятындағы ірі діни көсемдері болып есептеледі.
Қазақтың сөз үлгілерінде Бұқараны «ата жұртым» деп атау кездеседі. Мәселен Асанқайғының «Ата жұрты Бұқара, //Өз қолында болмаса, //Қайратты туған ер ғаріп...», Дулат Бабатайұлының «Сен Бұхарда кезінде, //Бәтуа бар сөзіңде... //Бұхар-ай шәрі дейтұғын //Өскен, өнген жеріңіз» деп келетін өлең жолдары, сонымен қатар Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы Абылай ханның ата жұртым Бұқараны аламын деп, Үш жүздің атақты батырларын жиып Орта Азияға қалың қол бастап келуі осының дәлелі. Сондай-ақ «Көкілташ» медресесін бітіріп, Қарнақта ұстаздық еткен Бұқар жыраудың «Қожа Баһауддин қолдаса, //Құдай тағалам оңдаса» деп Бахауддин Нақшибандтан медет тілеуі қазақтың дін ілімі Бұқарамен байланысты болғандығынан сыр береді. Ерте кездегі қазақтың дін ғұламалары Бұқара, Самарқанд, Хиуадан білім алуы да Орта Азия руханиятының өзара тығыз байланыста болғанын байқаймыз. Әнет баба, Марал ишан, Науан хазірет, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет ишан Оразайұлы, Т.Ізтілеуов, Бекет Мырзағұлұлы т.б. осы рухани бұлақтан діни ілім алған ғұламалар. Сарыарқаға дін насихаттаған Камараддин хазірет, Исабек ишандар да осы Бұқараның тікелей діни мектебінен өткен оқымысты ғалымдар болатын. Алаштың қайраткері Х.Досмұхамедұлы Самарқанд шаһарындағы «Тіллə-Қари» жəне «Ширдар» медреселерін салдырушы қазақтың батыры Жалаңтөс екендігін жазады. (Х.Досмұхамедұлы. Таңдамалы. – Алматы: «Ана тілі», 1998, 71-75 б.) Сонымен қатар ғалым Бұқарадағы «Көгілташ» медресесінің салынуы атты әпсана атты мақаласында да аталған медресенің салыну тарихын қазақтан шыққан Көге деген адаммен байланыстырады. Мәшһүр Жүсіп те «Көгілташ» медресесінің салынуын қазақпен байланыстыра қарасытырады. Қалай болғанда да қазақ жұртының діни тарихы, рухани мәдениеті Орта Азия халықтарымен ортақ байланыста болып, тығыз дамығандығын көреміз. Мұны тарихшы ғалым Н.Нұртазинаның «Народы Туркестана: проблемы Ислама, интеграции, модернизации и деколонизации на рубеже ХІХ-ХХ веков» атты монографиялық еңбегінде Түркістан жұртының (жалпы Орта Азия халықтарының) діни сенімі мен рухани байланыстары ортақ, бірлікте болғандығын ғылыми дәлелдейді. (Н.Нуртазина. «Народы Туркестана: проблемы Ислама, интеграции, модернизации и деколонизации на рубеже ХІХ-ХХ веков». – Алматы: «Қазақ университеті», 2008). Сондықтан қазақтың діни ілімі мен дін тарихы туралы сөз қозғағанымызда Орта Азияның ірі діни ошақтары болған Бұқара, Самарқан, Хиуамен байланысты қарауымыз керек.
Ал осы Түркістан жұртының адамзаттық Ислам тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Бұл аймақ сан ғасырлар бойы Ислам дінінің жаршысы болып, әлемге танымал ірі дін ғұламаларын дүниеге әкелді. Қасиетті Құраннан кейінгі мұсылмандардың екінші кітабы хадистер жинағын құрастырушы Имам Бұхари де осы Орта Азияның өкілі. Сахих хадистерді жинаушы, мәшһүр ғалым Бұқарада туып, Самарқанда жерленген. Ислам дінінің негізі болып есептелетін ақида ілімінің мәшһүр ғалымы имам Матуриди де Түркістан жұртынан шыққан ғұлама. Ислам әлемінде ақида мәселесінен талас-тартыс күшейіп, мұсылмандар арасына жік түскен тұста ғұлама аят пен хадиске сүйеніп, мұсылман бірлігінің ұйтқысы бола білді. Белгілі ағартушы-ғалым И.Гаспиринский өзінің «Түркістан ғұламасы» атты еңбегінде Түркістан топырағынан шыққан дін ғалымдарын, атап айтқанда атақты хадистанушылар мен фикһ ілімінің ғұламаларын, сөз өнерінің білгірлері мен атақты шайырларын, әулиелерін т.б. атап айтады (Д.Қамзабекұлы. Алаштың рухани тұғыры. – Алматы: «Ел-шежіре», 2008, 80-83 беттер). Атақты хадистанушылар деп: әл-Бұхари, Мұхаммед бин Ғайса Термези, Ибраһим Шәкистани, Әбу Ғабдурахман Ахмад бин Шұғайып ән-Нәсаи, Әбу Бәкір Ахмед бин Мұхаммед әл-Хорезмилерді т.б., фикһ ілімінің ғұламалары ретінде Әбу Матфах Балхи, Әбул Қасым Сафар Балхи, Шәмсул Има Сарахи, Фахруддин Ғали Яздауи, Бурханаддин Мир Ғанани, Зейнуддин Гәтәби Бұхарилерді т.б., сонымен қатар Әбілқасым Мұхаммәд бин Ғұмар Әззамхажари, Мәуләнә Шайых Шағабуддин, Әбуләйас Самарқанди, Әбу Хафас Ғұмар Әннасфи сынды ғұламаларды атап өтеді. Сонымен қатар ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі де «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты еңбегінде Қазақсандағы мешіттер мен медреселер тарихына тоқталып, қазақтан шыққан дін ілімінің мәшһүр ғалымдарын атайды. Орта ғасырлық ғұлама Аййуб әл-Баласағұниді, «ан-Ниһая» атты кітапқа түсіндірме жасаған Абд әл-Уахид бин Мухаммад ас-Сайрамиді, мысырлық ғалым Ахмад бин Салама әл-Аздийдің «әл-Мұхтасар» атты кітабына «Ат-Тахаудің Мұхтасарына түсініктеме» атты еңбегін жазған Ахмад әл-Исфиджабиді, Ан-Насафидің «әл-Ақидасына» түсіндірме сөздік жасаған Молда Ахмет әл-Жендиді, мұсылман заңы фикһ ілімінің білгірі Мұхаммад әл-Кердериді т.б. тікелей қазақ топырағынан шыққан қаншама ғұламалардың еңбегі мен өмір жолдарына тоқталып өтеді.
Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы болған Духовский өзінің әрі зерттеу, әрі миссионерлік «Ислам в Туркестане» атты жұмысында Түркістан топырағынан дін ілімінің үлкен қайраткерлері мен ғұламалары шыққанын жазады. 1899 жылы жазылған осы миссионерлік еңбегінде Духовский: «Как велико было в свое время общемусульманское значение деятельности средне-азиятских богословов, прововедов и знатаков арабского языка, явствует уже из одного того, что некоторые из наиболее известных и авторитетных книг шариата, коими ныне руководствуются мусульмане-сунниты всего мира, были написаны в Средней Азии» дегенді айтады. (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, 15 том. Патшалық Ресей және Қазақстандағы дін мәселесі. – Астана: «Астана полиграфия» АҚ, 2009, 102 бет.). Әлем мұсылмандары пайдаланатын беделді деген шариғат еңбектері Орта Азияда жазылған деп тайға таңба басқандай анық көрсетеді: «Хидая-и-шариф была написана в Маргелане; Акаид в Бухаре; Хикмат-уль-аин в Самарканде. Автор книги Хидая-и-шариф, маргеланский сарт, отправившись на поклонение в Мекку, получил место преподавания арабского языка и богословия в одном из медицинских мадраса» (Бұл да сонда 102-бет). Сондай-ақ генерал-губернатордың: «Без преувеличения можно сказать, что Средняя Азия дала мусульманскому миру последнюю редакцию шариата» деп мойындағанын да көреміз (Бұл да сонда 102-бет).
Қалай болғанда да қазақ топырағы, Түркістан жұрты дін ілімінің үлкен қайраткерлерін дүниеге әкелгенін, әлемде Ислам дінінің кең қанат жайып, дамуына өлшеусіз үлес қосқанын мойындауға тиіспіз. Түркістан топырағынан шыққан дін ғұламалары Ислам ілімін таратуда тек Орта Азиямен ғана шектелген жоқ. Оның бір шеті Үндістанға жетсе, екінші бір шеті Түркияға дейінгі аймақта тарағанын да атап өту парыз. Мәселен Самарқандта жерленген белгілі мутақаллим-философ, қалам ілімінің маманы, Алтын Орда ханы әз-Жәнібектің қолдауымен жазған «Мұхтасар мааний» еңбегінің авторы Саауддин Тафтазанидің грамматика, риторика, Құран тәпсірі туралы еңбектері бірнеше ғасырлар бойы Осман империясының медреселерінде оқытылуынан-ақ Түркістан топырағынан тараған діни ілімнің тамыры тереңге кеткенін көреміз.
Біздің шағын мақаламызда Түркістан жұртының Ислам ілімінің дамуына қосқан үлесін толық қамтып жазу мүмкін емес. Ол ондаған үлкен монографиялық еңбектерге жүк болар еді. Ал біздің осы бөлімді жазудағы мақсатымыз Орта Азияның бөлінбес бір бөлшегі ретіндегі қазақ халқының Ислам дінінің гүлденуіне сүбелі үлес қосқанын көрсету және ол мақсат орындалды деп ойлаймыз.
Қазақ пен қалмақ: дін таласы
Сонымен қазақ халқының ұстанған үлкен дін ілімі болды дедік. Ол Ислам діні қайда кетті? Біз дінімізден қалай айрылдық деген заңды сұрақтар туындайды. Осы ретте қазақ халқының басынан кешірген ең ауыр кезеңдерінің бірі – ол екі ғасырдан астам уақытқа созылған қалмақпен болған қанды соғыс екенін атап өтуіміз керек. Елдің діни, рухани, әлеуметтік өміріне үлкен сызат түсірген де осы соғыс. Соғыс болған жерде дін өркендеп, ғылым-білімнің еркін дамуы болмасы анық. Оңтүстіктегі қалалардың қирауы, мешет-медреселердің күйреуі сөзсіз елдің әлеуметтік, рухани өміріне кері әсерін тигізіп, діннің, ғылым-білімнің дамуын тежеді. Бұл туралы М.Мағауин: «Алаш ұлының рухани мәдениеті орны толмас қазаға ұшырады. Түркістандағы Әзірет Сұлтан дүрбесінен бастап, Сауран, Шымкент, Сайрам, Ташкент, Созақ және басқа қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған бай кітапхана, ондағы діни-фәлсафалық еңбектер, ескі тауарихтар мен шежірелер, біз бар деп білмеген тағы қаншама мұра өртке кетті, талан-таражға түсті, жойылды» (М.Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: «Қазақстан», 1995, 101бет). Қаншама қалалар мен мешіттер қирап, діни кітаптар өртелді. Ғасырлар бойы берік ұстанған рухани мәдениетіміздің діңі босады. Ең үлкен қасірет те осы – соғыстың кеселінен қазақтың танымы мен рухани құндылықтарының өзгеріске ұшырауы еді. Ел ішіндегі қылмыс, барымтаның көбеюі, елді надандық жайлауы осы қазақ пен қалмақ соғысының кеселі екенін қазақтың үлкен мәдениеттанушысы Т.Әсемқұлов «Аштық және соғыс» атты мақаласында дәлелдеп жазады. Ендігі кезекте зар заман ақындары Дулат, Мұрат, Шортанбайлардың «заман ақыр орнады» деп жырлауы, Абайдың қазақты сынға алуы бәрі де қалмақпен болған соғыстың зардабынан туындаған ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың өміріне енген әлеуметтік өзгерістердің, халықтың мінез-құлқы мен дүниетанымының өзгеруі себепті болатын. Оның үстіне орыс отаршылдығымен келген қырым, татардың дүмше молдалары өзі тозған елді дүбәраға айналдырды. Осы жағдаятты көзімен көріп өскен Ш.Уәлихановтың еңбектерінде «фанатик татарлар» деп ащы сынға алып, Исламға «өгейлік» танытуы сол кездегі тарихи жағдаятпен тікелей байланысты болды (Ш. Уәлиханов. Мақалалары мен хаттары. – Алматы: «Қазақтың біріккен мемлекет баспасы», 1949, 18-бет).
Ал осы қазақ қоғамы үшін үлкен зардап әкеліп, өсіп-өркендеуімізге кері әсерін тигізген қалмақпен болған соғыс, тек жер үшін ғана емес, дін үшін де болғандығын бүгінгі жарыққа шыққан архив материалдары айғақтайды. Орыс архив дерекетерінен табылған материалда қазақ пен қалмақтың діни танымы мен сенімі бөлек елдің арасында жанжалдың туындауы осы дін үшін екендігін көреміз. «Стольник и воевода спрашивал по причине допросных речей тобольских казаков Костьки Клюсова с товарыщи калмыцких посланцев о Казачье Орде: Какие они веры и за что учинилась з Бушухы ханом ссора, и давно ль? Посланцы говарили: Назат тому лет з 10. Верами де они, калмыцкой Бушухты хан и Казачья орда, разны: Бошухты хан де их с калмыки и с иными Орды верует в Далай ламу, а казачья де Орда верует особливо по крымси в махмета, обрезывются по бусурменскии. И посылал де Бушухты хан в Казачью Орду, чтоб они съединачились и веровали с ним, калмыцким Бушухты ханом, и с ыными Орды в одного Далай их ламу. (Курсивпен белгілеген біз Д.И.) Оттого де с ними учинилась и ссора, потому что они не похотели по калмыцки в Далай ламу веровать. И за то де у них были бои великие, многие де их городы Бушухты хан их розорил...» (История Казахстана в русских истичниках ХVІ-ХХ веков, І том. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2005, 396 бет). Келтірілген архив дерегінен қазақ-қалмақ соғысының басталуы діни көзқарастың қайшылығынан екендігі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ата-бабамыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әкелген дінді ұстанатыны, өзге сенімді қабыл етпегендігі орыс архивіндегі дерек көрсетіп отыр. Бір құдайға сеніп, Исламды өмірлік ұстанымы еткен бабалар қанды соғысты бастан кешсе де, Далай лама ұстанатын дінді қабыл етпеді. Екі алып елдің тарихи теке тіресі, танымы мен діні бөлек екі ел мәдениетінің қақтығысы тура екі ғасырдан астам уақытқа созылды. Нәтижесі қазақ халқының жеңісімен аяқталды. Ата-бабамыз осы қанды соғыста өзінің жері мен сенімін ғана сақтап қалған жоқ, сонымен қатар Орта Азиядағы Бұқара, Самарқанд т.б. ірі діни қалалардың ортасына қалқан болып, ондағы діни ілім мен рухани мәдениеттің үзілмеуіне бірден-бір жағдай жасады. Ел ішінде ғылым-білімнің дамуы тежелсе де, рухани иммунитетіміз әлсіресе де, ең бастысы халық өзінің бұрынғы жүріп өткен жолынан бас тартқан жоқ. Жалпы жұрттың ұстанған дінінің діңгегі біршама солқылдаса да, халықтың ұйытқысы бола білген ишан, қожа, халфе, датқалар ол кезде де бар болатын.
Қазақты мәңгүрттендіру: дін мен дәстүрге бағытталған күрес
Қазақ-қалмақ соғысынан кейін жұртымыз патшалық Ресейдің құрамына қосылып, өз тәуелсіздігінен айрылды. Міне осы тұста, ел ішіндегі әлеуметтік, рухани, діни өзгерістерді отаршыл елдің миссионерлері тиімді пайдалана білді. Қазақтың ұстанған дінін тамырымен құртып, халықты шоқындыру үшін де әрекеттер жасады. Ол туралы ғалым М.Мырзахметов «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегінде жазды.
Қазақты дінінен түбегейлі айыру деген сөз, халықтың өзіндік «менінен» айыру, ең ақыры бодан етіп, тәуелді қылу болатын. Елдің дінін шамандықпен, тәңіршілдікпен байланыстыратын, болмаса салт-дәстүрден ескінің қалдығын іздеп, «қазақ топырағында таза Ислам болмаған» деп келетін жасанды пікірлердің негізгі іргетасы осы патшалық Ресей кезінде қаланып, Кеңестік атеистік дәуірдегі сыңаржақ зерттеулер бұл мәселенің қолтығына су бүркіп, өршуіне дем берді.
Ислам елді ұйытушы, санаға сәуле түсіруші, жалпы ұлт мәдениетінің иммунитеті болатын. Осы иммунитетті әлсірету үшін қазақтың діні мен дәстүрін қасақана бұрмалау арқылы ел танымын Исламнан жат етіп көрсетуге байланысты зерттеулер жүргізілді. Қазақ дінін шамандықпен байланыстыруда Ш.Уәлихановтың шамандық, ата-баба аруақтары туралы жазғандары негізгі дәлел ретінде ұтымды пайдаланылды. Ал Шоқанның қазақ халқының діні туралы айтқан өзге де пікірлері ғылыми қолданысқа енбеді. Мәселен ғалымның қазақтың оқығын білімділері бұрынғы дәстүрден (шамандықтан) ерте кезден қол үзгендігі, ондай теріс әдетті көрген жерден тыйатындығы, сондай-ақ Шоқанның қазақтың ұстанған діні туралы: «кто не содержит тридцатидневную уразу и пятивременный намаз, тот не имеет голоса и уважени родичей»; «киргиз-степняк в фанатизме нисколько не уступает какому-нибудь стамбульскому дервишу» деп жазған ой-пікірлері ескерілмегенін тарихшы ғалым Н.Нұртазина атап өтеді. (Н.Нуртазина. «Народы Туркестана: проблемы Ислама, интеграции, модернизации и деколонизации на рубеже ХІХ-ХХ веков». – Алматы: «Қазақ университеті», 2008, 21-бет). Оның себебі де түсінікті халықтың сеніміне шіркеу түсіру, елді діннен ажырату еді. Сол үшін Кеңес үкіметі кезінде Исламға дейінгі наным-сенімдер індете зерттеліп, қазақтың діні мен дәстүрінен шамандықтың сарқыншақтары ізделді. Отбасылық тұрмыстағы, әдет-ғұрпымыздағы мұсылманшылыққа дейінгі наным-сенімдерді зерттеу арқылы шынайы тарихтың бетін бүркеді. Қазақтың жазушы-ғалымдары да ақиқатты бұрмалап, елдің дінін Исламнан жат етіп көрсетуге мәжбүр болды. Мәселен С.Мұқанов «...Қысқасы, қазақтың ислам дініне бойлауына бірталай уақыт болғанымен, жоғарыда айтылғандай, қазақтың арасына ол тамырын терең жібере қойған жоқ» деген пікірді айтты. (С. Мұқанов. Қазақ қауымы. – Алматы: «Ана тілі», 1995, 49-бет). Қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, еңбек жазған М.Ғабдуллин де қазақтың дінін шамандықпен байланыстырды. (М. Ғабдулин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: «Мектеп», 1974,196). Сонымен қазақтың дінінен шамандықтың қалдығын іздеу атеистік кезеңде жасалған жасанды түсінік. Себебі елдің діні таза Ислам екендігі ол кезде де белгілі, мойындалған шындық еді. Оның мысалын Кеңес кезіндегі жазылған еңбектерден де көреміз: «Шаманство в ХІХ-ХХ вв. было известно далеко не всем народам, принявшим ислам. У народов, живущих к заподу и северо-западу от Средней Азии и Казахстана, шаманский культ не сохранился. Удержавшееся в быту среднеазиатских народов шаманство потерпело огромную эволюцию, испытывая постоянное воздействие ислама... Ислам уничтожил многие прежние черты шаманского культа». (Ислам в СССР. – Москва: «Мысль», 1983, 96-бет).
Кеңестік атеистік кезеңде халықты Исламнан ажырату үшін қолданылған тағы бір саясат ол – елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тынысын тарылту болды. Оның себебі сан ғасырлар бойы халықтың ұстанған діні – Ислам елдің салт-дәстүрі мен наным-сенімін өз елегінен өткізді, әдет-ғұрып дінге бейімделді. Дінге тыйым салынған Кеңестік кезеңнің өзінде Ислам дінінің құндылықтары елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерінде сақталды. Сол үшін де дінмен күрескен атеистік саясаттың шоқпары елдің әдет-ғұрпына да тигенін көреміз: «В условиях восточных республик в силу ряда причин ислам занимает еще достаточно устойчивые позиции в семейно-бытовой обрядности. Именно поэтому борьба против вредных обычаев и традиций, освященных исламом, является одним из главных направлений в атеистической работе». (Ислам в СССР. – Москва: «Мысль», 1983,135-бет). Адамның дүниеге келуінен, бақилық болғанға дейінгі рәсімдер, негізінен Исламның талаптарымен жүзеге асты. Азан айтып ат қою, неке қиып отбасын құру, отбасындағы әдеп-ережелер, ең ақыры ақ кебінге орап арулап көмуге дейінгі дәстүр таза дінмен байланысты еді. Халықтың тойлайтын Ораза айт, Құрбан айт мерекелері бәрі де діни мерекелер болатын. Міне осыны білген және халықты діннен түбегейлі ажырату үшін дәстүрінен ажырату керек деп білген атеистік режим елдің әдет-ғұрпын ескіліктің қалдығы деп сынады, тыйым салды, ойына келгенін істеді. Мұсылман мейрамдары кезінде, атеистік үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті, газет беттеріне дінді қаралайтын мақалаларды қардай боратты. (Ислам в СССР. – Москва: «Мысль», 1983, 131-бет). Осы мұсылман мейрамдарының рөлін төмендетіп, елдің санасынан ысырып тастау үшін жасанды мерекелер ойлап тапты. Бұл да дінмен күресудің бір жолы болатын: «Организация здорового социалистического быта является также важным средством атеистического воспитания. Сами турдящиеся уже заменили религиозные праздники новыми, советскими. Стали обячными безрелигиозные торжества, связанные с рождением ребенка, совершеннолетием, началом трудовой деятельности, окончанием школы, проводами в Советскую Армию, получением диплома и т.д.». (Популярные лекции по атеизму. – Москва, 1962, 384-бет).
Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезіндегі дінге қарсы жүргізілген саясатты Н.Нұртазина «Борьба с Исламом» атты еңбегінде жан-жақты талдап көрсетеді. Тарихшы-ғалым осы еңбегінде атеистік кезеңдегі құжаттамалық деректер мен қабылданған қаулы, қарарларға сүйеніп, дінмен болған күрестің жолдарына да тоқталады. Молданың қатысуымен өтетіндіктен неке қиюға, қарынды ашыру денсаулыққа зиян деген желеумен ораза ұстауға тыйым салынды, баланың қорқып, жылайтындығын сылтау етіп, сүндетке отырғызудың кеселі, Құрбан айтта құрбандық шалудың шаруашылыққа зардабы тиетіні айтылды. Ел үшін ең қиыны адамның бақиға аттануымен қатысты дәстүрді ұстану болды. Себебі бұл рәсім көпшіліктің қатысуымен өтетіндіктен, қалалық жерлерде, партияда жұмыс жасайтын отбасыларда Ислам дінінің талаптарын ұстану мүмкін болмады. Ең ақыры марқұмның жаназасы шығарылмай, аққа орап, арулап көму де ел үшін мұң болды. (Н.Нуртазина. Борьба с Исламом. – Алматы: «Қазақ университеті», 2008,19).
Осындай елді дінінен ажырату үшін жүргізілген мақсатты саясаттың нәтижесінде ел тарихи танымынан, ата діні мен бұрынғы салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан қол үзуге мәжбүр болды. Құндылықтар өзгеріп, өмірге өзгенің көзімен қарайтын ұрпақ келді...
Сондықтан қазіргі кездегі ең өзекті мәселенің бірі – бұрынғы өткен тарихымызды қайтадан саралап, ортағасырда жазылған дүниелерді, елімізге қатысты шағатай тіліндегі еңбектерді түгендейтін, тарихымызды шынайы зерттейтін отаншыл тарихшы, тілші, әдебиетші, дінтанушы мамандарды даярлау. Осы ретте бұрынғы әдеби жәдігерлер мен тарихи мұралардың жарыққа шығып жатқаны қуантады. Осы руханиятымызға қатысты дүниелерден, архив қойнауынан әлі жарыққа шықпаған мазмұнды материалдардан қазақтың орта ғасырлық тарихы, соның ішінде қалмақ соғысына дейінгі діни әдебиеті мен ғалымдары, қала орындары, медреселері, ханакалары алдағы уақытта зерттеліп, өзінің әділ бағасын алады деген сенімдеміз.
Түйін:
Қазақ елі үлкен тарихи кезеңдерді басынан кешірді. Ислам дінінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан халық, ең ақыры өз діні мен дәстүріне күмәндана қарайтын кездерге де жетті. Аузы қисаймай «Түркістанды – шірікстан» деп жырлайтын, желге қарсы түкіретіндер де пайда болды. Мұның бәрі тарихи сананың үзілуінен, өз діні мен дәстүрін терең білмеуінен туындап отыр. Қалай болғанда да, дініміз бен дәстүрімізді бекем ұстанып, ата-бабаларымыздың жасаған ұлы істеріне құрметпен қарайық, ағайын!