Қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейтін жақсы бір сөз бар. Бұл мақалды әркім әртүрлі жерде қолданады. Біреулер екі бастықтың басы бір араға сыйыспағанда, айтып жатса, енді біреулер отбасында бас болам деп еркегімен таласқан әйелге «бір үйге бір қошқар да жетеді» деп ескертіп айтып жатады. Яғни, бұл сөздің қолданыс аясы өте кең. Десек те, бұл аталы сөзіміздің қолданыстан қалып бара жатқан қыры да бар. Қазақтың түгел сөзінің түбі діннен тамыр алатындықтан, бұл сөз де діни мән-мағынаға, терең ұғымға, ақыреттік сенімге ие бір сөз.
Қазақтың асыл ұғымында бұл сөздегі қазан – жүрек болса, екі қошқардың бірі – ақырет те, екіншісі – бұл дүние. Дінімізде бір жүректе ақырет пен дүние махаббаты бірге тұрмайды деген сенім бар. Екеуі екі қошқар секілді. Жүректе ақыреттің қамы болуы тиіс, ол болмаса, дүниеге деген махаббат орын алады. Бірі табылған жерде екіншісіне орын жоқ. Сол себепті де қазақ бұған «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп керемет теңеу айтқан.
Осыған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге жүзін бермей, оны кәпірлердің жәннаты, момындардың абақтысы көрген. Себебі, «Дүниені сүйіп, одан шаттық тапқан жүректен Ақыреттің қайғысы қашады» деген Алла Елшісі. Саңлақ сахабалар да дүниеде өзін уақытша келген қонақтай, өте шығар жолаушыдай сезініп, ақыреттің қамын жеген. Алланың барлық салиқалы құлдары қу дүниені тәрік етіп, ақыреттік сапарына әзірленген. Қазақ та осының бәрін түйіндей келе «қу дүние», «жалған дүние», «тұрлаусыз дүние», «фәни дүние», «сұм дүние», «алдамшы дүние», «ит дүние», «боқ дүние» деп дүниеге бір тәуір ат қоймаған. Сол себепті де, қазақтың ішінде дүниені сүйіп, дүние қуғанның сиқы болмаған, қадірсіз саналған. Ондайларға «дүниеқоңыз» деп ат қойып, айдар таққан. Өйткені, қоңыздың домалатқан боғына дүниені теңеген. «Дүние – боқ» деген тіркес те осыдан қалған.
Дүниенің соңына түскендерді де қазақ «дүниенің құлы» деп атап, «Алланың құлы» деп атауға арланған. Себебі, жүректен орын тепкен дүние оған бас ұрғандарды құл қылады. Алла Тағала да «ондай жандарды құлға құл қыламын» дейді. Себебі, дүниенің өзі – құл. Бұған Мұхиддин Арабидің кереметі де мысал бола алады.
Бірде Шейх уль-Ислам атанған Мұхиддин Араби Шам қаласында мінберде уағыз айтып тұрып халыққа «Сендердің табынғандарың менің аяғымның астында!» дейді екен. Халық Мұхиддин Арабиді «күпірлік еттің, біз Аллаға сыйынамыз, ал сен болсаң оны «табаныңның астында» деп, тіл тигіздің, наным-сенімімізді қорладың, жәбірлердің» деп, қазыға шағымданып, жазалатады. Мұхиддин Арабидің жақын досы келіп, оны бұл сөзінен қайтуын сұрайды, бірақ Араби: «Менің сырым «Син»(س) «Шин»-ге (ش) кіргенде ашылады» дейді де қояды. Кейін арада үш жүз жылдан астам уақыт өткеннен кейін Османлы патшасы Йавуз Сұлтан Селим Шам қаласын басып кіреді. Онда біраз уақыт қалады. Шамда жүргенінде қолына Мұхиддин Арабидің кітабы түсіп, еңбектерін оқиды. Еңбектері көңіліне қатты ұнайды. Кейін жатқан қабірі мен өмірбаянын да жұрттан сұрастыра бастайды. Адамдар басынан кешкен оқиғаны, не үшін жазаланғанын және өмірінің соңында «Менің сырым «Син» (س) «Шин»-ге (ش) кіргенде ашылады» деп кеткенін айтып береді. Сол кезде Сұлтан Селим «Синнің» өз есімінің бас әрпі екенін, ал «Шиннің» Шам қаласының бас әрпі екенін түсініп, Мұхиддин Арабидің сөйлеген жерін сұрап, тұрған мінберінің астын қаздыртады. Қаздыртса, Мұхиддин Арабидің тұрған табанының астынан ат басындай алтын шығады екен. Сол кезде ғана халық «Сендердің табынғандарың менің аяғымның астында!» деген сөздің сырын ұғады. Мұхиддин Арабидің бұл сөзді көңілі дүниеге соққандарға, қу дүниеге құл болғандарға, жүрегінен дүние орын алғандарға қарата айтқанын түсінеді де Сұлтан Селим: «Пайғамбарымыз күпірге толы мәжілістерге қарап: «Діндерің – ақша, құбылаларың – қатын», – демеп пе еді? Мұхиддин Арабиді де осыған сүйеніп айтқанын ешкім түсіне алмай, өлтірген екен ғой», – деген екен.
Шәкәрім Құдайбердіұлы да:
«Құдайың мен дүниеге,
Кезекпе-кезек шоқынсаң,
Инедей пайда тие ме
Мешітте мың жыл отырсаң?» – дейді.
Ендеше табынған тәңіріміз қайсы немесе қазанымызда жатқан қай қошқардың басы екен?
Қазанымызда қай қошқардың басы екен?
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора