ҚАТТЫ АЗАПҚА ДУШАР БОЛАТЫН ҮШ АДАМНЫҢ БІРІ...
Адамдарды алдау – үлкен күнәлардың бірі. Өтірік – адамның еңбегін күйдіріп жоқ ететін қате амал: «Барлық күнәһар өтірікшіге бәле келсін! Оларға оқылған Алланың аяттарын тыңдайды да кейін қырсығып тәкаппарланған бойда естімегендей болады. Енді оны күйзелтуші азаппен қуандыр» (Жасия: 7-8).
Бұл өтіріктің залалы басқаларға өтіп қоғамдағы әділдік пен тәртіпті бұзып, тұрақтылықты шайқауы мүмкін. Алланың елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды өтірік айтудан сақ болуға шақырған. Шындық адамды жақсылыққа жетелегені сияқты, өтірік адамды жамандыққа жетелейді: Ибн Масғуд (Оған Алла разы болсын) Алла елшісінің(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисын жеткізген:«Күмәнсіз, шындық игілікке жетелейді, игілік жаннатқа бастайды. Адам баласы(үнемі) шын сөйлесе Алла оны «шын сөйлеуші» – деп жазып қояды. Өтірік сөйлеу бұзақылыққа алып барады, бұзақылық тозаққа тартады. Адам баласы өтірік сөйлейтін болса Алла оны «өтірікші» – деп жазып қояды» (Бұхари, Мүслим).
Ертедегі ғалымдардың бірі: «Шыншыл деп танылған адамға өтірік айтуына рұқсат (яғни, оның айтуы мүмкін). Ал, өтірікші деп танылған адамға шын айтуға болмайды, яғни өтірікшіге рас айтады деп сенуге болмайды», – деп айтқан екен. Расында да, шыншыл деп танылған адамның үнемі шын айтатыны сонша, тіпті, ол бір мәрте өтірік айтып қойса да оған халық сенеді. Ал, өтірікші адам жиі өтірік айтуының салдарынан бір мәрте шындықты айтса да оған ешкім сенбейді. Оның сөзін ешкім растамайды.
Алланың елшісі де(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пенденің жәннатқа кіруіне кепілдік беруі үшін ақысына жеті нәрсі сұрайды. Егер адам осы жеті шартты орындаса, онда ол жәннатқа кірмек: «Маған жеті нәрсе берсеңдер мен сендерге жаннатты ұсынамын. (Ол жеті нәрсе): сендердің бірің сөйлеген уақытта өтірік айтпасын; берген уәдесін орындасын; берген аманатқа қиянат жасамасын; (харам нәрсеге) назар салмаңдар; қолдарыңа ие болыңдар және жыныс мүшелеріңе сақ болыңдар» (Хаким, Байһақи).
Исламда шындық дегеніміз ізгілікті алып келеді, өйткені, шындық – дегеніміз ізгілік. Ізгілік жасаған адам жәннатқа кіреді. Ал, енді өтірік ол – жамандық. Жамандық жасаған адамның орны – азап.
«Сендердің шын сөйлеулеріңқажет. Себебі, шындықүнемі ізгілікпен келеді. Ол екеуі (шындық пен ізгілік) – жаннаттық. Сол сияқты сендер өтірік сөзден алшақ болуларың тиіс. Себебі, өтірік бұзақылықпен серік. Ол екеуі (өтірік пен бұзақылық) – тозақтық» (Ибн Мәжәһ).
Шариғатта, күнә жасап, жасаған күнәсі үшін тәубе етіп, кейін, қайта сол күнәсін жасаған адамды – өтірікші деп атайды екен. Өйткені Фузайль есімді тақуа: «Егер Аллаға истиғфар айтып, кейін қайта күнә жасаса, онда бұл өтірікшінің истиғфары», – деп айтқан.
Ал, енді келесі ғалым Халид ибн Субайхтан бір кісілер келіп, өтірік айту туралы сұрайды:
– Егер адам бір мәрте жалған сөйлесе, ол өтірікші аталады ма? Сонда халид ибн Субайх:
– Иә – деп жауап берген екен.
Сол себепті ислам мұсылман адамның өзгенің көңіліне күмән ұялататын барлық нәрседен сақ болу қажеттігін көп айтқан. Әдетте адамның көңіліне күмән салатын нәрсе – өтірік сөз. Адам біреудің асыра айтқан әңгімесіне ойланып, күмәнге түседі: «Көңіліңе күмән ұялатқан нәрсені тастап, күмән тудырмайтын нәрсеге ауыс. Расында шындық сөз – амандық (тыныштық), өтірік сөз – күмән» (Термези).
Келесі хадисте де Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) азапқа душар болатын үш адамның бірі – басқаларға өтірік айтатын өтірікші екенін айтады: «Қатты азапқа душар болатын үш адам бар. Алла оларға қиямет күні сөз қатпайды, оларды күнәларынан тазартпайды және оларға назарын да салмайды. Ол үшеуі: жеңіл жүріс (ойнастық)жасаған қарт; өтірікші патша (басшы) және тәкаппар кедей» (Мүслим).
Сондықтан да құрметті оқырман өтірік сөзден, жала жабу мен ғайбаттан сақ және аман болайық.
Жалғас Садуахасұлы
mazhab.kz