Түн ішінде інім қатты қысылды...
Оның қатты қиналып тұрғаны көзінен, жүзінен көрініп тұрды...
"Мені қысып жатыр... жаналғыш Әзірейіл де келіп тұр... тұршы, ояншы, мені мешітке апаршы, не болса да сол жерде болсын..." деп жалынды...
Былайғы өмірде күн сайын немесе жұма сайын мешітке барады десем, өтірік болар еді...
"Намазға жығылғым келеді" деп айтып қалатын.
"Оның үдесінен шыға алмай қалармын" деп қорқақтайтын...
Бірақ дәл қазіргідей түрін бұрын-соңды көрмеппін... тотығып кеткен... "Аузым икемге келмей, сол жағым жансызданып барады... қиналып кеттім..." деп көздері жаутаңдады...
Қатты қиналған түрін көріп өзім шошып кеттім. Ұйқым шайдай ашылды.
Апыл-ғұпыл қолыма ілінген киімді кидім де, "жарайды, апарайын, жүр, кеттік..." деп сыртқа беттедім.
"Түн ішінде мазалағаныма ренжімеші, өтінемін, бірақ маған дәл қазір мешітке бару керек..." деп, өзін кінәлі сезініп, қасымда еріп келеді.
Көлікті оталдырдым.
"Машинаның қызғанын күтпей-ақ жүре берші, жалынамын,.. тезірек жеткізші..."
Айтқанын істедім.
Көлікті қыздырмай-ақ жүріп кеттім.
Зымырағаннан зымырап отырып Орталық мешітке келдік.
"Осы мешітке баяғыда бір рет келіп едім, содан кейін келмеппін..." деп, асығыс қақпасына беттеді. Тарс жабық.
Айналып екінші қақпасына бардық. Ол да жабық. Тірі жан жоқ.
Дертіне шипа іздеп барған інім қатты қапаланып, "құдайдың үйі кез-келген уақытта, күндіз-түні, кез-келген адамға ашық болу керек... бұлар неге тарс жабық?.." деп ызаланды.
- Енді... қазіргі заманда небір қарақшылар бар... қақпаны ашық қалдыруға қорқатын шығар..." - деймін ақтағандай болып күмілжіп.
- Сонда мешітті тонай ма? Кім тонайды мешітті?!.
- Иә, мешітті тонаған талай оқиғалар болған... Оның үстіне, қазір мылтықсыз майдан жүріп жатыр, діндер соғысы деген оңай емес... терроршылардың түр-түрі бар...
- Қалай болғанда да, мешіт ашық болу керек, тым болмаса бір күзетші отырмай ма?.. Стоянкада да бір охранник отырады ғой, кіп-кішкентай будкада, қысы-жазы!... Маған дәл қазір мешіт керек... мықты молда керек... ұстаз керек...
- Жарайды, жүр, басқа мешітке барайық...
...Осылайша түнгі 2 мен 4-тің арасында үлкен мегаполис - Алматының 4-5 мешітіне бардық. Есігінен сығалай алмай қайттық...
- Қазақ жастары өзге дінге бет бұрып кетіп жатыр деп осыдан кейін қалай оларға ренжиді?.. - деп ызаға булықты... Жан күйзелісі өте ауыр еді... Оның жанының ауырғанына қарап өзімнің жаным ауырды...
- Ертеңге дейін шыдашы, таңертеңгісін діни сауаты мол бір танысыма хабарласайын, сені сонымен таныстырайын... ол саған көмектесер... - дедім.
- Жоқ, ертеңге дейін күте алмаймын, маған тап қазір керек... звондашы...
- Түн ішінде ыңғайсыз болар...
- Ол діни білімді, сауатты адам болса, түсінеді, сіз түсіндіріп айтыңыз... Сен түсінбейсің ғой, маған қазір қалай ауыр, қалай қиналып тұрғанымды... маған мешіт керек, не молда керек...
Амалым құрып, ұялсам да, сол танысыма хабарластым. Тұтқаны көтермеді...
Әрине, оның орнында болсам, өзім де көтермес едім...
- Сен Алланың барына сенесің ғой?
- Сенбесем, сені әурелеп, мешітке түнгі 2-де жүгіремін бе?
- Алланың 18 мың ғаламды жаратқанына сенесің ғой?
- Әрине, сенемін.
- Ал сол 18 мың ғаламды жаратқан Аллаға арнап, мысалы мен байып кетсем, "Құдайдың үйі" деп, "Әбілдахан атаның атындағы мешіт" деп өз әкемнің атына мешіт саламын делік. Сонда 18 мың ғаламды жаратқан Алла Тағала менің алтынмен аптап, күміспен күптеген мешітіме тәуелді, мұқтаж дегенге сенесің бе?
Үнсіздік...
- Мешітке еш қарсылығым жоқ... Ақ тілектердің, ақ армандардың тоғысқан жері... Бірақ мешіт түн ішінде неге ашық тұрмайды деп, оған соншалықты тәуелді болып, күйзелмеші. Алла да, мешіт те, ең алдымен сенің жаныңда, жүрегіңде, миыңда, 12 тамырыңда болсын... Мешітте отырған адамдардың саған көмектесу-көмектеспеуі екіталай... әрі-беріден соң, олар да сені мен мен сияқты - ет пен сүйектен жаралған пенде. Рас, діни сауаты, білімі артық шығар. Бірақ Аллаға сен өзің жақындамасаң, мешіт те, молда да сені жақындата алмайды. "Пендем маған бір адым жүрсе, мен пендеме қарай жүз адым жасаймын" депті Алла Тағала... Сондықтан, мешітсіз де, посредниксіз де, өзің ойыңмен, санаңмен, жүрегіңмен Аллаға жақындап көрші... тілдесіп көр, жалын, жалбарын, табын... Солай жақындамайынша, мешіт арқылы Аллаға жақындауың екіталай... - Көп сөйлеп кеттім-ау деген ойдан сөзімді тоқтаттым...
Ол үнсіз тыңдап отыр...
- Да... может вы правы...
Содан өзімше оған көмектескім келді. Көлікті ақырын жүргізіп отырып, түнгі Алматының шамы жарқыраған әсем көшелерімен жүріп келемін. Радионы ақырын қосып қойдым. Қазақша әдемі термелер беріліп жатыр екен. Іштей риза болдым.
Ол да үнсіз. Мен де үнсіз. Мен оған іштей алаңдап, әрі терме тыңдап келемін. Бір уақта Абайдың әні айтылды.
"... Атадан алтау, анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ..."
Ол не ойлап келеді? Абайдың сөздеріне мән беріп келе ме?
Терме тыңдап, түнгі Алматыны шарлап келеміз. Сағат таңғы төртке жақындапты.
- Осындай үлкен қаладағы мүйізі қарағайдай мешіттердің бірде-бірінің қақпасы ашық болмағаны қызық екен... Жарайды, үйге қайтайық... - деді.
- Егер мешітке бармасам болмайды десең, біраз жүре тұрайық, таң намазына ашылатын шығар...
- Жоқ... үйге апарыңыз мені...
Ат басын Құлагерге қарай бұрдым...
Cәуле Әбілдаханқызы
Facebook-тегі парақшасынан