ҚАДЫР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ
Шілденің 23-інен 24-іне қараған түні бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған – Қадір түні болады. «Қадір» сөзі – «қадір-құрмет», «тағзым» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түні мұсылмандар таң атқанша көз ілмей, Алла Тағала атына мадақ айтып, құлшылық жасайды. Өйткені, дәл осы Қадір түнінде адамзатты Алла жолына алып баратын – Құран Кәрім түсті. Бұл жайлы арнайы «Қадір» сүресі де түскен. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде Қадір түнінің қасиеті жайлы: «Кімде-кім сауабын тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», – деп айтқан. Қадір сүресінде аталған түнде жасалған құлшылық сауабы мың ай (мың ай – 83 жыл, 4 айға тең келеді) жасаған ғибадатқа тең екендігі айтылған. Мүбәрак ай ішіндегі берекетті, сауабы мол, дұға-тілек қабыл болатын түнді әрбір мұсылман құлшылықпен өткізері шүбәсіз. Рамазан айынан кейін, шілденің 28, 29, 30 күндері айт мерекесі болады. Айт намазы мешіттерде таңертеңгі сағат 6:30-да оқылады.
Ләйләтүл-Қадр - яғни қасиетті Қадір түні - бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынасын да қамтиды. Қадір түнінің қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан оның қадір-қасиетін Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: «1.Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2.Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Алла Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3.Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Алланың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5.(әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Алланың рақымы мен есендігі жауады», - деп баяндайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн.
Қадір түні Ораза айының соңғы он күнінің бірінде болады. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің «Қадыр сүресінде» айтылған. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. Кейбір рауаяттарға қарағанда, Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні, дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені белгісіз. Сондықтан тақуа кісілер Ораза айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», - деген. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», - деген.
Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. Имам Маликтің «Муатта» атты еңбегінде риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алдыңғы үмбеттердің өмірлері көрсетілгендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол сәт: «Ұзақ өмір сүрген осы үмбеттер жасай алмайтындай амалдарды менің үмбетіме аз уақыт жасай алуды нәсіп ете гөр», деп дұға жасағанда, Алла Тағаланың мың айдан қайырлы осы Қадір түнін нәсіп еткендігі баяндалған. (Қадір түні мың айға тең деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді).
Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», - деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Алла! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деп дұға ету керектігін үйреткен.
Қияметте Алла Тағала хикметімен емес, құдіретімен амал етеді. Сол сияқты Қадір түнінде де Алла Тағаланың құдіреті үстем болады. Ол түннің қадірін білгендерге Алланың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткендей, мұсылман баласы әрбір ісіне өзіне берілген ең соңғы мүмкіндік секілді қарай білуі керек. Сол себепті Қадір түнін енді көрем бе, көрмеймін бе, дегендей өте бір мұқияттылықпен өткізгені жөн.
Құдыреті шексіз Раббымыз үмбетіне рақымдылық қалағандықтан, Қадір түні Рамазан айының қай түні екенін ашық айтпаған. Бұл сынақ әлемінде мүміндер ұдайы Алланың разылығын іздеп, құлшылық жасасын деген мақсатпен Жаратқан иеміз бұдан да басқа өте маңызды нәрселерді құпия қылған. Мәселен, өмірдегі ажал белгісіз, адамдар арасындағы әулиелер белгісіз, көркем есімдерінің арасында Алланың ұлық есімдері белгісіз, жұма күнгі дұғаның қабыл болатын уақыты белгісіз, күллі құлшылықтың ішінде Алланың разылығы қайсысында екені, дәуірлердің ішінде қияметтің қашан екені, Рамазан айында Қадір түнінің қай түн екені белгісіз. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түннің Рамазанның соңғы он не жеті күніндегі (21, 23, 25, 27) тақ күндердің бірінде екенін айтқан. Алайда ислам ғұламаларының көпшілігі оның 27-інші түн екендігін мақұлдаған әрі бүкіл мұсылман әлемі бұны осылайша қабылдаған. Әрине бүкіл жұртшылық осылай сеніп, осылай қабыл еткен болса, Алла Тағала да миллиондаған құлдарының ниетін қабыл етіп, ол түнді шын мәнісіндегі қадыр түні етер, иншалла.
Арабшадағы «Қадр» сөзі қадірін білу деген мағынаны да қамтиды. Олай болса, қадірім артсын десеңіз, бұл түннің қадірін біліңіз. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Алла Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады.