Ораза тұрғысында өзгеше тұжырым

Ораза тұрғысында өзгеше тұжырым

Рамазанда мұсылмандар отыз күн ауыз бекітіп, таңнан қара кешке дейін аш жүреді. Осыған орай ораза ұстауға үгіттеген және оның шарапаты мен сауабы туралы уағыз-насихат көбейеді. Бірақ осы жерде бір мәселе бар.

Смартфон ұстаған қазақ жұрты қазір әлем халқымен араласып, алуан түрлі дін мен мәдениетті таныған сайын, Исламның ауыр шарттарын басқаша пайымдайтын болды. Оразаға қатысты көзқарасы да өзгерген. Ғылымға сүңгіген жастар алдыңғы ағалары сияқты бұл құлшылыққа құлшынып тұрмайды. Көбі оны керексіз деп біледі. Оларды әбден түсінем. Себебі Виктор Франкл айтқан «МОРАЛДЫҚ ТАНЫМ» ескірді.

Нақты ғылымнан нәр алып, құбылыстың түпкі нәтижесін ұғынып, әр нәрсенің соңғы шешімін ғылыммен түйіп үйренген сауатты жастар «ораза ұстасаң күнәңді жойылады», «ораза ұстасаң пейішке кіресің. Хор қыздарын құшасың», «ауыз бекітпесең Раббымыз сені отқа қақтайды» деген сияқты жұпыны уағызды қабылдай алмайды. Мұндай уағыз олардың жүйкесін жұқартып, мазасын қашыруы мүмкін. Уағыз айтып жынына тие берсең, өзіңмен қосып дініңді де жеті қырдан асырып боқтап тастауы бек мүмкін. Сондықтан ораза туралы басқаша ойтолғап көру керек.

Логотерапияға сүйеніп, сұрақты былай қоялық: Отыз күн аш жүрудің хикметі не? Ұлық Алла аштықты не үшін парыз етіп жүктеді? Аштық ұстап, күні бойы қалжырап жүрудің жеке басқа не қоғамға не пайдасы бар? Тәңірі тағаланың осы әмірін бұлжытпай орындасақ расымен де санада оң өзгеріс бола ма? Пайғамбар неліктен оразаның шарапаты туралы хадистерді көп айтқан?

Логотерапия бүй дейді. Адам - РУХАНИ БОЛМЫС. Түптің түбінде кісінің тағдырын өмір сахнасында осы табиғаты анықтайды. Яғни Рухани Болмыс қаншалықты қайрат көрсетіп айқасады, тағдыры соншалықты хикметпен өріледі. Жаратылысы бойынша құмарлық деген қызыл ит Рухтың бақылауында тұруы тиіс. Рух мақсат-мұратына жету үшін құмарлықты қуат көзі ретінде сәтті қолданған сайын, кісі баласы ақылды тұлғаға айналады. Құмарлықты дінде НӘПСІ дейді. Діни мазмұнда мағынасы тым кең және өте терең. Логотерапия оған академиялық анықтама береді. Нәпсі деп инстинкт арқылы адамды рақатқа тартатын физиологиялық және психологиялық импульстердің қайнаған қуат көзін айтады. Бұл қуатты импульстерді Рух асқан сергектікпен басқарып, құндылық өндіретін мәдени салаға жегіп отырмаса, көрсоқыр құмарлық пенде шіркінді тақырға отырғызады. Пенде пақыр АДАМ деген абыройлы атынан табан астында айрылып қалады. Адам мен айуан да осы нүктеде ажырайды. Жан-жануарды инстинкт жетекке алған. Оның үстінен ақылды рух араласып, кірісіп, басқарып тұрмайды. Сондықтан айуанды құмарлығы қалай сүйресе, солай қарай жүре береді. Ол үшін оны ешкім кінәламайды. Адам – құмарлығы тұла бойын қысқан кезде оған «ЖОҚ!» деп айта алатын жалғыз тіршілік иесі. Немесе нәпсіні ақылы шегіне дейін еркіне жіберіп қадағалай алады. (Мысалы күнделікті ішіп-жемін, некелі жарымен адалымен ойнап-күлуін сауатты жолмен реттеп отыру)

Неғұрлым нәпсіні қатаң қадағаласа, соғұрлық тұлғалық идентификациясы абыройлы қалыптасады. Яғни нәпсісін ит сияқты жетекке алған тастай тақуа, қызық пен құмарлыққа жеңілген қалың топтан дараланып тұрады. Ал, жан-жануарды мұндай әдіспен идентификация жасай алмайсың. Оларды тек асыл тұқымына қарап бағалайсың. Айуанды басқаша бағалау мүмкін емес. Осыған қарап адамда ЕРКІНДІК нығметі барын білеміз. Еркіндік адамға озалдан дарыған қасиет. Оны дінде «адамның басындағы алтын тажы - ЕРКІНДІГІ» деп әспеттеп жатады. Бірақ құмарлыққа өз еркімен жеңілген сәтінде адам осы нығметінен табан астында айрылады. Сол кезде пенде байғұс мақау мақұлыққа ұқсап қалады. Шындығында ешкім де «мені құмарлық еркімнен тыс билеп алды» дей алмайды. Құмарлық тұла бойды қоздырып, ақылыңды шырмау үшін әуелі ЕРКІНДІК алаңын кесіп өтуі керек. Болмыстың механизмі солай жасалған. Яғни адам өзі оған «Иә, билеп төстей бер» деп келісім бермейінше құмарлық құтырына қозбайды. Адам өзі «мақұл, жарайды!» деп келіскен сәттен бастап, құмарлық оның тұла бойын қалшылдатып, тамырларын бүлкілдетіп, санасын тұмшалап әкете жөнеледі. Еркіндік пен Құмарлық таразы басында тең тұр. Қай жағы басады, соған сәйкес адамның тұлғалық суреті сызылады. Яғни қаһармандарды осыған қарап ұлықтаймыз. Қай тұлға құмарлығын ауыздықтап, еркіндігін елінің бағы үшін тиімді пайдаланса, соның атын тарихқа алтын әріппен жазады. Керісінше еркіндігін қолдан беріп, құмарлығын қандыру үшін қара халықтың қанын ішсе «атың өшсін, атың өшкір» деп өлгенше қарғайды.

Қомағай құмарлық пен тойымсыз нәпсі адамды түрлі шарттарға матап, аяғын тұсап тұрады. Момынның міндет осы арада айқын. Қалайда осы құрсауды бұзып өтіп, өзектегі өзін ғайыпқа самғатуы керек. Оны ғылымда «трансценденция жасау» дейді. Мағынасы болмыстың даму жолын тәңірлік әлемге қарай бағыттау. Яғни қас тақуа кірпіш тәні мен психологиялық қабатынан босап шығуы керек. Осы күресті тұрақты жүргізген тақуаға ҚАЙСАР РУХ деген термин қолданамыз. Қайсар Рух қана адамда еркіндік барын әйгілеп тұр. Ол еркін болғандықтан да инстинкт қалауына қарсы тұра алады. Отыз күн ораза болмыста бар ЕРКІНДІК нығметін практикада қолданып көруге мүмкіндік береді. Қанша жерден қиналып, неше жерден тілің аузыңа симай қаталап отырсаң да өзіңе өзің қарсы шығып «ЖОҚ» деп отыра бересің. ЖОҚ – деген сайын өзіңді онтологиялық тұрғыда мәңгілік болмыс екеніңді сезінесің. Әр күн біткен сайын жауды жеңген батыр құсап марқайып қаласың. В. Франклдың осы ойларын ораза жайлы мынадай тамаша қиссамен түйіндеуге болады:

Бір күні Мұса Тұр тауында тұрып:
– Иә, Алла, мен ғой сенімен тікелей тілдесіп тұрмын. Саған менен де жақын келетін құлдарың бар ма? – деп сұрады. Алла:
– Әй, Мұса, өзіңді маған жақын тұрмын деп ойлайсың ба? Дәл қазір екеуміздің арамызда жетпіс мың қабат перде бөліп тұр. Сен менің құдіретіммен ғана дауысымды естіп тұрсың. Маған сенен де жақын келетін құлдарым бар, – деп жауап берді. Мұса:
– Олар кімдер? – деді. Ұлық Алла:
– Ақырдың соңында Мұхамбет атты ең соңғы сүйікті пайғамбарым дүниеге келеді. Оның үмбеті ең қиын кезде хақтың жолын ұстанады. Аптап ыстықта отыз күн ораза ұстайды. Ауызашарға жиналғанда, олардың дастарқанында сан түрлі дәмді тағам самсап тұрады. Бірақ олар қаталап, қарны ашса да, күн батпай ауызын ашпайды. Менің разылығымды табу үшін, мол дастарқанға қол созбайды. Сол кезде Менің рахметім мен шарапатым оларға барынша жақындай түседі, – депті. Мұса таң қалып үйіне қайтты.

Расымен де ХХІ ғасыр мұсылманы шыжыған ыстықта ауыз бекітеді. Кешке ауызашарда дастарқанда жоқ нәрсе жоқ. Сонда да Күн ұясына батқанша өзіңді тежеп, ауыздықпен алысқан асау құсап, өз өзіңмен арпалысып отырасың. Арпалыс артқан сайын өзіңді тәңірлік бір күшке қол жеткізген әулие сияқты сезініп, шабыттанып жүресің.

Дін психологиясында «рационалды діндарлық» деген түсінік бар. Ол не? Ол дінге иманмен емес, таза логикамен жақындау. Көзі ашық кісілер практикалық тұрғыда діннің пайдасын таза ақылмен таразыға тартады. Егер зияны аз, пайдасы мол болса дінді тұтынып, кей шарттарын өмір салтына енгізеді. Енді тақырыпқа осы тараптан түсіп көрелік. Ювал Хараридің «Құдай адам» (Homo Deus) еңбегінде мынадай дерек бар. Тарихта бертінге дейін «тойып тамақ жемеу» деген адамзаттың бас ауруы болды. Алысқа бармай-ақ күні кеше дүние салған әкеміз 1955 жылдардан бастап қана тойып ас ішкенін эмоциямен әңгімелеп отыратын. Әлі де аштық болуы мүмкін деген қауіппен өле-өлгенше нанның қалдығын кептіріп, қапқа жинауды жолға қойып, қатаң бақылап жүрді. Өткен ғасырдың өзінде егінге құрт түсіп, малға жұт келіп, жауын-шашын болмай, қуаңшылық ұрса мал сауып, жер еміп отырған қара халық төрт-бес айда аштықтан тентіреп, жұртын тастап жосып кететін. Ашаршылық адамзатты еріксіз діндар қылатын. Қолайсыз ауа-райынан қорыққан халық Құдайға құрбандық шалудан жалықпайтын. Осыған орай неше түрлі діни ритуалдар шықты. Орта ғасырдағы Еуропа елдерінің жылнамасын оқысаң, олардың да соры осы болғанын білесің. Қуаңшылық жылдары елдің үштен екісі талғажау таппай жер жастанатын.

Бірақ ХХ ғасырда адамзат осы проблеманы ақыры шешті десе де болады. Технологиялық, экономикалық жаңалықтар мен саяси жүйелер аштықтың алдын алуды жолға қойды. Кей өлкеде қуаңшылық болса да одан шығынсыз шығатын түрлі жолдар табылды. Гуманитарлық көмек деген және бар. Африканың кей өлкесінде әлі да адам аштан өліп жатыр. Бірақ оның негізгі себебі саяси. Тиран басшылардың оңбаған саясатының кесірінен қара халық аштан өледі. Қазір кез келген елде жұмысын жоғалтқан адам тар тұрмысқа түсіп қалуы мүмкін. Бірақ аштан бұратылып өлмейді. Дамыған елдерде жұмыссызды ең төменгі деңгейде құлатпай ұстап тұратын түрлі әлеуметтік жобалар жұмыс істеп тұр. Тіпті дамушы елдің өзінде адамның жаппай аштан өлетін жайы жоқ. Әлбетте аз ауқаттың кесірінен денсаулықта проблема болуы мүмкін. Бірақ оның өзін өткен дәуірдегі сұрапыл жұтпен салыстыруға келмейді. Қазақша айтқанда «Аштан өлгеннің моласы жоқ». Мао Дзе Дун көкеміз кезінде Қытайда «Үлкен Секіріс» деген жобаны қолға алған. Топас жобасы аз жылда құрдымға кетіп, соның кесірінен миллиондаған қытай қынадай қырылған. Соған орай 1974 жылдары жағдай әлі бұдан да жаман болады деп ақырзаманды болжағандар болған. Бірақ тарих дөңгелегі басқаша айналды. Дэн Сяо Пин реформасынан күш алған Қытай аштықтан сытылып кетті. Қазір олар тойынып алды. Енді керісінше тоқтықпен күреседі.

Әңгіменің тоқетері мынау: Біздің ғасырда «тойып ас ішпеу» деген проблеманы «артық тамақтану» деген ауру ығыстырып шығарды. ХҮІІІ ғасырда халық жеуге нан таппай аштан қатып жатыр деген хабарды естігенде Мария Антионетте атты Францияның қатын патшасы «жеуге нан таппаса орнына пирог» жесін деген екен. Сол қатынның айтқаны айнымай дәл келді-әй. АҚШ-тың байлары қымбат рестораннан ауқаттанып отырғанда, көшеде қалған жұмыссыздар мен қайыршылары дәмді гамбургер мен пицца жеп жатады. 2014 жылғы есеп бойынша 2,1 миллиард адам ауқатты артығымен жеп ауру тапқан. Осылайша «Ауру астан, дау қарындастанға» қайта айналып келді. Тоя жеудің кесірінен адам ұрпағы тоқсан түрлі кеселге шалдыққан. Ал, тойып ас ішпейтіндердің саны 850 миллионның маңайында. 2030 жылы адам ұрпағының тең жартысы ажалын аштықтан емес, тоқтықтан табады деп болжап отыр. 2010 ашаршылық пен тойып тамақ ішпеудің кесірінен бір миллион адам талқаны таусылып, табытқа түсті. Дәл осы жылы семіздіктен үш миллион мешкей о дүниеге мезгілсіз аттанды.

Қысқасы, ескіде адамзаттың діндарлығына ашаршылық себеп болды десе, енді тоқшылық түрткі болады деуге толық негіз бар. Сондықтан оразаға иманмен келсеңіз де, ғылыммен келсеңіз де, логикамен келсеңіз де пайдасы шаш етектен екені анық. Тағдырға тыстан әсер етіп, келешекті өз бетінше айқындағысы келетін барлық детерминистік себептерге қарсы шағатын Рух қайсарлығын өз бойыңда өз еркіңмен 30 күн бойы сынап көрудің өзі неге тұрады десеңші! Әуелден адам қамын Алла ойлаған дегендей Тәңірі тағала оразаны адамзаттың амандығы үшін парыз қылғанына күмән жоқ әйтеуір. Сондықтан да жазбаны ораза жайлы қиссамен түйіндеген ең дұрысы.

Бірде ұлық Алла дәргейіне есепші періштесін шақырды. Оның құлағы мен көзі жердегі құм мен аспандағы жұлдыздан жүз есе көп еді. Ұлық Алла оған:
- Дереу мұхит пен теңіздегі судың тамшысын санап, есебін алдыма қой, - деді. Періште бөгелмеді. Сол заматта су тамшысын сатыр-сұтыр санап, қисапсыз сан-санақты Алланың алдына жайып салды.
- Жарайсың,- деді Раббысы. - Енді әуелден ақырға дейін келіп-кететін бүкіл ағаш пен өсімдік және гүлдің жапырағын сана, - деді. Періште саспады. Сарт-сұрт еткізіп дәлме-дәл санын сол заматта айтып салды. Тәңірсі оған риза болып:
- Енді Жердегі құмның қиыршығын сана. Қисабы қанша екен? -деді. Періште бұ жолы да қиналмады. Көзді ашып-жұмғанша анық санын сарт еткізді.
- Бәркелді! – деді Тәңірсі. - Енді Рамазанда ауыз бекіткен момынның бір күндік сауабын сана, - деді. Сол кезде сұмдық болды. Жаңа ғана есептен жаңылмай қисапсыз санды шыр айналдырып тұрған құдіретті періште тұтықты да қалды. Сансыз құлақтары қыбырлап, есепсіз көздері жыпылықтап, әбіржіп кетті. Мың-миллиард еріндері жыбырлап, момынның оразадағы бір күндік суабына жете алмай зорығып кетті. Ақырында қисабынан жаңылды да сәждеге өзін тастап кеп жіберді. Гүрс етіп құлады да, сәждеден тұрмаған қалпы:
- Уа, Жаратушы Раббым! Бұл іс маған қол емес. Ауыз бекіткен құлыңның бір күндік сауабына жете алмадым. Шатасып кеттім. Оның қисабын өзің білмесең, менің шектеулі қабілетім сарқылды, - деп шынын айтып жылады. Сол кезде ұлық Алла:
- Жарайды, басыңды көтер. Өзіңді артық қинама. Оның саны өзіме ғана мәлім. Сол нығметтеріммен ораза ұстаған момынды өзім жарылқаймын, - деді.

Санжар Керімбайдың фейсбуктегі парақшасынан алынды

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста