Орамалдың үкімі сақалдың үкімінен жоғары. Парыз. Егер бір әйел кісі орамал тақса, оның иманының көтерілгенін байқатады. Қазір біреуге намаз оқытудың өзі қиын. Намаз оқуы мүмкін, бірақ көбі орамал тақпайды. Ал енді намазды оқып қана қоймай, орамал тақса, оның иманы күшейе түседі.
Бірақ бұл мәселеге келгенде асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Балаң жеті жасқа келгенде оны намаз оқуға үйрете баста. Он жасқа келгенде балаң намаз оқымаса, онда ұр!» деген. Ғалымдар осыған байланысты: «Егер кімде-кім жеті жасында баласын намазға үйретпесе, он жасында ұруға хақысы жоқ. Өйткені ол бірінші нәрсені істемеді. Өзі бас болып намазды үйретпеді» дегенді айтады. Тура сол сияқты еркектер әйелдеріне дінді түсіндірмеген болса, мәжбүрлеп орамал таққыза алмайды. Өйткені дінде зорлық жоқ. Орамал тағудың артықшылықтары мен парыз екенін жаймен түсіндіру керек.
Орамал таққан әйелге қайыр бар. Әйеліне орамал таққызған еркек әйеліне шын мәнісінде жаны ашитын, әйелін қызғанатын еркек деп есептеледі. Өйткені жәннатқа әйелін қызғанбаған еркек кірмейді делінген. Орамал таққызғаның - оны қызғанғандығың! Оған немқұрайды қарамағандығың! Әйел – сенің абыройың, оның сұлулығы - сенің жеке меншігің, ол - сен көріп, ләззат алатын жарың. Сондықтан оның сұлулығына бөтен біреудің көзі түспесін!
Саъд ибн Әби Уаққас деген сахаба бірде сахабалармен бірге отырып: «Қайсыбіріңді әйелімнің қасынан көретін болсам, бастарыңды қылышпен шауып тастаймын», - депті. Мұны естіген басқа сахабалар шошып кетіп мән-жайды Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп айтып беріпті. Сонда Аллаһтың елшісі: «Сендер Саъдтың қызғаншақтығына таң қалып жатырсыңдар ма? (Әні ағйару минһу) Мен одан өткен қызғаншақпын!» - деген екен. Әйелді қызғану - иманнан. Ол жәннаттан үміт еткендігің.
Алтын деген асыл тасты табу оңай шаруа еместігін білеміз. Оны таудың астынан қазып алу керек, сол сияқты маржан тасты да теңіздің түбінен тауып аламыз. Ендеше, алтыннан да ардақты, асыл әйелдеріміз қазір көшеде ашық-шашық жүр. Әйелдің денесін, пішінін керген еркекке міндетті түрде шайтан харам ой салады. Ал харам ой зина-қорлыққа әкеп соқтырады. Елімізде зинақорлықтың өршіп кеткендігі әйелдердің жалаңаштануынан.
Еркек - еркек, әйел - әйел болып жаратылған соң еркектің әйелге деген құмарлығы, әлбетте, болады. Пайғамбарымыз кезінде бөтен әйелдермен амандаспаған екен. Қазіргі кезде амандасу айналайын болып қалды. Қазір еркек пен әйел қол алысып амандаспақ былай тұрсын, кезекпе-кезек сүйісуге көшті.
Мен сіздерге орамал тақпаудан келген қайғылы жағдайды айта кетейін. Қарағанды облысында болған бұл оқиға естіген адамды бей-жай қалдырмайды. Ай десе аузы, күн десе көзі бар бір қыз жігіттің сұлтанына тұрмысқа шығыпты. Бірінен-бірі өткен екі жас бақытты ғұмыр кешіп жатады. Олар екі балалы болады. Әйелі де жұмыс істейді екен. Күн сайын жұмысқа кетерде әйел сыланып-сипанып, иіссуын шашып кетеді. Күндердің күнінде әлгі келіншектің күйеуіне әйелінің көңілдесі бар екендігі жайлы әңгіме жетіпті. Күдік алған күйеуі әйелін бес күн бойы аңдиды. Осы аралықта әйелінің жұмыстасымен әмпей-жәмпей болып жүргенін сезіп, кешкісін үйінде күтіп отырады. Қап-қара болып, түтігіп кеткен ері темекіні үстін-үстін шегіп, байыз таппай барады. Жұмыстан келген әйелін ашумен қарсы алған күйеуі екі баласының көзінше пышақтап, денесін бөлшектеп тастайды. Есін жинап, әйелін өлтіргенін білген еркек жетінші қабаттан секіріп кетіпті. Ал ата-анасының айуани ісін көрген екі бала қазір жындыханада жатыр. Міне, зинақорлықтың кесірінен айрандай ұйып отырған жас отбасының ойраны шықты.
Шариғатта әйелдің боянып, әдеміленуіне рұқсат етілген. Бірақ көшеге шыққанда емес, тек ерінің көзіне сұлу, сымбатты көрінуі үшін ғана. Ал қазіргі біздің әйелдеріміз көшеге шығарда барын үстіне жапсырып, үйге келгенде басына орамал тағып, кір-кір көйлекті іле салады. Мұны көрген еркектің: «Біреудің әйелі қыздай, менің әйелім мұздай» деп айтпасына кім кепіл?! Осындай көріністен соң еркектер жылуды өзге жақтан іздей бастайды. Сахабалар баяғыда әйеліне хабар бермей үйге кірмейтін болған. Ол әдет көнекөз қарияларда да кейде кездесіп жатады. Үйге кірерден алдын бір-екі рет жөткірініп, аяғын тарсылдатып белгі береді екен. Бұл кезде үйдегі отырған әйел үсті-басын дұрыстап, шашын түзеп, күлімдеп шыға келуі керек. Міне, сонда еркектің тамақтан бұрын әйеліне тәбеті ашылады. Бұдан кейін отбасының берекесі, татулығы жайлы сөз қозғаудың қажеті жоқ.
Зинақорлық - ең ауыр күнәлардың бірі. Оның ластығы соншалықты - шайтан азғырып, азып-тозып кетесің. Бірде Пайғамбарымызға бір жігіт келіп: «Аллаһтың Елшісі, маған зинақорлық жасауға рұқсат етші» деген екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен осы нәрсені анаңа қалайсың ба? Сен осы нәрсені өзіңнің туған қарындас-әпкелеріңе қалайсың ба?» деп сұрақ қойған екен. «Жоқ» деген жауапты айтқан әлгі жігіт үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аллаһтан кешірім сұрап, жүрегіне иман бер деп тілеген екен. Осы ретте зинақорлыққа байланысты шыққан өлеңдерді де айтайын.
Қалған еді бір топ жігіт жиылып,
Ақырында кетті әңгіме сұйылып.
Шықты біреу, мақтан қылып күнәсін,
Әйелдермен жасап жүрген зинасын.
Деді былай:
«Әйел деген аңқау халық білсеңіз,
Сене салар бетіне сәл күлсеңіз.
Айта берсең құлағына ертегін,
Өзі-ақ саған ашып берер етегін.
Осылайша мен сияқты бұзығың,
Көріп жүр ғой талай әйел қызығын».
Осы кезде сөзді бұзды бір жігіт,
Ашуменен күнәһарға жүз бұрып.
Деді былай: «Шектен шықты сөзің тым,
Айтшы маған, әйел деген өзі кім?
Әйел деген - дәл өзіңдей адам,
Әйел деген - мәпелеген анаң!
Әйел деген - намысың мен арың,
Әйел деген - өзің сүйген жарың.
Бесігіңде жатқанды бөпелеген,
Тәй-тәй басса, қуанып, жетелеген.
Әйел деген қызың ғой еркелеген,
Әйел деген - қызың ғой, «әке» деген.
Әйел деген - қарындас, «аға» деген,
Бір өзіңді қорғаныш, пана көрген.
Әйел деген әпкең ғой алдыңдағы,
Сен қуансаң, қуанар алдыменен.
Аталғандар туысың, жақындарың,
Дәл осындай қатынаста елдің бәрі.
Жоқ олардың керексіз жаралғаны,
Ойын-күлкі, зинаға арналғаны.
Айтшы енді күнәсімен мақтанған, қайран ерім,
Сол күнәңді туыстарға қалар ма едің?
Қалар ма едің, анаңның қор болғанын,
Зинақорға қызыңның қол болғанын.
Қалайсың ба астында еркектердің,
Қарындас пен әпкеңнің езілгенін.
Жүрегінде дерті бар надандардың,
Әйеліңнен дәметіп, көз тіккенін.
Қаламасаң өзіңе бұл істерді,
Басқаға да осыны қылмыс деп біл!
Ей, бауырларым, егер көшеде орамал таққан қыз-келіншек көрсеңіздер, ол үшін дұға етіңіздер! Аллаһ оны екі дүниеде де бақытты етсін деп тілеңіздер. Қуаныңыздар! Егер қызының орамал таққаны үшін ата-анасы жанжал шығарса, түсіндіруге тырысыңыздар. Аллаһ тағала жүректеріңізге иман берсін!
Асылхан Шайкенов
(Фейсбуктегі жеке парақшасынан)
Орамал тағудың пайдасы мен артықшылығы
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора