Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Төжәлі Акрамов велосипедпен әуелі Самарқандқа, сосын Тәжікстанға жетіп аялдаған. Ол екі аяқты көлікпен Меккеге дейін жете алатынына сенеді.
Бұл туралы stan.kz порталы “Отырар” ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Қарияның көлігі үш жылдамдық шегімен жабдықталған. Сондай-ақ, су толтырылған жәшік пен бейнебақылау камерасы да орнатылыпты.
Туыстары оның велосипедпен алыс сапарға шығуына қарсы болған, бірақ қария өз дегенінен қайтпай қажылық парызын өтеуге аттанып кетіпті.
Ол қажылыққа бару үшін бір жыл дайындалыпты: медициналық тексеруден өтіп, қажетті заттарын дайындап барып жолға шыққан. Көлігін де қажетті құралдармен әбден жарақтапты. Алыс жолда сыр бермей, аман-есен жеткізеді деп сенеді.
Қазіргі кезде туыстарының айтуынша, қария Меккеге жетіп үлгерген. Ол жолда алты тәулік өткізген. Өзін жақсы сезініп тұрмын деген ақсақал күллі қазақстандықтар үшін дұға жасамақ.