Тағылымы таңдай қақтырар бұл ғажап оқиға біз өмір сүріп отырған бүгінгі заманда қасиетті Сирия жерінде болған дейді. Бұл мұсылман мемлекетінде бүгінгі көңіл құлазытар аласапыран соғыстың басталмаған шағы болса керек. Сол араб елдерінде дін білімін алып келген жігіттердің аузынан естіген осы оқиғаны оқырмандарымызға баяндап өткенді жөн санадық...
Дамаск қаласында бір тақуадар кейуана тұрады екен. Бір күні сол әйел өзінің баласына:
– Ұлым! Елімізде діни білімі мен көргені мол қандай ғалымды білесің? Егер бар болса, соның бірін маған алып келсең. Сұрайтын бір маңызды мәселем бар еді, – деп өтініш айтады. Анасының бұл сөзін естіген ұлының есіне тек Сирияға емес, күллі мұсылман әлеміне аты жайылған Рамазан әл-Бутидің есімі сап етіп келе қалады. Бұл атақты ғұламаның оңбаған содырлардың қолынан қаза таппаған кезі екен.
Содан әлгі жігіт анасының өтінішімен әл-Бутидің алдына барыпты:
– Менің қарт анам бар еді. Еліміздегі ең білімді ғалымды алып келсең деп өтініш жасады. Өзі денсаулығына байланысты сыртқа шыға алмайды. Қаламызда сізден асқан ғалымды көре алмағасын, алдыңызға келіп отырмын, – деп мән-жайды жайып салады.
Рамазан әл-Бути көп ойланбастан келісім беріп, екеуі қарт кейуананың үйіне бас сұғыпты.
– Бір сұрақ мені бірнеше күннен бері мазалап жүр. Соның жауабын өзіңізден сұрап көрейін деп арнайы шақыртып отырмын, – дейді әйел ғалымға, – Мен жастық шағымнан бастап қазіргі күнге дейін күн сайын түсімде Пайғамбарымызды (ﷺ) көріп келемін. Бір түнім де түсімде оны көрмей өткен емес. Алайда, соңғы бірнеше күн Расулалла (ﷺ) түсіме енбей қойды. Осы жайт мазамды алып жүр. Өмір бойы оны түсімде көріп келіп, енді неліктен көре алмай қалдым? Осының жауабын айта аласыз ба? – дейді.
Бұны естіген Рамазан әл-Бути көз жасына ерік беріп, жылап жіберген екен. Әйелдің әңгімесіне тебіренген ол:
– Біз өзімізді дін саласында, Алланың жолында, Алланың асыл дінін уағыздап жүрміз дейміз. Бірақ, сіз секілді Алланың елшісін (ﷺ) әр түн сайын түсімізде көре алмадық. Сіз бақытты жан екенсіз. Біз сіздей бола алмаған екенбіз, – дейді ол, – Алайда, бұл сауалыңыз тым ауыр, мен сіздің бұл сұрағыңызға жауап бере алмайды екем, – деп ағынан жарылады.
...Ертесіне өзі ұстаздық ететін медреседе Рамазан әл-Бути сабақ үстінде шәкірттеріне осы әйел туралы айтып береді. «Өмір бойы күн сайын түсінде Пайғамбарымызды (ﷺ) көріпті» деген жайт шәкірттердің де қатты қызығушылығын оятады. Сабақ соңында екі шәкірт орындарынан тұрып:
– Ұстаз, рұқсат болса, сол әйел кісінің мекен-жайын бізге берсеңіз. Біз оған барып жолығып, күн сайын түсінде Пайғамбарды (ﷺ) қалай көрді, ондай бақытқа жету үшін не істеді, соның мәнісін сұрап білейік деп едік, – дейді. Әл-Бути шәкірттеріне әйелдің мекен-жайын береді.
Содан медресенің қос шәкірті тақуадар әйелдің үйіне бас сұғады. Ол туралы ұстаздарынан естігенін, бұған қатты таңырқағандарын және мүмкін болса, соның себебін білмекке келіп тұрғандарын жасырмай айтады.
– Балақайлар, мұны білмек болсаңдар, ертең таңертең осында болыңдар. Тек келерде тамақ ішпей, ашқарын келіңдер, – дейді әйел де қарсылығы жоқ екенін аңғартып.
Шәкірттердің де күткені сол емес пе, ертесіне таң азаннан ашқарын күйі әйелдің шаңырағына ат басын тірейді. Кейуана болса, екі шәкіртті үйдің бір бөлмесіне отырғызып қойып:
– Осында болыңдар, мен өзім айтпағанша осы бөлмеден ешқайда шықпаңдар, – деп бұйырады.
Шайтанның пайғамбар бейнесінде адамның түсіне кіре алмайтынын, яғни түсіңде Расулалланы (ﷺ) көрсең, оның өзін шынымен көргендігің болатынын жақсы білетін екі шәкірт осы бақытқа жетуге ынтығып, әйелдің бұйрығын екі етпей орындайды. Үй иесі қашан есігімізді ашып, бізге уағыз-насихатын айтар деп күтіп отыра береді. Бірақ, келетін әйел жоқ. Уақыт сырғып өте берді. Бір уақытта түс мезгілі жетіп, кейуана екеуіне түскі тамақ алып ішке кіреді. Алайда, оларға еш нәрсе айтпастан, тамақтарын алдарына қойып, қайта шығып кетеді.
Таңертең ашқарын шыққан бұлар тамақты соғып алады. Сөйтсе, тамақтың тұзы көп болып кеткен екен. Ап-ащы. Бірақ, қарын аш, ащысына қарап отыратын шама жоқ. Бір қызығы, үй иесі тек тамақ әкеліп, ал ішетін сусын бермепті.
Бірте-бірте уақыт жылжып, түс қайтып, кеш те таяйды. Ащы тамақ жеген екеуінің шөлден ауыздары құрғайды. Шығып ішетін су сұрайын десе, «Мен айтпай бөлмеден шықпаңдар» деген ана кісінің бұйрығы бар. Одан қалай аттап өтпек?! Содан қанша шөлдесе де, шыдамдылық танытып, отыра беріпті.
Бір кезде кеш қарайып, түн де түсті. Екеуі әйелді күте-күте шаршап, көздері ілініп, сол бөлмеде ұйқыға бас қояды. Содан ертесі күні таңертең екеуі ұйқыдан оянған кезде ғана әйел адам бөлмеге бас сұғады.
– Қалай ұйықтадыңдар? – дейді екі шәкіртке.
– Жақсы, апай!
– Түстеріңде не көрдіңдер? – деп сұрайды.
– Ой, апай, кеше тамағыңыз ащылау болып кетіпті. Екеуміз де шөлден қаталап, әзер шыдадық. Содан түсімізде су көріппіз. Суды сіміріп ішіп жатырмыз, ішіп жатырмыз, бірақ қанша ішсек те, қанар емеспіз. Қысқасы, біз бұл түні түсімізде тек су көрдік, – дейді екі шәкірт.
– Міне, көрдіңдер ме, қарақтарым! – депті сонда тақуадар әйел, – Менің сендерге айтпағым да осы еді ғой. Сендер кеше күні бойы қатты шөлдеп, тек суды ғана ойлап едіңдер, түстеріңде су көрдіңдер. Суды қанша ішсеңдер де, қанбадыңдар.
Ал мен Алланың сүйікті құлы, адамдардың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедті (ﷺ) қанша ойласам да, қанша сағынсам да, оған деген махаббатқа қанар емеспін. Ешбір күнім оны ойламай өткен емес. Оның өмірі, нұрлы жүзі, ойлы сөздері, мүбәрак хадистері әрдайым көз алдымда, жүрегімде, ойымда болды. Ешқашан оны есімнен шығарған емеспін. Сүйіспеншілігім оны білген сайын, таныған сайын арта берді. Сондықтан, мен күн сайын түсімде Алланың елшісін (ﷺ) көрдім. Сендерді таңғалдырған бар құпиям осы ғана... – дегенде екі шәкірт көңілдері толқып, бар гәп Алланың елшісін (ﷺ) жақсы көруде екендігін ұғынып, әйелдің әсерлі сөздерін тыңдап қалған еді...
Кейін осы ғажап ақиқатты бүкіл ел білді, одан шекара асып әлем мұсылмандарының құлағына жетті. Талай ұйқыдағы жүректерді су сепкендей оятып, имандылардың Алла елшісін (ﷺ) одан да қатты жақсы көруіне септігін тигізуде. Шынымен, естіген жанды таңғалдыратын қарапайым ғана шындық. Сіз де бұл әсерлі оқиғаны тыңдар құлақ бар жерде бөлісе жүріңіз...