«Наурыз келгенде жер бетін нұр шалады» деген ұғым исламнан әлдеқайда бұрын пайда болған...

«Наурыз келгенде жер бетін нұр шалады» деген ұғым исламнан әлдеқайда бұрын пайда болған...
Шәкір ЫБЫРАЕВ, Халықаралық түркі академиясының президенті, филология ғылымының докторы, профессор: – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің тарихы тереңде жатқанын ғалымдарымыз айтып жүр. Халқымыздың байырғы салт-санасы мен өмір үрдісінің, дүниетанымының көрінісі – ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, түркітанушы ретінде Наурыз мейрамына қатысты өзіңіздің ойыңыз қандай? – Наурыз мерекесі – табиғаттың өзінен алынған ең ежелгі мерекелердің бірі. Мұны бір ғалым ғана ойлап тапты деп айтуға болмайды. Яғни бұл дүниежүзі халықтарында кездесетін, табиғат құбылыстарымен тікелей астасып жатқан және адамдардың өзі соны түсінетіндей, тәлім алатындай деңгейде, дәрежеде болған мейрам деп есептеймін. Бұл мереке әлем халықтарында әртүрлі атаулармен кездеседі. Бірақ бәріміз парсының «жаңа күн» деген мағынаны білдіретін, халықаралық Наурыз атауына үйреніп кеттік. Атауына қарап көп адамдар мұны ирандықтардың мерекесі деп есептейді. Бірақ ол тек қана ирандықтарға емес, дүниежүзінің көптеген халықтарына тән. Мысалы, Иранмен ешқандай да алыс-беріс, мәдени байланысы болмаған алтайлықтарда да, чуваштарда да, славян халықтарында да мұндай мереке бар. Сондай-ақ күн мен түннің теңелетіндігі, көктемнің осындай күнінде, тиісті уақтысында ары қарай жаңа бір шекараның басталатындығы – табиғи нәрсе. Сондықтан бұл мереке, мысалы, алтайлықтарда «жылқаяқ» деп аталады және жылға аяқ басу мағынасын береді. Яғни «жылдың басы» деген сөз. Ал Алтай, Сібір халықтарында наурыз сөзі жоқ. Демек, бұл жер де наурыз сөзіне қарап, тек қана Ираннан келген мереке деп айта алмаймыз. –Жалпы, біздің халқымыз үшін Наурыз – қандай мереке? – Қазақтың өзінің дәстүрлі ұғымында жылды алты ай қыс, алты ай жаз деп бөледі де, осы қыс пен жаздың арасындағы шекараны 21-22 наурызға сәйкестендіреді. Бұл мезгілдің өзінің айрықша бір белгісі – бүкіл жан-жануардың, табиғаттың оянатындығы, жаңаша мезгілдің басталатындығы және оның белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты еместігі. Бізде, жалпы, осы Наурыз мерекесін тойлайтын елдердің көпшілігінде, оның ішінде парсы мәдениетіне, мұсылман мәдениетіне қатысы жоқ халықтардың барлығы да «Бұл жылдың басы болғандықтан, осы күні қандай әрекет жасаймыз, сол жыл бойы қайталанады» деп есептеген. Сондықтан осыған дейін қандай да бір реніш немесе әлдебір келеңсіз жағдай болған болса, соның бәрін ескі жылда қалдыру мақсатымен бір-бірімен көрісетін болған. Ескі ауру-сырқаудан, жамандықтардан құтылу үшін жақсылап тазаруға тырысқан. Бұл ретте оның отпен тазару, сумен тазару, ағарғанмен тазару сияқты түрлері де көп. Осындай сан алуан әдет-ғұрыптар әр халықта кездеседі. Мәселен, бирмалықтарда сумен тазару деген бар. Ал көшпелі халықтар Наурызды ағарғанмен – сүтпен, айранмен қарсы алуды жөн көреді. Тіпті айран, сүтті ағып жатқан бұлаққа да қосып жібереді. Бұл «Осы жылы ағарған бұлақтай болып ақсын», «Ақ мол болсын» деген тілектен туындайды. Бұл көшпелі халықтардың негізгі қорегі ағарған екендігімен де байланысты. Наурыздағы жөн-жоралардың барлығы да – ритуалдық мәні бар, келешекке қатысты ізгі тілек тілеу үшін жасалатын іс-әрекеттер. Осы орайда, жеті түрлі дәмнен тұратын наурызкөже де «молшылық, тоқшылық болсын» деген тілекпен арнайы жасалынады. – Демек, Наурыздың ежелден-ақ ешбір дінге қатыссыз, сонымен бірге өзіндік символға, рәсімге құрылған мереке екендігі даусыз ғой? – Қай жағынан алып қарағанда да, Наурыздың ең көне, сондай-ақ тікелей дінге байланыссыз мейрам екендігі көрініп тұр. Бәлкім, о бастағы, тым ертедегі кезеңдерінде табиғаттың құбылыстарына, ерекшеліктеріне табыну сипаты болған да шығар. Бірақ бертін келе ол қасиеттерінің барлығы ұмытылып, табиғаттың өзімен астасып кеткен. Кез келген халық қыстан, суықтан жадап-жүдеген кезде жаңа бір кезеңге ауысатын күнді асыға күтеді. Қыс бойы ауыл-ауылда, қыстау-қыстауда оқшау жатқан халық осы күні бір-бірін іздейді, бір-бірімен көріседі. – Халқымыздың наным-сенімі бойынша, 21 наурыз күні даланы Қыдыр аралайды дейді. Осы орайда, Қыдыр, Қызыр, Қадір түні деген ұғымдарды шатастыратынымыз рас... – Исламдық түсінік бойынша, түндердің ең сауаптысы болып саналатындықтан да, Қадір түнін ел-жұрт ерекше ұлықтайды. Оны түнімен күтеді. Өйткені «ұйықтамай отырған адамға бақ қонады, Қыдыр дариды» деген ұғым бар. Бірақ Наурызға қатысты айтсақ, жаңа күнді, жаңа жылды ерекше үмітпен, ізгі тілекпен күту, «Наурыз келгенде жер бетін нұр шалады» деп түсіну ұғымы исламнан әлдеқайда бұрын пайда болған. Бірақ осы ұғымдардың арасында ұқсастық болғандықтан, кейіннен бір-бірімен араласып кетіп, екеуінің аражігі ажыратылмай қалған. Іс жүзінде Наурызды қарсы алу ежелгі тайпаларда да болған. Олар таң сәріде биік төбенің басына шығып, күннің шығуын қарсы алған. Сосын оған иіліп сәлем берген. Бұл, әрине, ежелгі замандағы Еуразияны мекендеген тайпалардың күнге, айға, табиғат құбылыстарына табынудан, соларды тәңір тұтудан, құдай деп есеп теуден қалған ұғымдар екендігі анық. Бұлардың бәрі бертін келе ислам дініне қайшы келді. Алайда кейбір рәсімдер исламдық таным-түсінікпен астасып кетті. Мысалы, Рамазан айындағы Қадір түнін күту мен жылдың жаңа күнін, жаңа мезгілді күту сәйкес келетіндіктен, бұл ұғымдар өзара туысып кеткен. – Қазақ Наурызды «Әз-Наурыз» деп те атайды. Бұл игі, ізгі деген мағынада ма, әлде мұның басқа да сыры бар ма? – Мысалы, Түркияда сұлтан Наурыз деп айтады. Яғни қасиетті ай, жаңа мезгілдің басы болғандықтан, оған ұлықтау мағынасындағы әртүрлі сөздердің қосылып айтылуы заңды. Әз-Наурыз дегенде «Әзиз, таза, ең жақсы, құрметті ай келді, күн келді» деген мағынада айтылады. Яғни бұл Наурызды айрықша құрмет тұтудан, басқа айлардың барлығынан жоғары санаудан туған. – Өзіңіз айтып өткендей, әртүрлі халықтардың Наурыз күні жасайтын ырымдары, салттары бар. Мысалы, ежелгі замандардағы грек патшасы сол күні алтын тағынан түсіп, өзіне ерекше ұнайтын қызметшісіне бір күнге орнын беретін болған екен... – Шынымен де, бұл – жаны бар әңгіме. Яғни мезгіл ауысатын тұстарда осындай тосын әрекеттерге бару әдеті көптеген елдер де болған. Бұл күні тіпті ерлер мен әйелдер күрескен, сол сияқты ерекше той тойланған, бір-бірінің үстіне жаппай су құю, оттың үстінен секіру әрекеттері орын алған. Мұның барлығы да – осы жаңа жылды, жаңа күнді бастауға, соны ұлықтауға байланысты іс-әрекеттер. Тіпті Америкадағы үнді тайпаларының да жыл мезгілінің ауысуын өзгеше қабылдап, соған байланысты құрбандық шалған жағдайлары болған. Өзінің наным-сеніміне, түсінігіне байланысты әр халық арнаулы рәсімдердің түр-түрін атқарған. – Мысалы, бізде өзенге сүт қосып ағызудан басқа қандай ерекше бір іс-әрекеттер, рәсімдер бар? – Бұл күні елдің барлығы үйін, аула маңайын мұқият тазалап, қағып-сілкіп, тазартатын болған. Бұл, әрине, жаңаруға тырысудың белгісі. Сондай-ақ айран, сүттен тағамды мол қылып даярлап, ақтан жасалған тағамдарды көбірек жеуге әрекет еткен. Бұл – Наурыздың екінші бір үлкен көрінісі. Содан кейін міндетті түрде үлкен-кіші, кәрі-жас бір-бірімен көрісіп, құшақтасып амандасатындығы «жыл бойы дос болайық, осыған дейін арамызда реніш болған болса, оның бәрін ұмытайық. Тату-тәтті, жақындықта жүрейік» деген ұғымдарға байланысты маңызды іс-әрекет. Ескі деректер бойынша, бұл күні көк өгізді құрбандыққа шалған. Яғни құрбандық шалу да – ежелгі шамандық дәуірлерден қалған белгі, «жануардың жаны бізді басқа дүниеге алып барсын, жаңа белеске шығарсын» деген түсінік. Сонымен қатар барлық үлкен-кіші бұл күні бүкіл жақсы киімін, онда да қызыл, сары, жасыл, ақ түсті киімдерді киюді жөн көрген. Себебі келе жатқан жыл бақыт, жақсылық, жылылық алып келсе деп армандаған. Жалпы, қараңғылықты жарыққа, суықты жылылыққа жеңдірудің өзі – ата-бабаларымыздың таным-түсінігінің табиғи болмысының айқын көрінісі. Негізі, адам өмірінің өзі қараңғы-жарық, төмен-биік, ыстық-суық, ақ-қара, жақсылық-жамандық деген сияқты егіз ұғымдардан тұрады. Ал Наурыз – осы ұғымдар арасындағы шекаралық меже. Наурыздан кейін бүкіл жақсылықтар келеді, егіннің егілуі, жұрттың жақсылыққа кенелуі, тамағының тоюы, малдың төлдеуі, ырыстың көбеюі, дүниедегі жан-жануарлардың ұрпағының көбеюі, өсуі – барлығы осы мезгілден басталады. – Ал құрбандыққа неге көк өгіз шалынған? – Сақтардың ұғымынша, көк түс – аспанның, жарықтың символы. Көк өгіздің шалыну себебі сол деп ойлаймын. Болмаса маңдайында ақ таңбасы бар, айрықша малды құрбандыққа шалған. Бұл да – ұлық мерекеге айрықша құрмет көрсетудің көрінісі. – Ерлер мен әйелдердің күресуі біздің дәстүрімізде болған ба? – Бұл жақын арадағы деректерде емес, ең көне, ежелгі деректерде және Наурыз мерекесін тойлайтын халықтардың бірталайында бар. Бұл ретте олар саналы түрде әйел адамдарға жеңдіретін болған. Өйткені қашаннан-ақ әйел – өсіп-өнудің, ұрпақты дүниеге алып келудің белгісі. Жалпы, көшпелілер ұғымында жер – ана бейнесінде де, аспан – тәңірі, ер адам бейнесінде. Сондықтан анаға жеңдіру арқылы өсіп-өну ниеті көзделген. – Әдетте, Наурызды «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп те айтады. Ал Самарқанның көк тасы дегеніміз – Бибі ханым мешітіндегі Құранның астында тұрған, Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбектің Тянь-Шань тауынан әкеліп қойған тасы екен... Ендеше, неге Наурызды Самарқанның көк тасымен байланыстырады? – Негізінде, Наурыз мерекесі Самарқанның көк тасының Бибі ханым мешітіне қойылғанынан әлдеқайда көп бұрын пайда болған. Бірақ бертін келе мәдени маңызы бар тас ретінде қарағандықтан да, оны жұрт аңызға айналдырған. «Самарқанның көк тасының Наурызда бір сәтке ғана жылитын, жібитін кезі бар екен. Яғни сол күні тас қас-қағым сәтке ғана балқиды, ал оны көрген адам бақытты болады» деген аңыз бар. Әрине, тас балқымайды, бірақ халық соған сенген. Бұл «Жыл мезгілі ауысқан кезде тас та өзінің қасиетін өзгертеді. Бір сәтке жылиды, жібиді. Өйткені уақыт өзгерді» деген мағынада айтылған сөз болса керек. – Алайда Наурыздың жыл басы ретінде танылуы астрономиялық заңдылықтарға да сай келетін көрінеді... – Мәселе – сонда. Ежелгі ата-бабаларымыздың жаратылыс дүниесімен біте-қайнасып кеткендігі соншалық – табиғаттың тірі барометрі іспетті болған ғой. Бұл ерекше сезімталдықтың бір сыры олардың барлық көрген-баққаны, білгені, қорегі – бәрі-бәрі табиғатпен байланысты екендігінде жатыр. Ең бір ғажабы, 21-22 наурыз аралығының шекаралық мезгіл екендігі ғылымда да дәлелденген. – Ал осындай ұлық мерекенің қазіргі тойланып жүргеніне көңіліңіз тола ма, сіздіңше, қалай мерекеленгені жөн еді? – Меніңше, Наурыздың жалпыхалықтық сипатын арттыру керек. Оның мәні бір жерге жиналып алып көже ішуден, тамақ жеуден тереңде жатыр. Наурыз мерекесі арқылы халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, адамдардың бір-біріне достық қарым-қатынасын дәріптеуіміз керек. Яғни Наурыздың жақсылықты, молшылықты насихаттайтын ескі астарын түсінуге тиіспіз. Сондай-ақ Наурызда жасалатын жөн-жоралар мен рәсімдердің театрландырылған қойылымдардан ғана көрініс тауып қоймай, адамдардың арасында да көбірек орнығуына күш салу қажет. Осы орайда, көрісу рәсімдері мен жақсы тілек тілеу, өзара жәрдемдесу сияқты әрекеттерді мекеме, ұжым болып көбірек қолға алған абзал. Екінші жағынан, қазақтың түрлі ұлттық ойындарын, ұлттық тағамдарын да өз орнымен насихаттап, ұрпақ зердесіне сіңіруге тырысу керек. – Өзіңіздің басқа халықтардың Наурызды мерекелеу сәтіне куә болған кезіңіз болды ма? –Мен Түркияның Наурызды мерекелеуге байланысты өткізілген жиындарына екі-үш рет қатыстым. Бірнеше рет Наурыз мерекесінде болдым. Бұл мереке барлық жерде бар. Олар да мұны жалпы түркі халықтарының ортақ, төл мерекесі деп есептейді. Наурыз күні топ-топ болып, ауыл-ауылға қыдыру, дәм тату, өнерін ортаға салу, ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл күй, жайдары қалып таныту көп жерлерде бар. «Ұлыстың Ұлы күні» демекші, Наурыз, шындығында да, күндердің ішіндегі ең ұлы күн. Біздің Қазақстан халқы да бұл күнді мазмұны өте терең, символдық мәні жоғары мереке деп қабылдайды. Яғни бұл – барлық халықтың бірлесіп тойлауына ең ыңғайлы табиғи мереке. Бұл ешкімнің салт-дәстүріне, дініне, көзқарасына қайшы келмейді. Керісінше, діні де, ділі де әр алуан ұлттар мен ұлыстарды бір-бірімен мейлінше жақындатады. АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ... ...Наурыз мерекесі арқылы халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, адамдардың бір-біріне достық қарым-қатынасын дәріптеуіміз керек. Яғни Наурыздың жақсылықты, молшылықты насихаттайтын ескі астарын түсінуге тиіспіз. Сондай-ақ Наурызда жасалатын жөн-жоралар мен рәсімдердің театрландырылған қойылымдардан ғана көрініс тауып қоймай, адамдардың арасында да көбірек орнығуына күш салу қажет. Осы орайда көрісу рәсімдері мен жақсы тілек тілеу, өзара жәрдемдесу сияқты әрекеттерді мекеме, ұжым болып көбірек қолға алған абзал. Екінші жағынан, қазақтың түрлі ұлттық ойындарын, ұлттық тағамдарын да өз орнымен насихаттап, ұрпақ зердесіне сіңіруге тырысу керек. БІР ҮЗІК СЫР ...Наурыздың ең көне, сондай-ақ тікелей дінге байланыссыз мейрам екендігі анық. Бәлкім, о бастағы, тым ертедегі кезеңдерінде табиғаттың құбылыстарына, ерекшеліктеріне табыну сипаты болған да шығар. Бірақ бертін келе ол қасиеттерінің барлығы ұмытылып, табиғаттың өзімен астасып кеткен. ...Негізі, адам өмірінің өзі қараңғы-жарық, төмен-биік, ыстық-суық, ақ-қара, жақсылық-жамандық деген сияқты егіз ұғымдардан тұрады. Ал Наурыз – осы ұғымдар арасындағы шекаралық меже. Наурыздан кейін бүкіл жақсылықтар келеді, егіннің егілуі, жұрттың жақсылыққа кенелуі, тамағының тоюы, малдың төлдеуі, ырыстың көбеюі, дүниедегі жан-жануарлардың ұрпағының көбеюі, өсуі – барлығы осы мезгілден басталады. «Алаш айнасы»
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста