Кез келген ғибадатты бастамас бұрын рухани дайындалу қажет екені даусыз. Қандай да бір амалдың нәтижелі әрі пайдалы болуы, алдын ала жасалатын дайындығына байланысты. Дайындыққа ыждағаттылықпен мән берілсе, оның нәтижесі де жемісті болмақ. Мысалы, Рамазан айы келгенде астан тыйылып, ораза тұтуымыз мүмкін. Бірақ, ораза айы келмей тұрып жасаған дайындығымыз жақсы болмаса, ол айдың қалай өткенін де байқамай қаламыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) рамазан айы тумай тұрып-ақ, Шағбан айын түгелдей оразамен өткізетін. Сонымен қатар басқа айларда аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ауыз бекітетін. Біз де Пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді оразаға жақындасақ, шынайы ғибадаттың қадір-қасиетін сезіне түсеміз. Дәл осы секілді барша құлшылықты бір бо-йына тоғыстырған парыз намазға да дайындық қажет. Парыз намазының алдындағы дәрет, азан, нәпіл намаз сынды ғибадаттың барлығы дайындықты құрайды. Осы дайындықтарға мән беріп ұқыптылықпен қараған сайын парызды да жақсы өтейтін боламыз.
Намаз пендені Алланың құзырына шығарады. Олай болса, мұндай ізгі мақсатқа жетелейтін арадағы себептер де өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде кім Алла мен пайғамбары үшін һижрет жасаса, оның һижреті Алламен пайғамбары үшін болады» деген. Яғни, мақсатымыз жаратушымыз Алланың разылығы болса, осы жолда жасалған амалдарымыздың баршасы үшін сауап жазылады. Сондықтан да, мұндай мәнді мақсатқа (намазға) жету жолында жасалған әрбір қадам, әрбір іс сауапты болмақ. Өйткені, оның ниеті – намазды шынайы ықыласпен оқу, Аллаға шынайы құл болу. Тіпті, ынта-ықыласы ізгі ниетте болып, ойға алған сол істі орындау жолында қайтыс болған жағдайда, оның амал дәптеріне сол ниетіндегі амалды істегендей сауап жазылатыны хадистерден белгілі. Ал, құлшылыққа ниет етпей тазалану (түзге бару, жуыну секілді істер) тек қажеттілікті өтеу ғана болғандықтан, оған сауап жазылмайды. Егер мұсылман бұларды үлкен сауапты іс үшін, яғни намазға ниеттеніп істесе, оның сауабы да мол болмақ. Оның истинжасы, истибрасы, жеңдерін түріп дәрет алуы, намаз уақытын күтуі, мешітке басқан әрбір қадамы – барлығы да сауапты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Қараңғы түнде мешітке барушыларды ақыреттің нұрлы шырағымен сүйіншіле» деп, мешітке қараңғыда, қиналып барудың өзі ақыреттің қараңғылығынан құтқарар нұр болатынын айтқан.
Олай болса, түзге отырып, дәрет алу секілді амалдардың өзі мұсылманды іштей намазға дайындайды. Дәретті «бисмилламен» бастап, әрбір ағзаны жуғанда дұға оқу намаз уақытының жақындағанын ескертеді. Азан намаз уақытының кіргенін білдіріп, ақыретте жаннатқа кіруімізге кепіл болатын көптен күткен сауабы мол намазға, Алланың үйіне шақырады. Азан – дәреттен кейінгі намаздың жақындағанын білдіретін екінші ескерту. Мешітке бара жатқанда басқан әрбір қадамымыз, Алла алдындағы дәрежемізді жоғарылатады. Осындай ізгі қадаммен Алланың үйі мешітке жетеміз. Мешітке кіре сала, мешіт ақысына сәлем ретінде екі рәкат намаз оқимыз. Осылайша нәпіл, сүннет намаздарды оқу арқылы, рухани азығымызды тағы да арттырып, Аллаға жақындай түсеміз. Бұл – парыз намазымыздың уақытының таяғанын білдіретін үшінші ескерту. Намазымызбен Аллаға бет бұрып: «Уа, Алла Тағалам, әрдайым жүзімді саған бұрып, іздегенімді сенен табайын. Сені көріп, сені естиін, тек сені ғана сезейін. Өйткені, сенен басқаларға көңіл бөлу, басқа нәрселермен шұғылдану – бекершілік» – деп жалбарынып, шынайы ықыласымызбен Алладан қалаған тілегімізді сұрап, өзіміздің әлсіз, қауқарсыз екенімізді мойындаймыз.
Нәпіл намазына ықыласпен ден қою, парыз намазының ықыласпен орындалуына септігін ти-гізеді. Нәпіл намазды көбейткен сайын Аллаһқа жақындығымыз, парыз намазға деген құлшынысымыз еселене түседі.
Намаз оқу уақыты тақағанын есімізге алып, дәрет алдық. Сүннет намазын оқыдық. Дәл осы сәтте әсем әуезі бойды шымырлататын азаншының «қамат» айтқан дауысы естіледі. Мұның бәрі бізді қобалжытатын ең соңғы сәт, ең соңғы ескерту. Егер бұл соңғы сәтте жүрегіміз лүпілдей алмаса, рухани құлшынысымыз оянбаса, бізде бір кемшілік бар деген сөз.
Әуезді «қамат» мұсылманға Алладан өзгені есінен шығартып, ең соңғы ескертуді жасайды. Жүректен буырқана шыққан «Аллаһу әкбар» мүмінді тебірентіп, осы оймен, осы сезіммен, рүкүғқа апарып, сәждеге бас қойғызады.
Мүмін намаз барысында «Аллаһу әкбар», яғни, «Иә, Алла, Сен ұлысың, мен әлсізбін» – деп, кішіпейілділік танытып, өзінің құл екенін жан-тәнімен сезіне алады.
Пенде намазы арқылы Алламен сұхбат аясына шығады. Бұл сезімнің асқақтығы соншалық – хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) миғраж түні Алланың құзырына барып, Аллаға сәлем бергені секілді, ол да «әт-тахиятта» тікелей Аллаға сәлем береді. Ұлы Жаратушыдан рақым тілейді.