НАМАЗДЫ ЖАЛАҢБАС ОҚУҒА БОЛА МА?
Намаз оқыған кезде адам өзін Жаратушысының құзырында тұрғандай сезіну керек. Әлбетте бұл сәтте оның таза әрі әдемі киімдерді киіп тұрғаны дұрыс. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Қай кезде де намаз оқитын болсаңдар, зейнеттеріңді (таза һәм әдемі киімдеріңді) киіңдер», – деп бұйырады («Ағраф» сүресі, 31-аят), - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Мuftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Тәпсірші ғалымдар осы аяттағы «зейнет» сөзін адамды байыпты әрі салмақты көрсететін киімдер екенін түсіндіреді.
Көптеген үлкен ғалымдар бұдан бірнеше ғасыр бұрын өз кітаптарында намазды бас киіммен оқу туралы мәселеге тоқталып, оның үкімін ашық баяндап өткен.
Атап айтқанда, ғұлама Хаскафи (Алла оны рахмет етсін) өзінің «Дуррул мұхтар» кітабында намаздағы мәкруһ істерді санап, былай деген:
«Намазхан адамның (бас киім киюге) ерініп, жалаңбас хәлде намаз оқуы – мәкруһ. Егер өзін бишара тұтып осылай істесе, оқасы жоқ. Егер бас киімі (намаз оқып жатқан кезде) түсіп кетсе, оны алып киюі – абзал. Бірақ оны қайта орауды немесе көп әрекет етуді қажет етсе, олай істемейді» (Хашияту Ибн Абидин, 1/691).
Негізінде, Алла елшісі (оған Алла ның салауаты мен сәлемі болсын), саңлақ сахабалар, ізгі ғалымдар мен өткен ата-бабаларымыз намазды бас киіммен оқуға әдеттенген.