Намаз уақыты кіргенде азанның аудио нұсқасын қойса, азан айтылған болып есептеле ме?
Уақыт кірісімен азанды соткамен яғни, микрофонға жақындатып «записьті» қосып қоюға бола ма? Әлде міндетті түрде адам айтуы керек пе? Мұхаммед.
Ханафи фиқһ кітаптарындағы «тиләуәт сәждесіне»* қатысты бөлімде: тиляуәт сәждесін жасау уәжіп болуы үшін ақыл-есі дұрыс тірі адам тарапынан оқылуы тиіс екендігі айтылады. Сол себепті, жынды адамның немесе тотықұстың оқыған сәжде аятын естіген жағдайда тиләуәт сәждесін жасау шарт емес делінген[1].
Осыған салыстыра келе, азанды азан деп есептеуіміз үшін ақыл-есі сау, тірі адам тарапынан айтылуы ләзім. Азанның аудио нұсқасын қою - азан айтқанға жатпайды.
Сөзім дәлелді болу үшін «Дүниежүзілік Ислам одағының жанындағы Фиқһ академиясы» бекіткен пәтуаны да бере кетейін. Онда былай делінген:
«Мешіттерде намаз уақыты кіргенде азанды үнтаспа (кассета) және соған ұқсас құралдар арқылы жариялау - азан айтылған болып есептелмейді...»[2].
[1] Шүрунбүләли: Имдат – 502 бет; Хашияту Ибн Ғабидин – 4/558 бет; Хашияту Ибн Ғабидин – 4/573 бет.
[2] «Дүниежүзілік Ислам одағының жанындағы фиқһ академиясы». Хижри 1406 жыл. Кезекті тоғызыншы отырыс.
(*Тиләуәт сәждесі деп, Құран Кәрімдегі он төрт жерде кездесетін сәжде жасауға бұйырған аяттардың бірін оқыған кезде немесе естіген кезде жасалуы керек сәждені айтамыз (тиләуәт - оқу дегенді білдіреді). Ханафи мазһабында осы аяттарды оқыған не естіген адамға сәжде жасау – уәжіп).
Абдусамат Қасым