Мұсылманға туған күн тойлауға бола ма?

«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай» деп жырлаған Мұқағали ақын туған күнінде достарына дастархан жая алмай, өкініш  танытқаны  белгілі. Ия, туған күн  - адам өміріндегі ең елеулі күндердің бірі. Туған күнді тойлау дәстүрі халық арасында ежелден қалыптасқан. Көне замандардан бері адамзат баласы жыл сайын адамның өмір есігін ашқан сағатында оны айналшықтап жүретін теріс күштер болады, олар адамға жан-жақтан қарғыс айтады деп сенген. Және сол қарғысты қайтаратын тірі адамдардың ақ тілегі деп тапқан да, осы күні дастархан жайып, өзінің ет жақындарын жинап, ыстық ықыласты баталарды тыңдайтын болыпты. Ал туған күннің ең басты дәстүрі – туған күн иесіне сыйлық беру.
Қазір біздің елде  бұл күнді тойламайтын, атап өтпейтін пенде кемде-кем шығар.  Қолы қысқа адамның өзі тым құрығанда кішігірім дастарқан жайып жіберіп, ағайын-туысты, дос-жаранды шақырсам деп ниеттенеді. Шамасы келгендер туған күнін той ретінде өткізеді.  Бұған қазақтың  «елу жылдық», «алпыс жылдық», «жетпіс жылдық» секілді тойлары куә. Туған күнге байланысты қазақтың өз ырым-тыйымдары да қалыптасқан. Мәселен, қырық жасты қайтыс болған кісінің қырқымен байланыстырып, атап өтуге тыйым салып жатады. Қырыққа толған туған күнін атап өткен жағдайда бәле-жалаға ұрыну қаупі бар деп сенген. Сондай-ақ, бұрын үлкендер туған күнінде батып бара жатқан күнге қарап тұрып, «тағы да бір жылым  өтті, ақырға бір жылға жақындадым» деп мұң еткен.
Алайда, бүгінгінің адамдары туған күнінде мұңнан гөрі қуанышқа көбірек орын береді.  «Туған күн кешіне шақырту», «Туған күнің құтты болсын», «Туған күнімді тойлағалы жатырмын» деген сөздерді  де жиі естіп, таныс-тамырдың туған күн кештеріне ортақтасып жүрміз. Бірақ, соңғы кездері  «туған күн тойлау – харам, шариғатқа қайшы» деген сөздерді құлағымыз жиі шалатын болып жүр. Ия, ия...  қазір дінге берілген, намазға жығылып жүрген, аузынан Алласы түспейтін кейбір кереағар діни ағымдағылар  осындай «үкімді» шығарған.  Шыр етіп дүние есігін ашқан күніңде жақындарыңның арасында қуанышқа бөленіп,  жаудырған тілектерге малынып, сыйлық алғанды үлкен әбестік санап, шариғаттың шеңберіне сыйдырмай жүргендердің өздері де туған күндерін атап өтуден ат тондарын ала қашады. Тіпті, мұндай адамдар еліміздің ресми мерекесі жаңа жылды да тойлауға қарсы. «Туған күн тойлау ширк» деген пікірді діни фанатизмнің бір көрінісі деуге болар. Себебі, бүгінде исламды жік-жікке, ағым, бағыттарға бөлген содырлар, жат ағымдардың өкілдері көптеген мерекелерді тойлауға қарсы. Осындай кереғар насихатпен жастарымыздың санасын улап жүрген олар қазақтың берік ұстанып келе жатқан салт-дәстүрлерін де жоққа шығарып жүрген жоқ па?
Адамның өмірге келген күнін шаттықпен қарсы алуды расымен де Жаратушымыздың жаратпағаны ма?
Ұлан Нүсіпәлиев, «Терісқақпай» театрының әртісі:
«Туған күнді тойлауға шектеу қоймаған жөн»


Біреулер туған күнін асыға күтіп, үлкен дайындық жасап жатады. Алайда, мен  туған күніме аса мән бермейді екенмін.  Себебі, отбасындағы тәрбиеміз солай болды. Ата- анам туған жылдарын білсе де күндерін білмейді. Туған күніңіз қашан деп сұрасақ «Әйтеуір мен дүниеге келгенде қой туып жатқан екен, ел жайлауға көшкенде туылыппын» деген сыңайлы жауаптарды айтатын. Олар тойламағаннан кейін біз де осы күнге  немқұрайлы қарап келдік.  Оның үстіне менің туған күнім жаз айында болғандықтан үнемі атаусыз қалып кететін. Өйткені, сыныптастарымның барлығы демалыста жүреді ғой. Туған күнді тойлауға ешкімге шектеу қоймаған жөн. Достарымен шағын дастарханда отырамын десе де, дүркіретіп той жасаймын десе де өз еркі. Дегенмен, жалпы ақылға салып қарайтын болсақ, осы күні дүниеге келдім екен деп той тойлап, арақ ішіп, өтіп бара жаткан өміріне мәз болып билегенше, шүкірлік етіп, жарық әлемге келуіне себепші болған ата-ананы сыйлап, басқа да сауапты амалдарды жасаған дұрыс. 
Әсет Нұғыманов, Қостанай облысы Арқалық қаласының дін мәселелері жөніндегі инспекторы:
«Шариғатқа қарсы емес»


Дүние есігін ашқан күнді тойлау барлық ел, ұлттарда кең етек жайған. Ешбір мемлекетте бұған тыйым салынбаған. Біздің демократиялы елімізде де әр адам туған күнін, басқа да маңызды деп санаған күндерін атап өтуге құқылы. Соңғы жылдары туған күнді тойлау харам деген сөздердің айтылып жүргені рас. Одан өзге де дәстүрлерімізді шариғатқа қарсы деп санаушылар көбейді. Бұл қоғам арасына іріткі салуды көздеп жүрген радикалды ағымдардың өкілдерінің және дінді, исламды терең түсінбей, адасып жүргендердің аузынан шыққан сөздер. Шариғат тұрғысынан алғанда  адамның өмірге келген күнін Жаратқанға шүкіршілік етіп, туған күнді атап өтуге ешбір кедергі жоқ. Тек туған күн мереке деп аталмауы және қабыл етілмеуі керек. Сонымен бірге, бөтен ер кісілер мен қыз-келіншектердің араласуы, дастарханға харам зат қойылуы сияқты тыйым салынған амалдар орын алмауы талап етіледі. Ал, хадистерде Әбу Қатада әл-Ансари (р.а.) риуаятында: «Пайғамбардан (с.ғ.с.) дүйсенбі оразасы жайлы сұрағанда: «Бұл күні туылдым және осы күні маған уахи түсті»,– деп жауап берген екен.  Жақын туыстардың туған күн иесіне қуаныш сыйлау үшін бірге атап өтуіне рұқсат. Өйткені, адамға шаттық пен қуаныш сыйлау – шариғат құптайтын амал.  Ал, рұқсат аясынан аттап өтсе, мұны фиқһ ғалымдары жаман бидғат деп санаған. Өзіме келетін болсам, туысқандарым немесе достарым қонаққа келсе әлбетте ілтипатымды көрсетіп, дастархан жайып қарсы аламын.
Табиғат Абаилдаев, ақын:
«Бүйректен сирақ шығарып жүргендердің сөзі»


Туған күн жыл он екі айда адам баласының бір рет тойлайтын мерейлі күні. Қайбір күні жасы егде тартқан көкемді туған күнімен құттықтағанымда: "Е, несіне құттықтайсың? Бұрын қуанушы едік. Жас келген сайын тағы бір жасқа қартайғаныңа қалай шаттанасың?" деп қалды. Шыны керек, өз басым туған күнімді жылда тойлай бермеймін. Алайда, мүлде атап өтпеймін деп тағы айта алмаймын. Мерейлі күнде тойлатып, дос-жаранмен бірге отырғанға не жетсін? Достарымның туған күніне міндетті түрде барып, қуанышына ортақтасамын.  Ал, «туған күнді тойлау харам» дегендер бүйректен сирақ шығарып жүргендер. Туған күн дегеніміз әдемі бір мәжілістің "сылтауы" ғана. Өз басым қандай да бір отырыс болмасын адамдармен ішінара әңгімелескенді жаным қалайды. Сондықтан, «білгіштердің» сөзін түйедей етіп, дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Туған күнді тойлау қажет деп есептеймін.  Онда тұрған ешқандай харамдық, әбестік жоқ.  Айталық, бұл күнді  өз жөнімен, ішімдіксіз тойласа оны харам деп санауымыз қажет пе сонда? Бұл меніңше әлдекімдердің шығарып жүрген стереотипі. Қазір өздерінше жаңа қағидат қалыптастырғылары келетіндер көбейіп кетті ғой.  Ал, ол қағидаттар маған жүрмейді екен...
Ақкенже Әлімжан, әнші, актриса:
«Қуанышты бөліссең, көбейеді»


«Адам тілекпен өседі» деген ұлағатты сөз бар қазақта.  Менің ойымша, туған күн мерекесі - жыл бойы өткен-кеткенге есеп беретін, жаныңды жылытар жылы сөзге бөленер күн деп санаймын. Демек, тағы бір жылдан аман-есен шықтым деп дастархан жайып, туған-туыстарыңның, достарыңның басын қосудың еш айыбы жоқ секілді. Ал туған күн тойлауды шариғатымызға қарсы дегенді осы күнге дейін  естімеппін. Негізі, қуанышты бөліссең, көбейеді емес пе? Сондықтан, мен туған күнімді жаныма жакын жандармен өткізгенді қалаймын.
Айнұр Оңғарбай
rgmedia.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста