Мұсылмандар қалай тамақтану керек?.
Қазақ халқы асты ертеден құрметтеп келген. Халқымызда «Ас адамның арқауы» деген ұлағатты сөз бар. Асты қалай қадірлегенін осыдан бағамдауға болады. Халқымызда ғасырлар бойы сүзгіден өткен, жетілген тамақтану мәдениеті қалыптасқан. Ұлтымыздың тамақтану дәстүрі асыл дініміздің қағидаларымен терең тамырласқандығын көптеген тамақтану әдептерінен байқауға болады.
Қазақ халқында ас ішу мәдениетінің исламмен үндескен мынандай мәдениет салттары қалыптасқан.
халалдан тамақтанған
асты «Бисмиллә» деп бастаған,
алдындағы асына қанағат еткен,
асты алдымен үлкендер ауыз тиген соң басқалар алған,
тамақты оң қолмен жеген,
Ас ішіп болған соң дұғамен аяқтаған.
Сонымен қатар астың тазалығына да қазақ әйелдері ерекше мән беріп тағамдардың, сусындардың бетін жабық ұстаған. Ас дайындағанда қолдарын жуып, Бисмилла деп бастап әзірлейтін болған. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан үрдіс.
Ата-бабаларымыз астың адал болуына аса мән берген. Бабаларымыз «Ырыздық несібемді адалынан бере гөр» Ұлы Жаратушыдан тілек тілеп келген. Бұған қарап-ақ, ата-бабаларымыздың ұрлық-қарлықпен, зорлық-зомбылықпен емес, тек қана адал еңбекпен тауып жеген ырыздығының баянды, сіңімді болатындығын өсиет еткенін білуге болады.
Арам ас жайлы екі дүние сардары ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойында сақталады»,- десе, тағы бір хадисінде: «Адал жеу - сауап, арам жеу - күнә» деп, харам астан мейлінше қашыұқболуды үндейді. Сонымен қатар Алла Тағала Қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 172-аятында «Сендерге берген ризық-несібелеріміздің адалынан жеңдер»- деген. Адал ас қайыр, берекетті деп әмір еткен.
Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер» («Ағраф» сүресі, 31-аят),- деп әмір етті.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне тамақтану әдебінде: «Тамаққа отырмастан алдын және кейін қолды жуу: «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда» деп өсиет еткен.
Сонымен қатар асты көпшілікпен бірге ішудің маңыздылығын ерекше атап өткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көпшілікте берекет, бөлінуде азап бар»,деп асты бірге отырып ішудегі берекетті, адамдар арасындағы ынтымақты, татулықты өсиет еткен.
Асымыз адал болып, берекеміз бұзылмағай!
Ибрагим қажы Еркінбай
ШҚО «Шемонаиха аудандық мешітінің» бас имамы