Мұқағали Мақатаевтың бұ дүниемен қоштасқанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, күллі қазақ өлеңін оқып, жырын айтып, әнін шырқап ақынды жаппай еске алатын бір күн бар. Ол бүгінгі 9-ақпан, ғасыр ақынының туған күні. Бұл күні көкірегінде өлеңнің оты маздаған жанға Мұқаңның поэзиясын оқымау, өзін еске алмау – жат нәрсе. Ендеше біз де, «Дін – ғылымның анасы» деп жырлаған ақынның әдеби әлеміне үңіліп көрмекке бекіндік.
Пайғамбардың есімін алған ақын
Мұсылман қауымының бала алдындағы бір міндеті – оған жақсы, мағыналы есім беру. Өйткені діни сенімімізде адамның аты оның болашақ тағдырына да ықпал етеді. Соның әсері болар, солардай болсын деген ниеті шығар қазақ перзентіне пайғамбардың есімін беруге құмар келеді. Және көп жағдайда ол үміттері ақталып та жатады. Жалынды жырларымен ел аузында жүрген ақындар Ілияс Жансүгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Иса Байзақовтар да – бір-бір пайғамбардың есімін көтеріп жүрген тау тұлғалар. Поэзия әлеміндегі алыбымыз Абай мен «дала қоңырауы» Ыбырай Алтынсариннің де азан шақырылып қойылған есімдері Ибраһим екендігі, ғалым Шоқан Уәлиханов пен азаттық жыршысы Махамбеттің шын есімдері сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) шыққандығы кезінде аз айтылған жоқ. Ал бүгін сөз еткелі отырған Мұқағали ақынның құжаттағы аты Мұхаммедқали, әкесінің есімі Сүлеймен екенін біреу білсе, біреу білмес. Кішкентайынан маңайындағылар Мұқағали деп еркелетіп атап кеткен соң, қазағы да оны «Мұқағали Мақатаев» деп таныған екен.
«Мұсылман, Мұхаммедтің үмбетімін...»
Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезең ел аузында жүрген ақын болмақ түгіл, қарапайым адамдарға да діни көзқарасын сөз етуге мүмкіндік бермеді. Ал ақиық ақын Мұқағали болса сол кезеңнің өзінде: «Сатпаймын, сатқан емен, дінімді мен!» деп қасқайып тұра білді. Ақынның ұлы Жұлдыз ағадан «Әкеңіздің дінге көзқарасы қандай еді?» деп сұрағанымда: «Ауырып қалса немесе денесіне бөрткен шықса, өзі бірдеңелерді күбірлеп оқып, жазып алатын. Сөйтсек, біраз дұғаларды жатқа білген екен. Дінге байланысты өлеңдері кейін ғана табылды ғой. Ал бізге «мынандай өлең жаздым» деп ешқашан айтқан емес. Есімде қалғаны, орыстың бір академигінің «Коран» деген кітабын үйге алып келді де: «Осы кітапты жазған академик Ислам дінін қабылдаған. Осыны оқыңдар», – деді. Ал Құранның өзі ол кезде сатылмайтын да, іздесең табылмайтын. Әкеміздің, жалпы мұсылманшылыққа көзқарасы оң болатын. «Көкте бір құдіреттің бары анық» деп отыратын», – деп жауап берді. Расымен де Мұқаң өлеңдерінен ақынның діни сауатты болғанын, оның өз бетімен білімін жетілдіргенін байқауға болады. Оған Әзірет Әлі, Зұлпыһарды жырға қосқан мына жыр жолдары дәлел:
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.
Мекенім – Ніл дария, Меккем менің,
Келеді мәңгілікке мекендегім.
Дариға-ай Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім!
Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!
Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның.
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!
Ақынның діни көзқарасы туралы «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы: «Мұқаң да октябрят, пионер, комсомол, коммунист болу үдерістерін басынан кешті. Сол заманның перзент, пендесі. Тіпті алғашқы дастандарын Ленинге арнағаны да – сондай сенімдердің шалығы. Қызыл қоғам сендірген және жалаулатып көндірген идеяларға ол да сенді. Бірақ ақынның басқа замандастарынан айырмашылығы – компартияға деген сенімінің алдамшы екенін ең алғашқы болып білгендердің бірегейі де өзі еді. Шындықты танып қою әсері ақынды есеңгіретпей қалған жоқ. Дәл осы кезде ақын ата діннің қағидаларына тереңдеп үңілді. Жоғалтқанын Исламнан тапты. Исламды жырлады. Күнә жасағанын ойлап жылады. Тіпті «Дін – ғылымның анасы» деген ғажайып теңеуді өмірге келтірді. Осыдан кейін барып ақынның ойы да, бойы да жеңілдеді. Себебі ол өзі іздеген ақиқатты Исламнан тапты», – дейді «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында. Осы пікірде айтылғандай Мұқағали дін мен ғылымның бір-бірінен ажырамас ұғым екенін жақсы түсінді. «Қол ұстасып Құдайға, Ғылым мен дін бірге бар» деген ақын сөзін бүгінде жиі қолдануымыз да сондықтан болар...
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құмменен топырақтан жаралғанмын, – деп жырлаған Мұқағали ақын Абай секілді діннің тереңіне бойлай алмаған шығар, Исламның толық шарттарын орындай алмаған болар. Оған заманы да, қоғамы да мұрша бермегені бізге жақсы белгілі. Тұрсынжан Шапайдың: «Абайдың діни танымы, Алла туралы пайымы тым терең, тым ауқымды. Абайда – дін туралы, Алла туралы терең де кешенді түсінік. Мұқағалида – Жаратушысы туралы ойланған әр пенде мойынсұнар қарапайым ақиқат. Бірақ атеистік-коммунистік қыспақта Алласын мойындап, еркін ой толғауы ақындық өр рухының бір ерлігі деп бағаласақ керек» – дегені бар еді. Біз де осы ойға қосыламыз. Тек ХХІ ғасырда әлем мұсылмандары арасында алауыздық туындап, Батыстың қорлауына жиі ұшырап жатқан дініміздің мүшкіл жағдайын көргенде ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұқағалидың «Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы!» – деп ұрандатқан өр дауысы құлағымызға жиі келе беретіні неліктен екен..?
Мұқағалидың ішімдікке құмар болғаны рас па?
Адамдар арасында Мұқағалидың ішімдікке құмар болғаны, өлеңді мас күйінде жазғаны, маскүнемдікке жақын болғаны жөнінде жалпылама түсінік қалыптасқан. Оқыған естеліктерімнің әсері болар, бұрынырақ мен де солай ойлайтын едім. Кейін ақынның көзін көрген адамдармен сұхбаттасқаннан соң ол ойымның көп бөлігі жалғанға шықты. Ақынның қызы Алмагүл Мақатаевадан: «Әкеңіздің ішімдікке жақын болғандығы жөнінде жиі айтылады. Бұл жөнінде сіз не дейсіз?» – деп едім, ол: «Әкеміз ішкенімен де маскүнем болған емес. Қазір кейбіреулер жазып жүргендей ес-түсінен айрылып ішкенін де көрмеппіз. Бізге ішкенін білдірмеуге тырысатын. Үйде шу шығарып, мазамызды алған емес. Үй – ол үшін қасиетті орын еді. «Жақсының артынан сөз ереді» дейді ғой, бір рет ішкенін көргендердің «күнде ішкен» деп, қызулау өлең оқығанын көріп «өлеңді мас болып жазған» дейтіндерге ренішім қара қазандай. Егер ол күнде мас болып жүрсе, артында осындай мұра қалдырар ма еді?» – деп жауап берді. Талай бірлесе ән жазған композитор Нұрғиса Тілендиев болса өз естелігінде: «Бүгінде арамызда жоқ Мұқағали жайлы аз білетіндер оны асып кеткен тентек, тек ішіп қана өмір кешкен деп былжырайды. Бұл – нағыз қиянат. Біріншіден, ол аса еңбекқор әрі ерекше талантты ақын болды. Еркелесе еліне, туған жеріне қадірін білетін ағалары мен жеңгелеріне еркелеген шығар. Қайсыбір өсекшілер айтқандай, тек ішіп ғұмыр кешсе, соңына бүгінгідей асыл мұраларды қалай қалдыра алар еді?» – деген жолдар қалдырыпты. Ақын Қайырбек Асанов та: «Өз басым Мұқаңды өте жақсы көрдім. Онымен кездескенше асығатынмын. Қынжылатыны, Мұқаңмен бірге болғандар «күндіз-түні ішетін еді» деген жалған сөзді айтумен келеді. Ішпеді дей алмаймын. Әйтсе де ақыл-санасын сергек ұстайтын», – дейді. «Мүлдем ішпеген екен» деген ойды айтудан біз де аулақпыз. Сол кездегі қалам ұстаған ақын-жазушыларымыздың қай-қайсысы болмасын бұл дерттен тыс қалмағаны анық. Тек «Өлеңін арақ ішіп алып жазған» деп талантты ақынның артынан сөз ерту, халыққа маскүнем етіп көрсету Мұқағалиды көре алмаушылардың пасық тірлігі болды деп ойлаймыз.
Болашақтың ақыны – Мұқағали
Мұқағали – көзі тірісінде лайық бағасын ала алмаған, өлеңдері үшін бір жылы пікір естімеген ақын. Ауруханада жанын түсінер жан таппай жалғызсырап жатып, Фариза Оңғарсыноваға арнап бәріміз білетін атақты өлеңін жазды. Хатпен жіберіп, кейін алған-алмағанын сұрап хабарласқан ақынның жары Лашынға Фариза: «Хатты алдым, бірақ қазір Бакуге кетіп барамын. Келгеннен кейін ауруханаға кіріп шығамын», – деп жауап берген екен. Бірақ тағдырдың жазуы ғой, Фариза ақын келгенше, Мұқағали өмірден өтіп кетті. Ол Фариза Оңғарсынова: «Егер мен сол жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім...» – деп өкініш білдірген екен.
Мұқағали қалай өмірден өтті, солай атақты болып жүре берді. Ақынның анасы Нағиман Батанқызының: «Жасым тоқсанға таянғанда Мұқағалиым туралы естелік айтуды Құдайдан сұраппын ба мен?! Тағдырдың ісіне шараң бар ма? Қырық бес жасында қыршын кеткен оның күллі қазақтың баласы боларын, ардақты ақыны атанарын, Құдай ақы, туған шешесі мен де, өмірлік жары жары да, туған бауырлары да білгеміз жоқ. Көпшілік ел де кезінде білмеген шығар. Енді қарап отырсам, тыңдап отырсам, Мұқағалиымды аспанға көтеріп, өзі өлген соң еліне танытқан Құдайдың берген таланты, өлеңнің қуаты шығар. Бұған да тәубе. Өз тіршілігінде көрмеген құрмет пен қошеметті артында қалған біз – отбасы, жары мен балалары, бауырлары болып көріп жатырмыз. Қайсыбірін айтайын? Алатаудай айбарлымды ойласам, өзегім от боп жанады...» – деуі де содан болар. Мұқағали өзін үнемі «болашақтың ақынымын» дейді екен. Айтса айтқанындай бүгінгі күні қай жерге барсаң да оның өлеңдері оқылып жатады, сөзіне жазылған әндер шырқалып жатады. «Есіңе мені алғайсың» деген ақынды халқы жиі еске алады... Ақын үшін осыдан артық бақыт бар ма екен?!