ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі қазіргі заманауи медицинада орын алып жатқан адамның жыныстық ағзаларын ауыстыруға қатысты пікірін білдіріп, пәтуа шығарды. Бұл туралы NUR.KZ порталына ҚМДБ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Мүфтият шариғи тұрғыдан жыныстық мүшені ауыстыруға тыйым салынады деп түсіндіреді. Оған қатысты пәтуа бөлімі айғақ болатын аят-хадистерді де келтіреді.
1) Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі, мұндай сорақы іс-әрекет Ібіліс шайтанның діттеген мақсатына кіреді. Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді:
﴿وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ﴾
«Мен, оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп, сөзсіз, әмір етемін» .
2) Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген .
3) Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал шариғатымыз мұндай сорақы істі харам еткен. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы.
Дүниежүзілік мұсылман Лигасына қарасты Ислами Фиқһ Академиясы өзінің он бірінші отырысында осы мәселе жөнінде: «Аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – харам іс. Бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Мұндай сорақы іске қадам басқан адам жазаға лайық болады. Өйткені бұл іс Алланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең», – деген шешім шығарған .
Соңғы уақытта елімізде де көрініс тапқан мәселеге қатысты мүфтият “Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам” деген қорытынды шығарды.
Еске сала кетсек, бұған дейін NUR.KZ 10 жылға жуық еңбек өтілі бар полиция қызметкерінің жынысын ауыстырған соң, қызметінен қуылғанын хабарлаған болатын.