Монша – жуынып, тазаланатын орын. Моншаның ең рахаты– ыстық бу. Ыстық бу адамның қан тамырларын кеңейтеді және өте көп мөлшерде тер шығарады. Бұл теріні тазартып қана қоймай, зат алмасу процесін жақсартады. Монша ғимараттары алғаш Грек, Рим, Мысыр, Үндістанда салынса, қазақ жеріне XI ғасырда келіпті. Орыс, фин, шығыс моншасы деген түрлері бар. Монша барлық адамға бірдей пайдалы емес. Жүрек ауруы, гипертония, атеросклероз, көз, құлақ аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге, жас балаларға ыстық моншада қатты қыздырынуға болмайды. Кеңестің кезінде орыстандырудың бір шарты болған орыс моншасы еліміздің қай түкпірін болмасын жайлап кетті.
…Алғаш ата жұртқа келген жылы әкемнің інісі ағасын, яғни менің әкемді «Урал» маркалы үш доңғалақты мотоцикліне салып, ауылдың моншасына алып барады. Әкемді атпен келе жатқанда машина соғып, жамбасы мертіккен, таяқпен жүретін. Киім шешетін жерде інісі «сіз шешіне беріңіз, мен су ала берейін», деп ішке кіре сала, қайта атып шығады. «Ой, жүр кеттік, бұл бізге келмейтін жер екен» депті. «Не болып қалды?» деген ағасына, асығып-аптығып «ойбай, іші толған жалаң бұттар. Кәрісі де, жасы да, баласы да жалаңаш шапқылап жүр. Құрысын, кеттік» деп, ағасын үйге әкеп тастайды. Әкем аса діндар болмаса да, мұсылман адамның қалай жүріп, тұруы, әдеп -ғұрпынан хабардар, бес уақыт намазын қаза етпеген жан. Моншада жалаңаш жүрмеу жайлы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с): — «Алла тағалаға және ахиретке сенетін адам моншаға әурет жерлерін жабынып кірсін», «Әурет жерін ашқан адамға және өзгелердің әурет жерін қараған адамға Алла лағынет етсін» — деген өсиетін әкем ауылдастарына айтып, мағынасын, қазақы әдеп жайлы түсіндірді.
Ағайындарымыздың елу асып алпысты алқымдағандары моншаға барғанды қойып, маңына жоламады. Жастар да баруды азайтып еді. «Монғолдар суға түспейді, анау-мынау» (біз Монғолиядан қоныс аударғанбыз) деген қаңқу сөзден қорқып, басында іш киіммен, үйренісе келе, жалаңаштармен, жаппай араласып кетті. Бұл ауылдағы ағайынның хәлі.
Енді өз әлхиссама келсем… Көкшетау атына сай, көрікті нулы, сулы жасыл қала болғанымен, ыстық су жағынан, айтуға ұят жері көп. Орыс қожа-
йындар билеген заманда, қаланың бу қазандықтарының бәрін мазут жағатын пештер қойған. Олардың қайнатқан сулары үйді жылытқаны болмаса, тұрмыстық қажетке жарамайды. Осы мазуттың бәлесінен болып өткен ғасырда Көкшетау көк мұзға оранғаны көкшеліктердің есінен шыға қойған жоқ. Қалада аты жер жарған қалалық № 1 монша болды. Халық жаппай соған барады. Жастау кезімізде имене жүріп, барып жүрдік. Іш киіммен түстік. Ол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әурет жерлеріңді жабыңдар! Жалғыз кездеріңде де Алла тағаладан ұялыңдар!», «Алла тағала ұяттылықты және жабынуды жақсы көреді. Олай болса жуынғанда әурет жерлеріңді жабыңдар.» деген хадисін естімесек те, бірінші ұятты жеріңді, әуретіңді жауып жүруді, ата-анадан естігеніміз бар, іш киіммен түсіп жүрдік. Монғолияда моншаға түсетіндер жасына қарай бөлек түсетін. Қоғамдық моншада 15 жасқа дейінгі баларға арналған, жалпы және үлкендерге арналған жеке кабиналы душтар болды. Бала кезімізде шалпылдатып балалармен бірге, есейген соң кабиналарда шомылып жүрдік. Шындығы керек Моңғолияда орыс моншасы деген жоқтың қасы. Оған әдейілеп баратынбыз. Оның өзінде жеке- жеке. Ал, мұнда қоғамдық моншада жас- кәріміз бірдей әуретіміз ашық- шашық, жалаңаш жүруге мәжбүр болдық. Осы жағдайдан қиналып, моншасы бар жер үйге көштім.
Сөйтіп жүргенде, өткен қараша айында моншамның қазаны тесіліп қалды. Баяғы қалалық №1 моншаға әйелімді ертіп, тартып бердік. Бірер жыл бұрын монша күрделі жөндеуден өткен. Ел мақтап жүретін. Жеке түсетін кабиналар бар ма деймін ғой, жаңадан жөнделген соң. «Бізде кабина болмайды»,- дейді. Кірдім, баяғы қалпы, сол шкаф, төбесінде леген. Баяғы кәрі- жас, бала- шаға бәрі тыр жалаңаш, сапырлысып жүр. Атасы, баласы, немересі. Мүмкін шөбересі де, жүрген шығар. Бірінің арқасын бірі ысқылап, мәз мәйрам. Іш киіммен кірген, маған көздерінің астымен қарайды. Менде төмен қараудан сескеніп, жоғары қараймын. Алжапқыш тартқан жалғыз орта жаста бір қазақ жүр. Нағыз мұсылман осы шығар деп ойладым.Ешкім ешкімнен қымсынып, қымтырылып жүрген жоқ.
Дененің тазасы не тәйірі, жаның таза болмаса. Немересіне арқасын ыстырып отырған қарияға жақындап, сыр тартпақ болдым. «Немереңіз арқа ысуға жарап қалыпты» десем ата да, бала да мәз.
Орыс моншасы жайлы Шапырашты Қазбек бектің «Түп – тұқияннан өзіме шейін» деген тарихи кітабында: «Мен орыстардан асқан лас елді көрмедім. Араққа сылқия тойып алып, әйелі, күйеуі, келіні, ұлы, қызы бәрі бірдей тыр жалаңаш моншада шомылып жүргенін көріп жиркеніп кеттім. Нағыз оңбаған ел екен» -деп жазғаны еріксіз есіме түсті.
Моншада кімдер жоқ? Бес жасар баладан сексен асып,селкілдеген шалдар да жүр. Киініп коридорға шықсам, әйелім отыр. Ерте шығып алыпты. «Қалай екен десем, «Қалайы құрысын. Немересін ерткен әже, қызын ерткен шешелер. Ең сорақысы бір келіншек 5 жас шамасында ұлымен бірге жуынып жүр. Шыдамай шығып кеттім», дейді.
Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр. Ана тіліміз аяқ астында, салт сана, әдеп- ғұрыпты, айтудан ұяласың, дін дүбәрә. Құлдық санадан арылмадық. Арылуға ниет –құлық та танытпаймыз. Салтымыз санаға кірмеді. Дін, ділімізді дене жуғанымызбен бағдарлап қалдық.
Түйін: Моншаға түсудің өз әдебі бар. Басқалар, өзге діндегілер қалай моншаға түседі өздері білер. Бірақ қазақ біздің жөніміз басқа. Қазақ — ибалы, ұяты, әдебі бар, ислам қағидасын ұстанған мұсылман халық. Екі дүние сардары, ақырзаман пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с): «Үйлердің ең жаманы монша. Онда дауыстар көтеріледі, әуреттер ашылады. Ем үшін немесе кірден тазалану үшін кірген адам жабынып кірсін.», «Діндар бауырының әурет жеріне әдейілеп қараған адамның қырық күндік намазы қабыл болмайды.» деген хадистерін еске алсақ жеткілікті.
Моншаға кіргенде алжапқыш тартып кірсек те мүмкіндік бар сияқты. Соны біреуміз бастама көтеріп, оны арнайы тігіп моншаға әкеліп берсек, сатсақ, мұсылмандар алары сөзсіз. Елімізде 70 пайыздай мұсылман халық тұратындығын ескеріп, монша ғимараттарын ислами, қазақи қағидаға сай жабдықтап салсақ, жалған дүниеде ұлттық құндылығымызды ардақтауға, мәнгі дүниеде, сұрақ күні мұсылмандарымызды үлкен күнәлардан арашалауға зор үлес қосып, сауапты іс атқаратын боламыз.
Халқымыздың салт санасына сай Ана тіліміз, ата дініміз, салт дәстүр, әдеп ғұрпымыздан айрылмайық, білген білмегенге үйретіп, елдігімізді сақтап, саналы, салиқалы ұлт болып ұйысудың қамын ойлайық, ардақты ағайын.