Мешітпен сәлемдесу намаз арқылы атқарылады. Ислам дінінде «Мешітпен сәлемдесу» деп аталатын нәпіл намаз бар.
Арабшада «Тахиятул-мәсжид» – деп аталатын бұл намаздың атының мағынасы мешітпен сәлемдесу, мешітке құрмет көрсету дегенді білдіреді. Бүкіл мешіттер Алла тағаланың үйі болғандықтан, кіргенде екі рәкағат намаз оқу оған көрсетілген құрмет болып табылады. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім мешітке кірсе, отырмай тұрып, екі бас намаз оқысын», – деген. (Муслим, Сахих) Мешітке кіргенде, тахиятул-мәсжид намазын отырмай тұрып оқыған дұрыс. Егер бір мешітке бірнеше мәрте кіретін болса, ең алғашқы кіргенінде бір мәрте оқуы жеткілікті. Алайда мешітке кіргенде отырып қойып немесе басқа да амалдар жасаса, кейіннен де бұл намазын оқуына болады. Ең абзалы, мешітке кіре салысымен оқу. Ал егер мешітке кірген уақыты мәкрүһ уақытына сай келіп намаз оқи алмаса, оның орнына «Субханаллаһи, уәлхамду лиллаһи уәләә иләһә иллаллаһу, Аллаһу әкбар» деп айту мұстахап саналған.
Ханафи мәзһабында жұма уақытында имам құтба айтып жатқанда мешітке кірген адам тахиятул-мәсжид намазын оқи алмайды. Егер, парыз намазын оқу үшін немесе имамға ұю ниетімен мешітке кірсе және тахиятул-мәсжид намазын оқымаған болса, онда мешітке кіргенде оқыған парыз намазы немесе имамға ұйыған намазы тахиятул-мәсжид намазының орнына жарамды саналады. Қайта оқуының қажеті жоқ. Тахиятул-мәсжид намазы барлық мешіттерде оқылғанымен Қағбада оқылмайды, ол жерде сәлемдесу ретінде тауап жасалады.
Алау ӘДІЛБАЕВ, исламтанушы
kazislam.kz