Өмірде сабақ боларлық оқиғалар жетіп артылады ғой. Алайда, жаратқан иеміз бізге ұдайы белгі беріп, жақсылыққа жетелеп отырса да, Алла тағаланың сол айтқанына көп жағдайда түйсігіміз жете бермейді.
Мысалы, артта қалған аз-кем жылдарға қайырылып қарап, ойға батқанда бір ауыз сөз адамның жолын ашып, бір ғана ауыз сөз пенделердің бағын байлайтынына көзің жетеді.
Бір ауыз сөз. Ол қандай сөз? Тоба ма әлде күпірлік пе? Осы сауалдың жауабын өзім куә болған екі оқиғадан іздеймін.
Марқұм болған құрбым, қазақтың алғашқы иллюзионист қызы Алтынай екеуміздің Жезқазған жақта ортақ досымыз бар еді.
Өмірде ешкімге ұқсамайтын ерекше адамдар болады ғой. Шәйзат сондай қыз. Жас кезінде талай қиындықтарды көріп, кісінің ақылына сыймайтын тентектіктерді бастан өткерсе де, естілігі бар, ақылды адамның бірі. Ол неше түрлі хикая айтқанда ішек-сілеміз қата күліп, әбден жадырап қалатын едік.
Бірде осылай емен-жарқын дидарласып отырып, Шәйзаттың мұңая қалғаны. Ой тұнған ақылды көздерімен бір нүктеге қадала қарап:
– Қыздар, еш уақытта күпір сөз айтпау керек екен. Мен тәубеме келдім, – деді томсырайып.
Үндемей ішімізден тына қалдық. Қазір бір әңгіме айтқалы отыр.
– Естеріңде ме, мен үш қызымнан кейін аяғым ауырлап еді ғой. Төртінші баламызды күтіп жүрген кезім. Әрине, адам болған соң шаңыраққа ие болып қалатын ұл туылғанын қалаймыз. Жанашыр жұрттың бәрі ер бала табуымды тілеп жүрді. Бірақ, қалжыңдаса беретін құрдастар: «Тағы да қыз тусаң қайтесің?» деп қағытатын еді. Ішім шермиіп отырғанда: «Қыз тумаймын. Қыз тумаймын мен! Үйімді қызға толтырып қайтемін» деп күпірлік айтып, кесірлік танытып отыратын едім…
Көп ұзамай босандым. Дүниеге қыз бала келді. Алдыңғы үш қызыма ұқсамайтын, қасы-көзі қиылған, аршыған жұмыртқадай ерекше сәби өмірге келді. Алғашында тағы да қыз тапқаныма көңілім түсіп қалса да, періште сияқты аппақ болып туылған перзентімді бірден жақсы көріп кеттім. Алайда, осы қызым көз алдымда бір күн де сырқаттанбай, емізіп отырғанымда жүріп кетті. Жымиып: «Анашым, сау бол», – деп қоштасқандай, үзіліп бара жатты. Алла айрықша қыз берді де, қырқына толтырмай қайтарып алды.
Мен бұл қасіретті көтере алмай, қайғыдан қан жұтып кете жаздадым. Тәтті түстен шошып оянғандай болдым. «Қыз тумаймын. Керек емес маған қыз бала!» деп кесірленген тілімді өз қолыммен кесуге шақ қалған күндері күйеуімнің жұбатуы жаныма медет болды. Бұл перзентіміз жолдасым екеуміздің суып бара жатқан арамызды қайта жалғап, аспанға ұшып кетті. Кесір сөз айтпау керек екен, – деді Шәйзат.
Әрине, осы оқиғадан сабақ алған құрбымыз мұнан кейін Жаратқанға жалбарынып жүріп, ұлды да болды. Бірақ, оның сол әңгімесі күпірлік танытып отырған адамдарды көрген сайын есіме түседі.
Осыдан кейін көп ұзамай өзіме тағылым болған тағы бір кісіге жолықтым.
Бала күнімнен жазда төпелеп жауған жаңбырды жақсы көретін едім. Қазығұрттың етегінде нөсерлеген жаңбыр жауса жалаңаяқ далаға жүгіріп шығып, астына тұра қалатынмын. Аспаннан төгілген мөлдір тамшылар жанымның бәрін жуып барып, таза топыраққа тамғанда ерекше бір иіс аңқып кететін еді. Жаңбыр шашымнан сорғалап, иегімнен тамшылап жатқанда туған жердің қара топырағынан қуат алам ба екен, әлде аспаннан төгілген нұр ма, ерекше күй кешемін. Әлі күнге дейін осы күйді сағынатыным бар.
Бірде Алматыда осылай нөсер жауды. Балалық шағымды аңсап, машинаны тоқтата салып, жаңбырдың астында тұрғым келгені. Әй, қазір мегаполис болған қаланың күйе аралас жаңбырының астында қалсаң таз болатын шығарсың деп ойлап келе жатқанымда көше бойында бір егделеу апай такси тоқтатып тұр екен. Екі иығындағы ауыр сөмкелерінен қолын көтеруге де мұршасы келмей жатқанын байқап, қасына тоқтап едім, әдеміше келген, жүзі салиқалы апай көлікке әрең мінді. Үсті-басы малмандай су болып қалыпты. Орындыққа жайғасып алғаннан кейін, ол кісі айналасына бажайлап қарап:
– Балам-ау, сен таксист емессің ғой, – деді.
– Жәй, сіз жаңбыр астында тұрған соң жолымыз бір болса, жеткізіп тастайын дегенім ғой, – дедім.
Ризашылығын үйіп-төккен апаймен сыралғы адамдардай бірден әңгімелесе кеттік. Ол кісі сол маңайдағы базарда жылқының етін сатады екен. Қазы-қартаның жайын айтып, жақсы етті қайдан алуға болатынын сұрай келе, сөз ауаны сауда-саттыққа ойысты.
– Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін күн көріп отырмыз. Сегіз қызды да оқытып, құтты орнына қондырдық. Тәубе, тәубе! – деді апай жаңбыр жуып жатқан терезеге қарап.
– Сегіз қыз! Сонша қызыңыз бар ма? Неше балаңыз бар, тәте?
– Шүкір, кенже егіз ұл бала бар, – деді апай.
– Ой, бақытты екенсіз ғой! Ағамыз сегіз қызды қатарынан тапқанда сізге ашуланып, былай, тастап кетемін, тоқал аламын деп қорқытқан жоқ па? – дедім әзіл-шынын араластырып.
– Уайымдама, шалым, ұл туғанша тоқтамаймын, тек Алла денсаулық берсін деп басында айтқанмын оған, – деді апай да күліп.
– Не деген сабырлы адам! Мықты екен, – дедім әңгімені ұластырып.
– Үйдегі ағаң ғажап адам. Қызды топырлатып туып жатырсың деп ешқашан бетіме басқан емес.
– Осы ниетіне берген шығар?! Бір күнде бір емес екі бірдей ұл тауып бергеніңізде талып қалған жоқ па?
– Күйеуім достарына түн ортасында хабарласып: «Әй, менің келіншегім егіз тауып жатқанда неге ұйықтап жатырсыңдар?» деп, барлығын оятып, сүйінші сұрапты. «Енді әйелің сегіз қыз тапқанды қойып, егіз қыз тапқан ба?» деп құрдастары қалжыңдаса: «Жоқ, егіз ұл!» дегенде жолдастары жүректері жарыла қуанып, жетіп келген ғой.
– Түріңізге қарасам, он бала тапқан жанға ұқсамайсыз?
– Айтқандай, ұлдарды босанған жылы Роза Рымбаева да тұңғышын тауып жатқан, – деді апай.
– Ой, онда бұл 1991 жыл ғой. Ол кісі қыркүйекте босанғаны есімде, – дедім.
– Солай-солай.
– Онда сіздің ұлдарыңыз 22 жаста ғой. Балаларыңыз ерке шығар?
– Қыздарға ұқсап кетпесін деп, аса еркелетпей өсірдік. Қала сыртында жер үйде тұрамыз. Үйдегі ағаң балалардың барлығын барынша еңбекке баулып келеді, – деді апай.
Әңгімеміз әлі де таусылмас па еді. Апайдың айтқан жеріне де жетіп қалыппыз. Жаңбыр да тоқтапты.
Он бала тапса да бетінде әжімі жоқтың қасындай, қой көзді, реңді апай алғысын жаудырып, қала сыртына апаратын аялдамадан түсіп қалды.
Журналист болған соң, күн сайын қаншама бейтаныс адамдармен танысып, сұхбаттасып жатамыз. Алайда, жарты сағат жолаушы болған сол апаймен болған аз-кем әңгіме ешқашан есімнен шыққан емес.
Әжелеріміз айтқандай: «Құдай ақырын берсін!» деп, кез келген істің баянды аяқталуын тілеп, сабырмен күн кешкенге не жетсін!