Өмір шіркін, діттеген межесін бетке алып зымырап барады. Адамдар да уақыт атты өмір көлеңкесінің аясында бірі ілгері, бірі кейін ғұмыр кешуде. Қысқа ғана өмірдегі діттеген межеміздің сағаттары күн санап жақындап келе жатқанын аңғарсақ та, кейде өзімізге берілген қолдағы нығметтердің қадіріне жете алмай жатамыз.
Менің өмірімдегі ұсынылған үлкен нығметтердің бірі өзіңсің достым!
Екеуміздің аралас-құралас болғанымызға да міне, біраз жылдың жүзі болды.
Досым! Жан досым... Сол сәттен бергі адалдыққа толы, кіршіксіз таза, шынай достығың мені еріксіз баурап, өзіне тәнті етті. Ойлап отырсам, екеуміз достасқан күннен бастап, сәбидің күлкісіндей болған сенің маған деген риясыз, шынайы дос пейілің, бүкіл әлем тамсанарлықтай ғажайып кейіпте болған екен-ау!
Кешір мені?! Осының бәрін кеш ұғындым.
Қалайша байқамағанмын!?
Өмірімнің әрбір сәтінде, қуанышы мен қайғысында да, сен мені тастамадың. Жанымнан бір елі ажырамай, үнемі қасымнан табылдың. Маған, әрдайым демеу болып, өмірдің ауыр сынақтарынан сүріне бастаған шағымда, қайтадан ес жиып бас көтеруім үшін көмек қолын создың. Кездескен әрбір сәтімізде, Жаратушының жаратқан жаратылыстарына назарымды аудартып, Алланың мейірімінен үміт қылатын, азабынан үрейлендіретін үгіт-насихат айтумен болдың. Шын жүректен айтылған насихаттарыңнан қара дақтармен көмкерілген, әбден қатайып тас боп қатқан жүрегімнің емешегі елжіреп, жасқа толған жанарымнан ыстық жас тамшылары сырғып жерге таматын. Қасыңда тұрған кезімде жабырқау жаным жай тауып, рахат бір күй кешетінмін. Рухани әлемім ерекше күйге енетін. Ішкі жан дүниемдегі сезім толқындары тебіренген кезде, өзімді анадан жаңа туған сәбидей сезінетінмін. Жер ананың төсінде миллиардтаған адам өмір сүрсе, солардың бірі болу нығметіне ие болып жаратылған мына мен, өзімді ең бақытты адам санайтынмын.
Досым! Өзіңмен дос болғалы бері айналама мейірім көзімен қарап, жақсылыққа қарай бет түзей бастағанымды аңғардым. Сенен алған тәрбиемнің себебі болар бәлкім, кейде қасына жақындағанымнан үркіп ұшқан көгершінмен іштей: «Қорықпа, қасыма кел, мен саған ешқандай зиян тигізбеймін, өйткені екеумізді де жаратқан бір Алла ғой» деп тілдесетінмін. Есігіңді қағып үйіңе барғанымда, әрдайым жылы жүзбен қуана қарсы алатынсың. Әлі де сол кейіпіңнен танған емессің. Үйіңде көбірек бола алмаған кездерімде неге аз отырдың деп риясыз мұңаятыныңа қайранмын.
Досым! Сен, Алланың маған сыйлаған үлкен нығметісің.
Кешір мені?! Осының бәрін кеш ұғындым.
Өмірімнің мәні өзіңмен жолыққан күннен басталғанын. Қапасқа қамалған бейшара торғай едім, сенімен дос болу бақытына ие болу арқылы тар қапастан құтылып, көгінде еркін самғайтын қыран құсқа айналдым. Алған әрбір тынысымыздың Алланың пенделеріне деген мейірімі екенін білдім.
Ардақты досым! Сен маған өмірдің мәнін ұқтырдың.
Өмірімнің әрбір сәтін бағалай білуді, тиімді пайдалануды үйреттің. Тіпті, тәттілігімен көп адамды өзіне баурап алатын таңғы ұйқыма дейін араласып, оны тәрк етуімді өтіндің. Неге деп сұрағанымда: «Бәрі де сенің игілігің үшін достым» деп, қысқа ғана жауап бердің. Сенің себебіңмен өзімді адам қалыбында сезіну шәрбәтына қауыштым. Өткінші дүниенің төрт бұрышын кезіп сандалған санам, фәни өмірдің тар шеңберінен босап, ақырет әлеміне жол тартты. Жәннат атты жайлы мекеннің иісін аңсатып, «Алла» деп қос қолымды көкке жайдырып, Жаратқаннан жарылқау тілеуіме себеп болған да сенсің достым. Аспандағы жұлдыздардай жан-жақта шашылып жатқан асқақ армандарым бір арнаға тоғысып, өмірімнің жүйесі түзілді.
Кешір мені?! Осының бәрін кеш ұғындым.
Саған жасаған опасыздықтарым үшін. Кездесу сәттеріндегі қиянаттарым үшін. Сенің адалдығыңа, шынайылығыңа дәл сондай адалдықпен, дәл сондай шынайылықпен жауап бере алмаған сәттерім үшін. Басқаның достығына арқа сүйеп, сенің кіршіксіз таза нағыз достығыңды елеусіз қалдырған кездерім үшін.
Ары қарай айтуға...ұяламын достым! Кешір мені! Қадіріңді енді ұқтым! Мәңгілік ажырамас дос болайықшы!
Алла Тағалам! Мендей пендеңе намаз атты адал дос нәсіп еткенің үшін бір Өзіңе сансыз шүкіршіліктер болсын! Мейірімі шексіз Раббым! Намазбен арамызды айыра көрмеші?!