Қазіргі уақытта айтылып жүрген сүннет-парыздың көбін адамдар дұрыс түсінбейді.Тіпті, кей сүннеттер педофилияны ашықтан ашық насихаттайды. Бұл туралы белгілі публицит Серік Рысжанов Арманжан Байтасовтың Youtube желісіндегі BaitassovLive бағдарламасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұл сүннет барша мұсылман әлемінде қабылданған «Сахих әл-Бухариде» де, өзге де дереккөздерде бар. Айшаның айтуынша, ол Мұхаммед пайғамбарға 6 жасында тұрмысқа шыққан. Ал 9 жасынан бастап жыныстық қатынасқа түсе бастаған. Яғни дәл осы сүннеттер педофилияны ашық насихаттайды», – деді публицист.
Оның сөзінше, ел мешіттерінде 12 жасқа толған қыздарды кәмелетке толды деп есептеп, үлкендермен некелестірген жағдайлар болған.
«Біздің Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы, біздің Әбу Ханифа мазхабы мұның тым шектен шыққандығын түсінеді. Қазір қыздар 12 жастан кейін кәмелетке толады деп айтылып жүр. Дәл осы себепті мұсылмандар қыздарға 12 жастан бастап орамал тағуды міндеттейді. Сондықтан бізде Қазақстан мешіттерінде еш кедергісіз жас қыздарды үлкендермен некелестірген жағдайлар болған. Бұл біздің заңға қайшы», – деді Рысжанов.
Қаламгердің айтуынша, Құранда қыздарға етеккірі басталған соң және ақыл тоқтатқаннан кейін ғана тұрмысқа шығуға рұқсат берілетіні жайлы жазылған.
«Балиғат» дегеніміз етеккірі басталған уақыт, дегенмен мұнда тағы бір нәрсе бар. Яғни қыз ақыл тоқтатуы керек. Енді 14 жаста қыз ақыл тоқтата ма, ақылы толыға ма? Әрине, жоқ. Қыз өсіп, белгілі білім алған соң ғана ақылы толығады, ақыл тоқтатады. Біздің жағдайымызда мектеп бітіріп, 18 жасқа толған қыз ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратады. Ал біздің мүфтият орта ғасырдағы ережелерді ұстанады», – деп толықтырды ол.