Исламда өтірік сөйлеуге тыйым салынған. Оның адамдар арасында, туыстар арасында немесе құрдастар арасында, желіде деген сияқты түрлері жоқ. Өтіріктің қайсысына болса да рұқсат берілмейді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Ал енді мына жаһандану заманында желідегі өтірік ақпаратың кесірін тек бірнеше адам ғана тартпайды, мұның зардабын бүтін халық, ұлттар мен ұлыстар тартуы мүмкін. Себебі ғаламтор желісі әрбір шаңырақта, әрбір адамның қолына ұстаған ұялы телефонда бар.
Жалған ақпарат тарату немесе хабарлама жасау мұсылман үшін ғана емес, жалпы адамшылыққа теріс амал.
Ислам мұсылмандарды өтірік сөйлеуден қатты қайтарған. Мысалы, дүниеде өтірікші адам ақыретке дейін өзінің айтқан өтіріктерін арқалап жүреді екен.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл түні үйге екі кісі келді. Маған ол екеуінің ішіндегі езуі жыртылған, өтірікшісі сөйледі. Мен оның үстіне арқалаған өтірігі көкке жетіп тұрғанын көрдім. Ол осындай күйде қиямет күніне дейін жүреді», – деп айтқан (Бұһари).