Расында да Ислам адам баласын жақсылыққа шақырып қана қоймай, сол жақсылықтың орындаушысы бол деп те әмір етеді. Ізгілік үшін мол сауаппен қатар, ақыретте үлкен сыйлықтар уәде етіледі, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Ал енді ізгі амал жасамаған, жақсылығына қарағанда жамандығы көп болған пендені «асхаб әш-шимәл» деп атайды, мағынасы: «сол жақтық». Себебі Алла иман келтірмеген, ізгі амал жасамаған амал дәптері сол жағынан беріліп, жазаға тартылатындар.
Құран бұлар жайында: «Кітабы сол қолына берілгендер болса, былай дейді: «Қап, кітабым маған берілмегенде ғой… Есебімнің де қандай екенін білмей-ақ қойғанымда болар еді. Малым, маған еш пайда бермеді. Күш-қуатым жойылып кетті» (дейді)», – деп баяндайды («Хаққа» сүресі, 25-33).
Өзінің амал дәптерін көргенде, әркімнің онда жазылғандарды оқып, қатты таңғалатыны айтылады. Өйткені өмірінде жасаған әрбір ісінің бүге-шүгесіне дейін түк қалдырмай тіркелгенін көреді.
Құран олардың таңғалып былай дейтіндерін айтады: «Мәссаған, мынау не деген дәптер десеңші, ірі-ұсақ демей бәрін жинапты» («Кәһф» сүресі, 49).
Анығында ол дәптердің қалай толтырылатыны әрбір адамның өзіне байланысты…