Соңғы кезде елімізде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастар тым көбейіп барады. Дәстүрді исламнан бөліп қарауды кейбір ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал енді бір жастар білместікпен солардың сөзіне сеніп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда. Осы ретте дін мен дәстүр сабақтастығын, салт-сана мен діни танымның бір арнада тоғысатындығын дәлел-дәйектер арқылы дәлелдеудің орайы туды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажаұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарыққа шықты. Бұл құнды дүние сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды түрлі ағымдардың теріс насихатынан, жаңсақ жорамалдарынан қорғауға арналған. Қалай десек те, қазір біз ортамызға от ала келген ағымдар мен дәстүрге қарсы шығушыларға сол дәстүрлі мұсылманшылығымыз арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Дінімізге, дәстүрімізге берік бола алсақ қана елдігімізді сақтап, дербестігімізге ие болып қала аламыз. Сондықтан біз бүгіннен бастап, оқырмандарымызға діни басқарманың «Дін мен дәстүр» кітабынан үзінділер беріп отыруды жөн санадық. Мұқият оқып, ой қосып, пікір білдіріңіздер, ойлы оқырман!
Салт-дәстүрге қарсы шығу - Алланың заңына қарсы шығумен бірдей
Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Енді осы сөздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.
Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі العرف «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» العادة сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.
Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.
«Дәстүр» сөзі де арабша دستور «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады. Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.
Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте, қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір, негізінен, халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ал шариғаттағы әдет, ғұрып сөздері
салт-дәстүрмен бірге адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман заңнамасындағы әдет, ғұрып терминдерінің мағыналық аясы кең, жалпылық мәнге ие. Қазіргі араб тілінде халық арасында қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтар туралы «адат уа ت ت тақалид» عادات وقاليد , «турас шағби» راث شعبي деген сөздер де
қолданылады.
Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шарғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті екендігі белгілі. Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген.
Шариғат саласында сондай маңызға ие болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген.
Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи өзінің әл-Мустасфа атты еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегендібілдіреді». Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер.
Әдет-ғұрып العرف жалпы және жалқы болып екіге бөлінеді. Жалпы әдет-ғұрыптарға әртүрлі аймақтарда өмір сүретін мұсылман халықтары арасында белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады. Мысалы, үйлену, талақ, сауда, қолөнерге қатысты әдет-ғұрыптар. Ал жалқы әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана таныс әдет-ғұрыптар. Мысалы, қалыңдық мәһрін белгілеудегі аймақтық ерекшеліктер, ақша бірлігі, салмақ, ұзындық өлшеміндердегі айырмашылықтар.
Әдет-ғұрып сипаты жағынан іс-әрекет һәм сөз түріндегі болып екіге бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы төмендегідей.
«Іс-әрекет түріндегі ғұрып, дағды дегеніміз адамдардың өзара қарым-қатынастары мен іс-әрекеттерінде дағдыға айналған танымал істер. Мысалы, адамдардың «сатып алдым», «саттым» деген сөздерді айтпай-ақ, сауданы қолма-қол жасауды әдет етуі».
«Сөз түріндегі ғұрып немесе үрдіс дегеніміз белгілі бір адамдар тобының бір сөзді белгілі бір мағынада айтуға дағдылануы. Сол сөзді естіген кезде ойға аталмыш мағына ғана түсуі керек. Мысалы, дирхемді ақша мағынасында қолдану».
Сол сияқты қазақ тілінде намаз дегенде құлшылықтың еске түсуі, Алла, Құдай, Тәңірі дегенде жалғыз Жаратушы Хақтың еске түсуі, теңге дегенде ақшаның еске түсуі, палау дегенде күріштен жасалған тағамның еске түсуі сияқты. Ал оларды осы қалпынан өзгертудің еш қисыны жоқ.
Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар».
«Ғұрыптың шариғатта орны бар,
Кейде үкім соған орай орнығар»
Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шарғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран Кәрімдегі «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятты алға тартқан. Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».
Ханафи мазһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:
«Ғұрыптың шариғатта орны бар,
Кейде үкім соған орай орнығар».
Малики мазһабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқтада әл-уусуул илә илм әл-усуул» атты кітабында былай дейді:
«Ғұрып – іс қой адамдарға танымал,
Әдеттің оған ұқсастығын танып ал.
Екеуі де шариғатқа енер ендеше,
Мәні қиғаш болып егер келмесе».
Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:
1. Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
2. Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.
«Дін мен дәстүр» кітабынан алынды
Жалғасы бар. Басы: 12.01.2015 . 13.01.2015