Ислам діні дәстүрді жоққа шығармайды

 Соңғы кезде елімізде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастар тым көбейіп барады. Дәстүрді исламнан бөліп қарауды кейбір ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал енді бір жастар білместікпен солардың сөзіне сеніп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда. Осы ретте дін мен дәстүр сабақтастығын, салт-сана мен діни танымның бір арнада тоғысатындығын дәлел-дәйектер арқылы дәлелдеудің орайы туды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажаұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарыққа шықты. Бұл құнды дүние сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды түрлі ағымдардың теріс насихатынан, жаңсақ жорамалдарынан қорғауға арналған. Қалай десек те, қазір біз ортамызға от ала келген ағымдар мен дәстүрге қарсы шығушыларға сол дәстүрлі мұсылманшылығымыз арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Дінімізге, дәстүрімізге берік бола алсақ қана елдігімізді сақтап, дербестігімізге ие болып қала аламыз. Сондықтан біз бүгіннен бастап, оқырмандарымызға діни басқарманың «Дін мен дәстүр» кітабынан үзінділер беріп отыруды жөн санадық. Мұқият оқып, ой қосып, пікір білдіріңіздер, ойлы оқырман!

Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах, яки, ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі.
Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады. Жасына жетпей шейх атануға құлшынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабиһ дәрежесіндегі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады.
Мұндай келеңсіздіктердің басты себебі діни білімге ие болғандардың шала сауаттылығы немесе албырттық көңіл-күйлері. Нақ сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалыптасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, тіпті, тарихы мен қазіргі болмысын жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.
Сонымен қатар дін саласында тәжірибелі, білімді деп есептелетін кейбір діндарлардың өзі дінге болысудың жөні осы екен деп, қазақша бірдеңе жазғанда араб, түрік сөздерін қаз-қалпында жазады. Мысалы, қазақтар Жүсіп, Жақия, Жүніс деуге үйренген әу баста бар есімдерді араб тіліндегі қалпында Юсуф, Яхия, Юнус деп береді. Осындай қылықтары арқылы олар екі түрлі қателікке бой алдырады. Біріншісі – дін мұратын жаңсақ түсіну. Ислам діні ұлттық ерекшеліктерді жоюға, әрбір тілдің табиғи заңдылықтарын мансұқ етуге мүлде шақырған емес әрі шақырмайды да. Керісінше, әрбір елдің өзіне тән жағымды әдет-ғұрыптары мен қалыптасқан заңдылықтарының сақталуына ерекше мән береді. Олардың екінші қателігі өз халқының тарихы мен ділінен, тілі мен рухани әлемінен бейхабар болуы. Сондықтан ұлтымыздың генетикалық жадында ғасырлардан бері сақталып келе жатқан өзіндік болмысын, дәстүрі мен мәдениетінің тамырына балта шабады. Қазақ тіліне араб, не түрік тілінің заңдылықтарын әкеп тықпалап, таза қайнарының тұнығын лайлайды. Сөйтіп, қазақ тілінің емлесі мен грамматикасына «ерекше жаңалық» енгізгісі келеді. Әрі соларын үлкен абырой, білімпаздық деп таниды. Бұдан асқан бірбеткейлік жоқ. Діннің шариғатқа қайшы келмейтін ұлттық әдет-ғұрыпты, тілдік ерекшеліктерді теріске шығармайтынына қарамастан, оларды мансұқ етуге тырысу нағыз мәңгүрттің әрекеті. Сондайлардың қазақ ақын-жырауларының діни тақырыптағы өлеңдерін «өз емлелеріне», «сенімдеріне» сай етіп өңін өзгертіп жазатындарына да куә болып жүрміз. Алла Тағала оларға тура жол, тереңірек білім нәсіп етсін.
Сонымен қатар, қазіргі қазақ қоғамында халқымыздың дәстүрі мен тарихын, тілдік ерекшелігін мансұқ ететін, не жартылай мойындамайтын нигилистермен бірге әдет-ғұрыпты, қазақшылықты қорғаудың жөні осы екен деп дінді төмендетіп, ұлттық дәстүрді одан жоғары қоятындар да бар. Олардың көпшілігінің терең діни білімі жоқ. Бірақ осы тақырыпты талқылауға аса құштар. Дәлелдерінің дені дәстүр мен даналар сөздері. Шариғаттан мардымды мағлұмат болмағандықтан әдет-ғұрып пен дін арасындағы байланысты тереңірек түсіндіруге қауқары жоқ. Нәтижесінде алғашқысына басымдық беріп, екіншісін төмендетеді. Мұндай қасаң пікірлердің ғұмыры қысқа. Себебі, адамдардың діни сауаттылығы артқан сайын айтушыға деген талап та күшеймек.

Дін мен дәстүрде қайшылық жоқ
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастау-ларының бірі болып саналады.
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған5.
Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.а.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды.
Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.

«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста