ИСИМ Қасиетті Қағбаны қиратамыз деп қағынып отыр
«Ирақ-Сирия Ислам Мемлекеті» (ИСИМ) деп танылған радикалдық ұйым тіпті шектен шықты. Халифалықты көксеген бұл радикалдар жазықсыз жандарды айуанша атып, қынадай қыруда. Қасиетті Қағбаны қиратамыз деп қағынып бастаған бұл топтың төмендегі видеосында жүрек шайлықтырар көріністерін көре аласыз. «Жиһад» деп ұран қаққан әумесерлер мешіттер мен ғимараттарды жарып, тілінде кәлимасы бар мұсылмандарға оқ дарытуда. Жолда кетіп бара жатқан жолаушыларды да жазықты-жазықсыз демей, кінәлі-кінәсіз демей, жайпап салады. Ислам атын жамылып, Алла мен Пайғамбар есімін ту қылып ойына келгенін істеп, ойран салып жүрген бұл жын иектегендердің әрекеттері адам жиіркенерлік. Істің парқына бармаған жандарды діннен бездіреді.
Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары бұлардың әрекеттерін мұсылманшылыққа қатысы бар-жоғын таразылап жатпастан, бәрін «сүнниттер» деп сипаттап әлемге паш етуде. Бірдің кесірі мыңға дегендей, бұлардың ылаңы исі мұсылманға кір келтіруде. Олардың жасап жүргендері дін үшін соғыс емес, дінге қарсы қиянат. Тіпті олардың өлтіріп-қырып жатқандары тілін кәлимаға келтірген мұсылмандар! Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір мүминді қасақана, нақақтан нақақ өлтірсе, оның жазасы мәңгілік жаһаннам! Ол Алланың кәріне және қарғысына ұшырайды. Алла оған ауыр азап әзірлеп қояды», – дейді (Ниса сүресі, 93-аят). Мұсылманды былай қойғанда бейбіт жатқан өзге діндегілердің өзін өлтіруге ислам діні қатаң тыйым салады. Исламда негізгі ұстаным – бейбітшілік. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Егер олар сендерден аулақ тұрса, әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді» («Ниса» сүресі, 90-аят).
Алла Тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді былай қойғанда, мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына қарсы еместігін білдірген.
«Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді», – дейді Алла Тағала («Мүмтахина» сүресі, 7-аят).
Бұл содырлардың дінге, тіпті қарапайым адами санаға қайшы жан түршігерлік айуани әрекеттерінен олардың қандайда бір қара ниетті алпауыт ұйымдардың қуыршағы екенін көреміз. Өзін халифа жариялаған Әбу Бәкір әл-Бағдадидің бұған дейін АҚШ елінде төрт жылға жуық абықтыда отырғандығының өзі ойлы адамға көп мәселенің басын ашып берері анық.
Біз ИСИМ радикалды ұйымының бұл әрекеттерін айыптаймыз. Олардың тірлігі мұсылманшылыққа бес қайнаса сорпасы қосылмайды. ОЛАР БІЗДЕН ЕМЕС! Себебі, Пайғамбарымыз «мұсылман» деп тілімен де, қолымен де өзгеге зарар тигізбегенді айтқан. Ендеше, білімсіз жастарымыз жалған ұрандарға алданып, адаспаса дейміз!