Иман әлсіздігінің белгілері қандай?
Иман әлсіздігінің белгілері: парыздарды орындауды кейінге қалдыру, намазға немқұрайлылық таныту, намазды тастап қою, құлшылықтағы ләззаттан айырылу, қиналып атқару т.б.
Иман – білім арқылы суарылады, қуатталады. Білім – исламның жаны (тәнсіз жанды елестетіңіз), діннің тірегі. Білім – мәуелі ағаш, амал – оның жемісі. Білім – Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) асыл мұрасы.
Білім іздену – парыз әрі құлшылық. Білу – Алладан қорқу. Білгеніңді үйрету – садақа, қайталау – тәсбих. Білімді болғаныңыз – Алладан қорыққаныңыз, жәннатқа қарай жолыңыздың жеңілдегені.
Сондай-ақ, дана Абай: «Білімсіз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Білімсіз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды» деген екен.
Тирмизиден жеткен хадисте: «Егер қандайда бір құл білім іздеу жолына түссе, ізденісі оның бұрынғы күнәларының кешірілуіне себеп болады» делінген. Сондай-ақ, бір сағат білім іздену түні бойы жасалған құлшылықтан артық, күні бойғы ізденіс үш ай оразадан артық.