Етігіме мәсіх тартсам бола ма?
Жұмысқа байланысты намаздарым көп қаза болып жүр. Дәрет алу және әріптестерімнің арасында отыруым басты себеп. Намазды қаза қылғым келмейді. Кешке жұмыстан шаршағаным сонша, намаз үстінде қателесе берем. Сұрайын дегенім, таң ертен дәрет алып, кейінгі дәреттерде етікке мәсіх тартсам болады ма? Гүлсара Шалқар.
Құрметті Гүлсара, күнделікті киіп жүрген етіктеріміздің көпшілігі мәсінің талаптарына сай келеді. Дәлірек айтқанда, тобыққа дейін аяқты жауып тұрады, шамамен 5 км-ден артық жерге жүруге жарайды және (үш саусақтың көлемінен көп) жыртық емес. Сол себепті де, сіздің жағдайда етігіңізге мәсих тартуыңызға болады деген пікірдеміз.
Тек мына үш нәрсені естен шығармау керек: Біріншіден – етік толық дәретпен киілген болуы тиіс. Өйткені, дәрет жоқ кезде (аяқ жуылмай) киілген етікке мәсіх тартылмайды. Екіншіден – киілген етікті шешпеген болуыңыз тиіс. Себебі, алынған дәрет бұзылғаннан соң аяқтағы етігіңіз шешілсе, аяқ қайта жуылуы тиіс. Үшіншіден – етік нәжістен таза болуы ләзім. Өйткені етікте нәжіс болса, онымен намаз оқылмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «...Қайсы біреуің мешітке келсеңдер, аяқ киімдеріңе мұқият қараңдар. Нәжіс көрсеңдер, сүртіп, тазалап барып намаз оқыңдар», - деген. (Әбу Дәуід). Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
Мәсіге байланысты қосымша мәліметті мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/daret-gusyl/daretten-bir-sagattan-son-masi-kisem-qalai-bolady-296/
Абдусамат Қасым