Бір күні Әбу Мұса әл-Әшғари хазірет Омардың үйіне келеді. Табалдырыққа жақын келіп, есікті үш рет қағады. Іштен «кір» деген дауыс естімеген соң, келген ізімен кері қайтады. Омар (р.а.) шаруасын бітірген соң «Абдуллаһ ибн Қайстың даусын құлағым шалғандай болды, рұқсат етіңдер, ішке кірсін», &ndash дейді.
 
Қасындағылар оның қайтып кеткенін айтады. Хазірет Омар (р.а.) артынан адам жіберіп, Әбу Мұсаны шақыртып алады да, «Неге күтпедің?» &ndash деп сұрайды. Сонда Әбу Мұса (р.а.) тұрып: «Расулалла бізге: «Бір жерге кірмек болсаңдар, алдымен есікті үш рет қағып рұқсат сұраңдар, егер рұқсат берілмесе, кері қайтыңдар», &ndash деген еді» &ndash дейді.
 
Хазірет Омар: «Мен бұл айтқаныңды естімеппін, бұған куәң бар ма?» &ndash деп сұрайды. Әбу Мұса (р.а.) Пайғамбар мешітіне келіп, мән-жайды сол жерде жиналған сахабаларға баяндайды. Үбәй ибн Кағыб: «Мұны нақтылау үшін жасы үлкендерді жіберіп әурелеудің қажеті жоқ, өйткені мұны жастардың өзі жақсы біледі», &ndash деп куәлікке Әбу Саид әл-Хұдриді Омарға (р.а.) жібереді.
 
Омар (р.а.) мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізген соң: «Мен саған кінә артайын деген ниеттен аулақпын. Бар ойым кез келген біреудің «Расулалла айтқан» деп өтірік қауесет таратуынан қауіптенемін», &ndash дейді.