Ертең басталатын Зүл-Хиджа айының он күнінде не істеу керек?
Ибн Аббастан риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алланың құзырында Зүл-Хиджаның алғашқы он күніне тең келетін амалы бар басқа бір қадірлі күн жоқ!», – дейді. Сонда сахабалар: «Алланың жолында жиһад ету де ме?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә. Бұл күндері жасалған амал малы және жанымен Алла үшін үйінен шығып, кері қайтпағандардан бөлек басқа жиһадтардан да қадірлі», – дейді. Демек, Зүл-Хиджаның алғашқы он күніжасалға игі амалдар, тұтылған оразалар соғыста шейіт болғандардан басқа жиһадта өткен күннен де сауаптырақ, қадірлірек, артығырақ. Міне, ертең басталатын қасиетті он күннің қадірі осындай.
Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Біз бозбала бар еді. Зүл-Хиджа айында ылғи ораза ұстайтын. Пайғамбарымыз мұны көріп, баланы өзіне шақырып, неге бұл айда ораза ұстайтынын сұрайды. Сонда әлгі бала: «Иә, Расулалла! Әке-шешем жолыңда құрбан болсын! Бұл күндер қажылық пен ғибадат күндері. Алла мені бұл күндері жасалатын дұғаларға қосуы мүмкін», – дейді. Бұны естіген Пайғамарымыз әлгі балаға: «Сенің тұтқан оразаңның әр күні үшін Алла жолында жүз құл азат еткендей, соғысқа жүз түйе, жүз жылқы бергендей сауап бар. Ал тәруия (Құрбан айт арафатынан бір күн бұрын) күніне келсек, сен үшін Алла жолында мың құл азат еткендей, соғысқа мың түйе, мың жылқы бергендей сауап бар. Арафат күні де Алла жолында екі мың құл азат еткендей, соғысқа екі мың түйе, екі мың жылқы бергендей сауап бар», – дейді.
Бұдан басқа да бұл айдың қадір-қасиетін түсіндіретін хадистер өте көп. Мәселен: «Зүл-хиджаның алғашқы күндерінде тұтылған ораза – бір жыл ораза тұтумен, бір түнін ғибадатпен өткізу – қадір түнін ғибадатпен өткізумен тең» (Ибн Мажа).
«Зүл-хиджа айының алғашқы 10 түнінде жасалған әрбір ғибадатқа 700 есе артық сауап жазылады» (Бәйһақи).
«Тәруия күні ораза тұтып және күнә сөз сөйлемеген мұсылманды, Алла Тағала жұмаққа жібереді» (Рамуз).
«Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінің құндылығы мың күнге тең, Арапа күні болса он мың күнге тең» (Бәйһақи).
«Алланың алдында зүл-хиджаның алғашқы 10 күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ. Бұл күндері тәсбихті (Субханаллаһ), тахмидті (әлхамдулиллаһ), таһлилді (Лә иләһә илләллаһ) және тәкбірді (Аллаһу әкбар) көп айтыңдар!» (Табарани).
Зүл-хиджа айы қыркүйектің 25-і. Ендеше осыншама сауаптан құр қалмайық, ағайын!