Әйел адамдардың міндеттері болатыны секілді, ер адамдардың да отбасында атқарар өз жұмыстары бар. Мұсылман ердің алдында некелескен әйелін барлық қажеттіліктермен, соның ішінде, некелескенде мәһрын төлеу, баспанамен қамтамасыз ету және тамақтандыру мен киіндіру секілді негізгі үш міндеті бар.
Әрбір ер адам әйеліне мәһр беруге міндетті. Мәһр – жігіттің қалыңдықтың өзіне ғана арнап беретін сыйлығы. Яғни, мәһр – некелесу барысында немесе қалыңдыққа кейін берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Алла тағала бұл турасында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһрдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер», – деген («Ниса» сүресі, 4-аят). Мәһрді қыз бала жеке өзі пайдаланады. Сый болғандықтан мәһрдің мөлшері белгіленбеген. Мәһр туралы Құранда айтылып кеткендіктен, оны орындау ер азаматқа міндет. Мәһрдің мөлшеріне ешқандай шек қойылмаған. Алла тағаланың: «Әй Пайғамбар! Расында саған мәһрлерін берген жұбайларыңды... халал қылдық» («Ахзаб» сүресі, 50-аят), – деп айтқанындай, мәһрін беріп, разылығын алып қиылған неке адал болмақ!
Баспанамен қамтамасыз етуге міндетті. Ерлердің әйелде хақысы болғаны секілді, әйелдің де ерлерде жақсылықпен өтелетін хақылары бар. Біз «әйел адам ерінен бір сатыға төмен тұруы керек» деп не үшін жиі айтып келеміз? Міне, ерлер қауымы отбасындағы орасан міндеттері мен жауапкершілігіне орай әрдайым әйелдерден бір саты жоғары тұрады. Отбасында еркектің жауапкершілігі де дәл сондай дәрежеде жоғары, жауапты. Ер адам ең алдымен отбасын баспанамен қамтамасыз етуге міндетті болып саналады. Отау тігіп, өз алдында шаңырақ көтеруге ниет еткен әрбір азамат алдымен алған жарын, болашақ балаларын баспанамен, жылы орынмен қамтамасыз етуге әбден жауапты болып табылады. Сондықтан, жарыңыздың алдында өз жауапкершілігіңізді толықтай сезінгіңіз келсе, онда осы міндетті орындауға тырысыңыз.
Жарын тамақтандыру мен киіндіруге міндетті. Жанұяның iргесi мықты болып, түтiнi түзу шығу үшiн, тек әйел адамның ғана жақсы болуы жеткiлiксiз. Күйеудiң өзi жақсы әйелге лайық, отағасылық мiндеттi атқаратын жан-жақты әзiрленген, бiлiм-бiлiгi бар, шаруашылыққа икемдi, ептi болуға тиiс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұбайларыңа жегендеріңнен жегізіңдер, кигендеріңнен кигізіңдер, оларға зәбір көрсетуші болмаңдар және олардың көңіліне келетін жаман сөздер айтпаңдар» (Тирмизи) деп өсиет қалдырған. Ертеден «әйел адамның ризығы ер адамның қолынан алуға берілген» деп айтылады. Ер адам өз отбасының арбасын өзі сүйреуге талаптанса ғана іске асады. Ер адамның бұратылып төсекте жатқаны үйдің берекесін алады. Керісінше, жұмысына ерте кетіп кеш келіп жатса, бұл қалыпты жағдай саналады. Бір-біріне киім, қорған, тыныштық, тыным болуы үшін жаратылып, Алла тағала араларына мейірім мен махаббат салған ер мен әйел – бір-бірін толықтырушы. Артықшылығын еркектерге: «Араларыңдағы жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың», деп түсіндірген Ислам діні, дұрыс отбасылық өмірді қалыптастыру жолын да көрсетіп қойған. Еркек үшін ең үлкен садақа – отбасына жұмсаған қаражаты болмақ. Ердің Алла алдындағы шынайы деңгейі түздегі әрекетімен емес, әйеліне деген қарым-қатынасымен өлшенеді. Жомарттық – ең бірінші киімің болған әйелге ешнәрсені аямастан жұмсаудан басталады. Бұл сізге құлшылық ретінде жазылады. Және мұндай еркектің дәрежесі әйел алдында қадірлі бола түседі.
Ешбір ер адам өзінің сымбаттылығымен, білімімен, даналығымен, мінезімен отбасын ұстап қала алмайды. Араға махаббат пен мейірімді орнататын – Алла тағала ғана. Сондықтан, әрдайым мына дұғаны оқып жүріңіз: «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың (Өзіңе бойсұнып, жазадан қорқып, сақтанғандардың) алды ете гөр!» («Фұрқан» сүресі, 74-аят).