Ораза айт күні ер адамдар мына амалдарды жасауы тиіс:
— таңертең күндегіден ерте тұрыңыз;
— мейрамға іштей ниеттеніп дайындалыңыз;
— мешітке барар алдында жуынып, ең жақсы киімдеріңізді киіп, жақсы иіссу себініңіз;
— мешітке бір жолмен барса, қайтарда басқа жолмен қайту – сүннет. Кейбір ғалымдардың айтуынша, сауабы мол болсын, әрбір қадамға сауап жазылсын деген ниетпен ұзын жолмен барып, қысқа жолмен қайтуды дұрыс санаған;
— үйден шығарда бір, үш немесе бес (тақ санда) құрма жеп шығады. Әнастың (р.а.) риуаят еткен хадисінде: «Алла елшісі (с.ғ.с.) ораза айт намазына құрма жемей бармайтын», - делінген;
— мешітке бара жатып іштей тәкбір айтылады;
— мешітке келгенде намазға тұратын уақытқа дейін жамағатпен тәкбір айтылады;
— мұсылман бауырлар бір-бірін құттықтап, «ғафараллаһу ләнә уа ләкум» (Алла біздің де, сіздердің де қате күнәларымызды кешірсін) немесе «тақаббалаллаһу минна уа минкум» (Алла біздің де сіздің де дұғамызды қабыл етсін) деп дұға етеді;
— қайтар жолда балаларыңызға тәттілер мен сыйлықтар алып, оларды қуантуды ұмытпаңыз, бұл бір үлкен мереке емес пе?
— Айт түндерін құлшылықпен өткізу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ораза айт түні мен құрбан айт түнінің сауабын Алладан тілеп, сол түнді құлшылықпен өткізсе, жүректер өлетін күні оның жүрегі өлмейді» - деген.
mazhab.kz