Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік.
Дастарханға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (с.а.с.) өсиеттерінен алынған өнегелер.
Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты».
Асты ала бастағанда Алланың есімін айтуды ұмытып, кейіннен есінен түсірсе, «алдында да, аяғында да Бисмилла» десе болады.
Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (с.а.с.): «Егер де біреулерің тамақ жесе, «Бисмиллә» деп айтсын. Ал егер басында ұмытса, онда «Басында да, аяғында да «Бисмилла» деп айтсын», – деп айтты».
Асқа сол қолын салған балаға үлкен кісілер оң қолмен жеуді үйреткен. Бұл келесі хадистен алынған тағылым болып саналады.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді».
Осы тұрғыда оң жақ пен сол жақ жайындағы халық ұғымы мен мұсылмандық дәстүрдегі пайымды түсіндіріп өтудің реті келіп тұр.
Оң жақты жақсы көру
Халқымызда барлық істерді оңшылдықты жақсы көру үрдісі бар. Игілікті іс бастағанда «Іс оң болсын!» деп тілек тілеген. Мейрам-мерекеде «Ұлыс оң болсын!» деп құттықтаған. Әрбір істі оң жақтан бастағанды дұрыс көрген. Адамдармен амандасқанда оң қолмен амандасқан, бірдеңе бергенде немесе алғанда оң қолмен,оң жақтан бастаған. Үйге кіргенде оң аяқпен кірген. Жаңа түскен келінді босағадан оң аяғымен аттатқан. Алғаш қадам басқан балаға, жаңадан келген кісіге «Қадамың оң болсын!» деген тілек айтқан. Жағымды нәрсені «оңды» деп бағалаған. Жалпы, оң жақты жағымды, ал сол жақты теріс, жағымсыз деп ұғынған. Бұл ұғымның мұсылмандық ұстанымға қатысы бар. Құран Кәрімде Уақиға сүресінің 27-аятында жұмақтықтар «оң жақ иелері» деп сипатталған. Хаққа сүресінің 19-шы, 25-ші аяттарында жұмақтық пенденің амал дәптері оң жағынан беріліп, ал тозақтықтың амал дәптері сол жағынан берілетіндігі айтылған.
Сондай-ақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) әрбір істі оң жақтан бастағанды ұнатқан әрі үмбетіне де солай үйреткен.
Айша анамыздың (р.а.) айтуынша Аланың Елшісі (с.а.с.) дәрет алғанда да, аяқ киім кигенде де, шашын тарағанда да оң жақтан бастағанды ұнататын.
Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) оң жақтан бастағанды жақсы көретін. Оң қолымен беріп, оң қолымен алатын. Барлық істерінде оңшылдықты жақсы көретін».
Әдептілік, сыпайылық
Қазақ халқында әдептілік, сыпайылық тәрбиедегі басты ұстанымдардың бірі. Адамның қандай жағдайда да әдептілік сақтауы ұнамды қасиет. Халқымыздағы әдептіліктің, кішіпейілділіктің бір көрінісі үлкенді сыйлау, құрметтеу, «сіз» деп сөйлеу, атын атамай, есімінің соңына еке деген сыпайылықты білдіретін жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен, Қазбек − Қазеке, Дәулет − Дәуке, Бауыржан − Бауке деген сияқты. Мұндай жұрнақ басқа тілдерде кездеспейді. Мұны XX ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л.Баллюзек те байқап былай деп жазған: «Қазақтардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы».
Үлкен кісіге «сіз» деп сөйлеу де әдептіліктің белгісі еді. Ежелден қалыптасқан осы әдептіліктің ептеп жойылып бара жатқаны жанға батады.
Дәстүрімізде әйелдер де күйеулерінің атын атамай «отағасы», «әкесі» деп сыпайы сөйлеген. Сондай-ақ, ата-енесінің, қайын інілері мен сіңлілерінің есімдерін атамаған. Үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) бір сөзінде сыпайылықтың сынын суреттейді:
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Киген тоның түлкі етер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
Сонымен қатар, халқымызда шәкірттер де ұстаздарының алдын кесіп өтпей, көрген жерде құрмет көрсеткен. Сондай-ақ, үй иесі жоқ кезде, отауда ер адам болмағанда басқа ер адамның үйге түсуіне рұқсат етілмеген. Қазақ даласының мызғымас заңы осындай болатын.
Осы айтылған қағидалардың барлығы қазақ қоғамындағы шынайы сыпайылықтың, әдептіліктің айғағы. «Еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше, шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше» деп сәлеміне қарай әдебін жасаған дала халқы кішіпейілдікті кісіліктің төресі деп санаған. Қазақтың діліне сіңісті болған осы тақылеттес салиқалылық сипаттары нағыз мұсылмандық ахлақтың аясына кіреді. Айғақ ретінде талай аят пен хадисті мысалға келтіруге болар. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.
Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Қандай істе жұмсақтық болса, ол (сол істі) көркейте түседі, ал қай істе ол болмаса, оның дәрежесін түсіреді».
Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім жұмсақтықтан бір үлес алса, ол дүние мен ақыреттің қайырлығына ие болады. Кімде-кім жұмсақтықтан мақұрым қалса, ол дүние мен ақыреттің қайырлығынан мақұрым қалады», – деген.
Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла егерде бір үйге қайырлылық қаласа, олардың арасына жұмсақтық кіргізеді».
Ер жүректік
Қазақ халқы ержүрек, батыр халық. Ата-бабалары кең жазиралы салқар даланы кейінгі ұрпаққа мұра етіп, аманат етіп қалдырды. Отан мен жер үшін, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» талай заманды аттың жалында, түйенің қомында өткізді. Найзаның ұшымен, білектің күшімен атамекенді анталаған дұшпандардан қорғап қалды. Сол үшін Алла Тағала оларға кең даласына лайықты кең пейіл берді, сол жерді қорғап қалу үшін ержүректілік, батырлық қасиет берді.
Қым-қуыт замандарда туған жерін, атамекенін қорғаудан аянбаған қазақ жұрты батырлықты, ержүректікті ер жігіттің ең басты қасиеті деп бағалаған. «Бағы тайған елдің батыры болмас» деген нақыл сөз қалдырған. Ерлікті бағалап, ездікті сынаған. «Ер бір өледі, қорқақ күнде өледі», «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген сықылды нақыл сөздермен жас ұрпақты батыл болып өсуге, Отан қорғауға дайын болуға баулыған.
Ұлтымыздағы осындай игі дәстүрлер дініміздегі игі өсиеттермен астасып жатыр. Оған төмендегі риуаяттар дәлел.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ер адамның бойында ең нашар қасиет: беймаза сараңдық және сужүрек қорқақтық».
Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетіне қорқақтық, сараңдық сияқты нашар сипаттардан аулақ болуды өсиет етті. Сондай теріс мінездерден сақтанудың дұғасын үйретті.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір дұғасында: «Уа, Алла! Өзіңнің атыңмен қорқақтықтан және сараңдықтан сақтанамын», – деген.
Адамзаттың асылы (с.ғ.с.) күшті, батыл мүміннің жігерсіз, әлжуаз мүміннен анағұрлым артық болатын-дығын айтты. Рухани дәрменсіздікке салынудан сақтандырды.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса, «егер былай істегенімде олай болмас еді» деп айтпа, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады»7
Пайғамбар (с.а.с.) қиын-қыстау шақтарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сахабалары кескілескен ұрыстарда қаһармандығына куә болды, оны өздеріне пана тұтты.
Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Майдан даласында ұрыс қызған кезде, екі топ бетпе-бет кездескенде біз Алланың Елшісін (с.а.с.) қалқалап жүретін едік. Арамызда дұшпанға ең жақын тұрған адам сол кісі болатын», – деген.
«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015).