Қазақ халқы ізгілікті, қайырымдылықты қастерлі ұғым санаған. Бір-бірін жақсылыққа, адалдыққа үндеген аталарымыз ізгі істі үлкен, кіші деп бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп тым болмағанда, игі сөзден құр қалмауға шақырған. Мұның өзі Ислам құндылықтарымен, Құран Кәрім мен хадис шәрифтердегі өсиеттермен астасып жатқан тағылымдар, нағыз мұсылмандық ұстанымдар. Жаратқан Иенің Өзі мұсылмандарды жақсы сөз сөйлеуге үгіттейді.
Алла Тағала мүміндерге: «Адамдарға жақсы сөз сөйлеңдер!» – деп бұйырған. Тағы бір аятта: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, дұрыс сөз сөйлеңдер!» – деп бұйырған. Сірә, қазақтағы «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөздің түп-төркіні мына хадисте жатса керек. Алла Елшісі (с.а.с.): «Жақсы сөз – садақа», − деген. «Түрі игіден түңілме» деген қанатты сөздің де мән-мағынасы шарапатты хадистердегі өсиетпен дөп түсіп тұр.
Әбу Зардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) оған: «Ізгіліктің кішісін де, ол тіпті, бауырыңды жарқын жүзбен қарсы алу болсын, немқұрайлы қарамай орында», – деген.
Шынайы иманның кемелдігіне жету үшін ізгі істен аянып қалмау қажет. Оның ішінде үлкені де, кішісі де бар. Көзге көріне бермейтін игілікті мардымсыз жақсылық деп санауға болмайды. Оған төмендегі хадис дәлел.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Иман алпыс бірнеше бөліктен тұрады. Ең абзалы – «Лә иләһә иллаллаһ» («Алладан басқа құдай жоқ») деп айту, ең төмені жолда көлденең жатқан нәрсені алып тастау. Ұят та иманның бір бөлігі», – деген.
Ихсан дәрежесіне жеткізетін сатылардың басы орындауы әркімге жеңіл жақсылықтардан басталады. Ардақты сахаба Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұлы Абдулла (р.а.): «Ізгілік деген оңай: жарқын жүз бен жылы сөз», – деген екен.
Отан туралы
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп Отанын қастерлеген қазақ атамекеннің қадір-қасиетіне жете білген. Өйткені туған жер үшін қаншама жаулармен арпалысып өтті, талай зұлматты замандарды бастан кешірді. Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл діні-міздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар.
Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген қанатты сөз бар. Мағынасы «Отанды сүю – иманнан» дегенді білдіреді. Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар (с.а.с.) да өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да, алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Мүһәжір сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген екен.
Қазақ халқында туған жерді қадірлеуге үндейтін тәлімді сөздер көп. Мысалы, қаз дауысты Қазыбек би туған жер мен елдің қадірін былайша білдірген:
Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың әкең қымбат.
Осы айтылған қымбат құндылықтарды қызғыштай қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бұл тұрғыда халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Туған жер, туған ел үшін адал қызмет етуге шақырады. Мұндағы Отан жайлы ұстанымдар жалпы мұсылманшылық ұстаныммен бір арнада. Алланың Елшісі (с.а.с.): «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз», – деген.
Ар-ұят – иманнан
«Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұлы ұстанымды тіршілігінің басты қағидасы етіп ұстанған қазақ халқы үшін ар-намыс, ұят-ұждан ұғымдары аса киелі. Дала тұрғыны дүние күйіп кетсе де, ар-намысты таптатпауға тарс бекінген. Жаны үшін малын садақа етсе, ар-ұят үшін жанның өзін пида етуге дайын болған. Өйткені қазақ үшін «өлімнен ұят күшті». Сондықтан да ел арасында мынадай мақалдар кең тараған. «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Ер болсаң нәпсіңді жең».
Мұндай биік ұстаным айқын иманның белгісі. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ұятты болуға шақыратын ұлағат сөздерді көп кездестіреміз.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық», – деген.
Имран ибн Хусайыннан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Ұят тек жақсылық әкеледі», – деген. Басқа риуаятта: «Ұяттың барлығы да қайырлы», – делінген.
Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ұят – иманнан, ал иман жәннатта болады. Бұзық сөз – дөрекіліктен, ал дөрекілік тозақта болады».
«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015).