Қытай медицинасына сүйенсек, адамның бойында 700-ден астам биологиялық белсенді нүктелер бар екен. Ал бұл нүктелердің 66-сы болса өте күшті әрі әсерлі нүктелер көрінеді. Ең қызығы, бұл нүктелердің 61-і мұсылмандардың дәрет алғанда жуатын дене аймақтарында орналасқан екен. Қалған бес нүктесі аяқтың тобық пен тізенің арасындағы бөлігінден орын тепкен. Демек, мұсылман баласы дәрет алғанда өте әсерлі 61 биологиялық белсенді нүктеге температуралық және физикалық әсер етумен қатар гидромассаж да жасайды екен.
Ал аяқты тізеге дейін жуып дәрет алу сүннет. Егер олай жасайтын болса, тіпті барлық 66 өте белсенді нүктелерді басып өткен болады. Осылайша күніне бес уақыт намазға бес рет дәрет алған адам кешенді массаж процедурасынан өткен болып есептеледі. Бұл массаждар адамның ішек құрылыстарына, асқазанына, зәр шығару жолдары мен қуыққа, жүйке жүйесінің реттелуіне, жүректің қалыпты соғуына, жыныстық қызметтерге, қалқанша бездеріне тізе берсек қаншама ағзаға оң әсерін тигізеді екен. Оның үстіне салқын су теріміздегі рецепторларға да жақсы әсер етіп, бетке әжім түсуден сақтайды. Қарап отырсаңыз, дәрет алу арқылы сіз ғибадаттан бөлек денсаулығыңызға да ерекше күтім жасайды екенсіз. Ислам дінінің хикметі де міне осында. Дін әруақытта ғылыммен сабақтасып жатқандығын осындай жайттардан аңғара аламыз. Ендеше таңертең тұрғанда тек беті-қолымызды жуып, тісімізді ғана ысып шықпай, толықтай дәрет алып шықсақ, сауабынан бөлек кешенді массажымызды бастаған әрі гигиеналық талаптарды сақтаған боламыз. Себебі, Ислам – тазалық діні. Ал тазалық, Пайғамбарымыз айтпақшы, иманнан.
Ал енді дәреттің рухани жағына келер болсақ. Пайғамбарымыз өзінің қасиетті хадисінде: «Дәрет – намаздың кілті, намаз – Жәннаттың кілті», – дейді. Ал Жұмаққа кіру қай мұсылманның болсын басты арман-мақсаты. Сондықтан да, Жұмақ есігін ашуға арналған алғашқы кілттің қандай болуы қажет екенін әр мұсылман білуі тиіс.
Дәреттің осы дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп. Төрт шадиярдың бірі, Пайғамбарымыздың сахабасы әрі күйеубаласы Хазіреті Осман былай дейді: «Пайғамбарызбен бірге едік. Дәрет алып жатқан бір кісіні көзі шалып, Аллаһ Елшісі сәл езу тартты. Мен мұның мәнісін білгім келіп:
– Не үшін күлдіңіз, құрметтім? – дедім. Ол кісі маған қарап:
– Жаратушы Иемнің дәрет алатын құлына көрсететін ілтипатын ойлап езу тарттым. Дәрет алған кезде адам денесінің әр мүшесін жуған сайын, сол мүшелерден сумен бірге адамның күнәлары да сыздықтап ағып кетеді, – деп жауап берген екен. Демек, дәрет – тек кірдің ғана жуылуына емес, сонымен қатар күнәміздің жуылуына да себеп болатын бір ғибадат. Имам Ағзам Әбу Ханифа да дәрет алғанда адамдардың күнәсі қалайша саусақтарының арасынан ағып жуылып жатқанын көретін болған екен. Ендеше дәреттің маңыздылығы шаш-етектен екенін білдік. Тек ақыреттік ғана емес, сонымен қатар дүниелік те пайдасы баршылық. Олай болса, дәрет қалай алынуы керек, соған тоқталып өтсек.
Дәретте ең маңызды мәселе – ниет. Әуелі адам «Ниет еттім Алла разылығы үшін дәрет алуға» деп ниет етіп, «ә’узу билләһиминәш шайтанир ражим, бисмилләһир рахмәнир рахим» деп Алланың есімімен бастауы тиіс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дәрет алғанда «Бисмиллаһ» деп бастаса, барлық денесін тазалайды. Кімде-кім дәрет аларда Аллаһтың атын еске алмаса, тек қана дәрет мүшелерін тазалайды», – деген.
Ниеттен кейін екі қолын жақсылап ысқылап жуады. Саусақтарын да салалап жуса сауаптырақ болады. Сосын әр мүшені жуғанда әуелі оң жақтан бастап және үш реттен жуылатынын естен шығармаған абзал. Қол жуып болғаннан кейін суды ауызына алып, тамағына дейін жіберіп «ғарғара» жасайды (тамағын ғырылдатып). Бұл да үш рет. Сосын үш рет мұрнына су жіберіп, сіңбіріп тастайды. Одан кейін үш рет бетін жуады. Онда да маңдай шаштың жиегіне, құлақтың түбіне, иектің астына, қастың арасына, сақал болса, сақалдың түбіне, бәріне су тию керек. Сосын оң қолын білек-шынтағына дейін үш рет жуады. Сосын сол қолын. Бұдан соң қол суланып бастың төрттен бір бөлігіне бір рет мәсіх тартылады (сипалады). Сосын құлақтың іші-сыртын сулы саусақпен бір рет сүртіп өту керек. Сосын аяқтың тобықтан төменгі бөлігі (тобықпен қоса алғанда) жуылады. Ол да оң аяқтан, башпайлардың оң жағынан бастап жуылады. Тобықтың жуылуы өте маңызды. Себебі, Пайғамбарымыз: «Отта жанған сол тобықтардың халі неткен жаман», – деп қатты ескерткен.
Дәрет алып біткеннен кейін «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, уә әшһәду әннә Мұхаммадан ’абдуһу уә расулуһ» (мағынасы: «Алладан басқа Тәңір жоқ және оның серігі жоқ екеніне, сондай-ақ Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін») деу керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім жақсылап тұрып дәрет алып, «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, уә әшһәду әннә Мұхаммадан ’абдуһу уә расулуһ» десе, соған Жәннаттың сегіз есігі ашылады да, ол қалағанына кіре алады», – дейді.
Ендеше дәрет алуды әдетке айналдырайық, ағайын. Дәретпен жүрген адамның бойынан шайтан ұзақ жүреді, ал періште үйір келеді. Асты да дәретпен ішкен абзал, берекеті болады. Тіпті, баланы емізгенде де, жыныстық қатынасқа түскенде де дәрет алу маңызды. Жыныстық қатынас мәселесіне алдағы уақытта бөлек тоқталатын боламыз. Оның өзі бір мақалаға татырлық үлкен тақырып.
Дәрет алудың біз біле бермейтін сырлары
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора