Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Араларыңнан біреу кемшіліксіз, жақсылап (сүннетке сай) дәрет алып, сосын ‘Әшһәдү ән лә иләһә иллаллаһу уә әшһәдү әннә Мұхаммадан абдүһу уә рәсулүһу’ десе, сөз жоқ, оған (қиямет күні) жәннаттың сегіз қақпасы ашылады; қалағанынан жәннатқа кіреді” (Mүснәд Aхмед) , - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі mazhab.kz-ке сілтеме жасап.
Ғибадаттардан бұрын дәрет алу Миғраж түнінен кейін Meккe мүкәррәмә қаласында Жәбірейіл періштенің (а.с.) үлгісімен, намазбен бірге парыз болған. Парыз болмастан бұрын да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құлшылықтан бұрын дәрет алғандығы риуаят етілген. Пайғамбарымыз (с.a.у.) дәретсіз ешқашан намаз оқымаған. Өйткені дәрет алу бұрынғы пайғамбарлардың шариғатында да бар еді.
Расында, бұл орайда Ибни Омардан (р.а.) мына хадис риуаят болған: “Пайғамбарымыз (с.а.у.) (тиісті дене мүшелерін) бір-бір реттен (жуу арқылы) дәрет алған соң; ‘Бұл намаздың тек өзімен сахих болатын дәрет’ деген. Сонан кейін екі реттен (жуу арқылы) дәрет алды және ‘Бұл сауабының екі есе артық болғанын қалаған адамның дәреті’ деген. Одан кейін үш реттен (жуу арқылы) дәрет алды және ‘Ал бұл менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың дәреті’ деген”. Расында Mәдина мүнәууәрәда түскен дәретке қатысты “Уа, мүміндер! Намазға тұрар алдында беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін (яғни шынтақты қоса) жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобыққа дейін (яғни тобықты қоса) жуыңдар. Егер бой дәреттерің бұзылса, бастан-аяқ жуынып бой дәрет алыңдар...”деген мағынадағы Мәида сүресінің 6-аяты болса, дәреттің бұған дейін де болған парыздық сипатын нақытылау үшін түскен.
Шынында, асхаб кирамнан Aлқамә ибн Фәғуа (р.a.) былай дейді: Дәретке қатысты аят түспей тұрып Пайғамбарымыз (с.a.у.) дәреті бұзылған болса, қайта дәрет алғанша не сөйлеспейтін, не сәлем алмайтын”. Былайша айтқанда, Пайғамбарымыз бұл аят түспестен бұрын дәретсіз бірдеңе істеу былай тұрсын, бір ауыз сөз айтпаған. Демек, бұл аяттың түсуі Расулуллаһ (с.a.у.) үшін де рұқсат мәнінде болған.
Оған дейін парыз болғанмен, тағы аяттың түскенінің пайдасы бұл үкімнің нақтыланып, бекітілуі. Өйткені дәрет өз алдына жеке ғибадат емес, намазға байланысты парыз болған. Бұдан кейін дәрет жайын жеткізушілер азайған сайын, үммет оның рукүндерін шатастыруы мүмкін еді. Аят арқылы бекітіліп, мұның алды алынған.