Бұзық тоқалдар паранжаның астында отырып-ақ қалаған былығын жасай береді

СЕГІЗІНШІ ТҮС
Кеше қызық болды. «Яссауи феноменін» ұзақ оқыдым. Түрлі ақпарат басыма толып кетті. Сергиін деп кітапты жаптым да смартфонды алдым. ФБ-ның лентасын айналдырып отырмын. Желіде екі тема «өртеніп» жатыр екен. Біріншісі «әйелді сабау», екіншісі «тек күйеуіңе бағын». Жұрт ой-пікірін жарыса жазып жатыр. Түрлі пікір қырқысып, шайнасып, айқасып тұр. Басқа да жаңалықтар шығып қалар деп желіні ұзақ араладым. Жоқ. Көзі ашықтар надандықты тоқтату үшін екі теманы әбден талқылапты. Дүмшелер беріспей «әйел байына ғана бағыну керек. Бағынса жұмаққа кіреді. Бағынбаса сабау керек» деп өзеуреп отыр. Э-э-э, «наданның діні қатты!» деген осы екен ғой деп ойланып жатып қалғып кетіппін. Ұйықтап жатып түс көрдім. Түсімде ғажап іс көрдім. Түркістан шаһары екен дим. Қожа Ахмет Яссауи дүрбесінің намазханасында отыр екем. Жұмаға жиналған жұрт бөлмеге лық толыпты. Көбі түйе жүн шапан киген дәруіштер. Басына тымақ, үстіне күпі киіген мал бағушы қазақтар да баршылық. «Мешітте газ жақпай ма, мұнысы несі? Түркістанға газ келді деп «Хабардан» көрсетіп еді ғой....» деп қалың курткамен тоңып отырмын. Алдыңғы сапқа жайғасыппын. Бір дәруіш жанымда тәспі айналдырып отыр. Бүйірінен түрттім. «Не дейсің» дегендей иек қақты. Мен:
- Құтпаның алдында уағыз бола ма? - дедім. Ол:
- Иә, да. Соған бола жиналдық қой. Болмаса мешіт ауылда да бар,- деді.
- Құтпада уағызды кім айтады?
- Шайқының өзі айтады. Мына отырған әлеумет Әзіреттің уағызын тыңдау үшін жиналып жатыр.
- Хазреті Әбсаттар қажы ма? - деп қайыра сұрадым. Дәруіш жындыға қарағандай басын қисайтып, үнсіз қалды да:
- Түсінбедім? Кім дедің?-деп сұрады.
- Шейх Әбсаттар қажыны айтам.
- Ойбай, ондай шейхты танымайды екем. Бізде жалғыз шейх Әзірет Сұлтан қой. Біз қазақшалап ол кісіні шайқы дейміз.
- Кім сонда шайқыларың? – дедім менсінбей.
- Шайқымыз Түркінің рухани көсемі - Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи! – деді дәруіш асқақ рухпен. Атын естігенде мысым басылып қалды. Есімінің өзі құдіретті естілді.
- Сонда қалай минбарға Әзірет Сұлтанның өзі шыға ма қазір? –дедім бәсең үнмен таңдана.
- Иә, да. Басқа кім бар? Әзірет Сұлтанның хикметін тыңдау үшін Тұранның түкпір-түкпірінен жиналдық. Қазір бұл аймақта Әзірет Сұлтанды танымайтын мұсылман жоқ. Онымен дидарласу үшін Араб пен Ираннан, Үндістан мен Қытайдан ағылып келетін ақжүрек адамда есеп жоқ. Бауырым, ұлық ұстазды танымадың. Соған қарағанда шалғайдан келген сияқтысың. Қай жақтан сапар шеккен мүсәпірсің? – деді маған мүсіркей қарап.
- Алматы қаласынан келдім.
- Алматы?! Ол қай қала? Естісем құлағым керең болсын.
- Қазақ Республикасының бұрынғы астанасы. Кейін астана Ақмолаға көшті. Атын Астана деп өзгерттік. Қазір астанамыз Астана, - дедім бойымды ерекше бір патриоттық сезім кернеп.
- Құдая тоба, Алматы астанасы несі тағы? Астанамыз Астана дедің бе? Жаңылтпаш ойнап отырсың ба? Түркінің бас қаласы осы Ясы мен Сайрам емес пе? Елге еңбегі сіңген игі жақсылар осында жерленеді. Ілім шырағын іздеген жан сапарын Сайрам мен Отырардан бастайды. Бұхара, Самарқанды айналады. Сосын Ясыға тоқтайды. Әзірет Сұлтанның батасын алады. Сосын барып Хақ Жолында сөз бастаған шешен, топ бастаған көсем болады. Шаршы топқа шалқып кіретін шешендер Әзірет Сұлтанның батасын алмай әмір-мағруптан сөйлемейді. Қала берді, ел тағдыры Ясыдағы Күлтөбеде шешілмей ме? Алматыда не бар өзі? Жүрек көзін ашатын ұстахана бар ма? - деді паңдана. Алматының апорты мен әлем таныған айбынды Астананың ғажайып сәулетінен бейхабар мына сауатсыз дәруішке жыным келіп:
- Ей, бауырым, бері қара. Білесің бе өзі Астанада қандай жиындар өтетінін? Бүкіл әлемдік діндер съезі мен ОБСЕ-нің жиыны Астанада өткен, одан бөлек былтыр ЭКСПО - дей бергенімде «Асслаумаәлейкум ардақты ағайын! Армысыздар мұсылман бауырлар! Алыс аймақтан арып-ашып жеткен тілі бөлек болса да тілегі бір туыстар! Жұма баршаңызға қайырлы болсын» деп алпамса денелі, иман жүзді бір қария кіріп келді. Жамағат та жамырап амандасты. «Дәу де болса Әзірет Сұлтан осы болды ғой. Не айтар екен? 21-ғасырдың адамына орта ғасырдың уағызы таяздау һәм күлкілі көрінетін шығар» деп жеңілдеу отырмын.
- Намаздан алдын біраз үгіт насихат қыламыз. Біраз сұхбат құрып, көңілдің шамын жағалық. Сұрақтарыңыз болса қойыңыздар, мұқтарам жамағат, – деді ерекше ізетпен Яссауи баба. Ортадан қарасақал бір қазақ қол көтеріп:
- Тақсыр, ұлықсат болса менде бір сұрақ, - деді.
- Ләббай, екі құлағым сізде,- деді Қожа Ахмет ата ілтипатпен.
- Бұрын «Ер», «Батыр», «Азамат» деп майданда шеп бұзатын жүректі жігіттерді айтушы едік. Қазір елдің дені мынадай хикметті жатқа айтып жүр, - деді де:
Содан кейін керек екен қайратты ерен,
Ол ЕРДЕН рұқсат тілеп ойлапты өрен.
Шын сәттілік шариғатқа сай бақ деген
Сондай ЕРДІҢ етегінен тұтпақ керек.

Бұл жолды тариқат дер, білсе дәруіш,
Мағрифатқа нық бекініп жүрсе дәруіш.
Зікірменен түн пердесін түрсе дәруіш.
Ақиқат майданында сол нағыз ЕР - деп «Диуани Хикметтен» үзінді оқып: – Бұдан былай БАТЫР, ЕР деп кімді танимыз? Осыны ашықтай кетсеңіз? - деді.
- Өте маңызды сұрақ! - деді Ахмет Ата. Даусы қою қоңыр екен. Ара зікірін көп айтқандықтан ба тембрінде металл үні басым. Күмбезбен жаңғырғанда бейне бір Тәңір әлемінен тіл қатып тұрғандай ерекше естілді. Сөзін жалғап:
- Бауырлар Құран нұры келгенге дейін жаудан беті қайтпаған батырларды ЕР деп төбемізге тұттық. Олар ел мен жерді қорғап, бүгінге бізді жеткізді. Батыр бабалардың әруағына мың бір тағзым. Ұлық Алла оларды шапағатына бөлесін. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқалы болсын. Хақ пайғамбар Тәңірдің тыныштық сәлемін біздерге жеткізген соң санамыз нұрланды. Ақылымыз өсті. Тас жүректер жібіді, тар көкіректер кеңіді. Жүрек көзін ашатын ілім нәсіп болды. Құран нұрымен әлемді зейнеттейтін жаңа дәрежеге көтерілдік. Бұдан былай жауды жеңген жарты батыр. Өзін жеңген бүтін батыр саналады. Шын мықты болса әуелі өзін жеңсін. Ер болса Құдайына жыласын, -деді Әзірет Сұлтан.
- Өзін жеңгені қалай, тақсыр? - деген және бір сұрақ естілді соңғы саптан.
- Көңілде кек сақтамасын. Ит мінезімен күрессін. Зорлықшымен тірессін. Таң сахарда Алланы зікір етсін. Жаратылысқа қарап пікір етсін. Тағдырына шүкір етсін. Барға қанағат, жоққа сабыр қылсын. Сабыр, тағатпен көңілдің көзін ашсын, жұртына ілімнің нұрын шашсын. Өзінен мықтыны мойындасын, Хақтың жолында мойымасын. Жігіттің өзімен таласса да бағымен таласпасын. Күншілдерге жақтаспасын. Момындармен қастаспасын. Жақсыларға тас атпасын. Осы үддеден шыққан азамат бұдан былай ЕР атанады. Естеріңізде болсын, батыр деген барақ ит, екінің бірі табады. Би деген ақ шариғат, мыңнан бірі ғана табады. Біліңдер, бұдан былай бұл елге батыр құт емес, би құт, - деді Яссауи баба. Жауабына риза болдым. Сұрақтарының сүйектері де ірі екен деп сүйсініп кеттім. Осы кезде ортадан тағы бір сұрақ тасталды.
- Осында бір ирандық саудагер досым бар. Кеше маған бүй деді. «Қыз баласы неге Ясыда ашық жүреді? Тым еркін екен. Бізде әйел заты бетін бүркеп жүреді. Қыздарға оқу не керек? Бала туып, күйеу күтуді білсе сол да жетеді қыздарға» деп ақыл айтты. Осыған не айтасыз?- деді қасқыр ішік киген бір ауқатты қазақ.
- Бауырлар, қізір бәріміз мұнда отырмыз. Көбіміз тіршіліктің қамымен мал бағып, сауда жасап, айлап-жылдап түзде жүреміз. Сонда бала-шағаны кім оқытып, кім тәрбиелеп отыр үйде? Әлбетте әйелдер! Ұрпақтың бойына инабатты тәрбиені дарытатын солар. Қатының қараңғы болса, ұрпағың надан болады. Хадис шәріпте «Мұсылман ұлға да, қызға да ілім игеру парыз» деген. Олай болса неліктен қыз баланы ілімсіз өсіреміз? Надан әйел салақ болады. Салақ қатын олақ болады. Салақ қатынның аяғынан ас ішу мұсылман үшін қауіпті. Лас тамақ көңілдің айнасын былғайды. Ақылың ақты айырмайды. Нәпсіні күнәдан қайырмайды. Бүгінгі қыз баласы - ертеңгі Ер мен БИДІҢ анасы. Қазір осы аймақта «Түркінің ұстазы Ахмет» келді деп талай тайпа төбесіне тұтады. Бірақ қайтесің енді, сөйте тұра екі қызым Гауһар мен Жәмиланы оқытуға уақытым жоқ. Күні бойы ел ішіндеміз. Отбасы, ошақ қасымды жан жарым мұнтаздай қып ұстап отыр. Екі қызымды ай мен күндей етіп, өнер-білімге баулып, мен емес сол оқытады. Бибім ілімсіз, сауатсыз, қараңғы надан болса екі қызымның тағдыры не болар еді? Олар қандай қыз болып өсер еді? Қыз баланы түнекте ұстайтын надандықты басқа жұрттан жұқтырмаңдар. Мына парсы патшалары сансыз қатын алып, сарайда бүркеп ұстайды. Бірақ бұзық тоқалдар паранжының астында отырып-ақ қалаған былығын жасай береді. Іштен ірігенді сырттан бүркеп түземейді. Тамыры шіріген ағашты бұтағынан емдемейді. Кісінің іші тазармай, ісі тазармайды. Олармен шатысқан сарттар да сондай надандыққа ұрыныпты. Сарттың қыздары бетін бүркеп жүреді, бәлесін артына тіркеп жүреді. Қазақтың қыздары беті ашық жүреді, бәледен қашық жүреді. Ел боламыз десек, әуелі бесікті түзелік, – деп бір тоқтады Әзірет Сұлтан. «Рухани Жаңғыру мына жақта жүзеге асып жатыр ғой» деп тамсанып отырмын. Кенет жамағаттан:
- Кеше бір туысым арабстан жаққа керуін жүргізіп келген. Сол «Әйелді шариғатта сабауға болады. Дене мүшесін сындырмай ұруға ұлықсат бар екен. Бұрын білмеппіз. Сапардан көзім ашылып келді. Ясыда қожалар Исламды дұрыс оқытпайды» деп келді. Қала берді, ұруға қатысты Құраннан аят келтірді. Оған не айтамыз, тақсыр? – деген тағы бір дауыс естілді топ ішінен.
- Әйелді ұрып жазалау Құранда бар, сүндетте жоқ. Пайғамбар өмірінде әйел затына қол көтермеген. Алла елшісі үй шаруасында Хадиша анамызға жәрдем беруден арланбаған. Киімінің жыртығын өзі жамап, үзілген түймесін өзі қадаған. Ер азаматтың белгісі түзде мырза үйде құл. Әсіресе келіндер ауыраяқ кезінде ауыр жұмысқа салмаңдар. Ұрмақ тұрмақ, ұрысуға ұлықсат жоқ. Жерік асын жегізіп, қалаған затын әперіңдер. Құдайға шүкір, Жібек Жолының бойында отырмыз. Қытай мен Үндінің күллі саудагері айна, тарақ, опа, долабты осында тасып әлек. Қыз-келіншектің көркін жоймай, алақанда әлпештеп ұстаңдар. Жанға жайлы бәйбіше, құлшылыққа да қолайлы. Мал таппадың деп миыңды жемейді. Ағайын туыс келгенде жоқтығыңды білдірмейді. Сондықтан әйел затын аялап ұстау, пайғамбарымның асыл сүндетінің бірі, - дегені сол еді.
- «Әйелді ұр» деп Құранда жазыпты ғой, сол рас па, Тақсыр? – деген сұрақ естілді ту сыртымнан.
- Бауырлар, Құранды хикметпен оқыңдар. Аят пен үкімнің астарына көңіл көзімен үңіліңдер. Ену себебіне терең назар салыңдар. Аятты тура мағынада емес, жанама, астарлы мағынада түсінбек ләзім. Құдай Құранда «кәпірді ұстаған жерде өлтір» деген. Қазір Ясыда Исламға қатысы жоқ ғайыр дін саудагердің неше атасы өріп жүр. Кәсібін дөңгелетіп, бізбен бірге берекелі тіршілік кешуде. Қала берді, діні бөтен талай адам іздеп келіп, бізбен сұхбаттасып, қонақ болып кетіп жатыр. Елім тыныш, Тәңірім риза болсын деп баршасымен сыйысып, сыйласып отырмыз. Құранда «Мүшірікті өлтір деген» деп солармен жаулассақ не болады? Құдай Құранда «ұрлық жасаған еркектің де, әйелдің де қолын кес» деген. Талай қазақ «мына бала ұрыларға қосылып, барымтаға барыпты. Ұсталып қалып, өткенде руымызбен құн төлеп әрең құтылыдық. Адам қыл. Тәрбиеле. Зікіріңде отырсын» деп ұрлыққа шатылған ұлдарын маған ап келеді. Шариғаттың үкімі осы екен деп қолдарын кесейін бе сол ұрылардың? Өз інің ұрлықпен ұсталса не қыласың? Қолын кесесің бе? - деді Әзірет Сұлтан жамағатқа қарап. Мешітте өлі тыныштық орнады. Бәрі «құдай сақтасын» деп ақырын күбірлесті. Ахмет Ата сөзін жалғап:
- Кәуірді өлтіремесек, ұрының қолын кеспесек, Құранға сүйеніп, қатын сабаудың не жөні бар? - деді. Сол кезде бір жас жігіт:
- Қатынды сабамаса қамшыны неге іледі? Бір молда «құтыра бастаған қатын ілулі қамшыға қарап есін жинайды» деді. Ол қалай, тақсыр?-деді.
- Әй, бауырлар, батыр бабалар қамшыны қатын сабау үшін емес, үйге жын-пері жоламасын деп іледі. Қамшының қатын сабауға қатысы жоқ. Кезінде Нұх пайғамбарды залымдар қудалап күн бермеді. Бір күні бір есалаң садақпен атып аяғын жаралады. Ол балтырына қадалған сұр жебені жұлып алды да жерге шаншыды. Қолын жайып: «Бұл елге оянатын сана сезім бер, уа Тәңірім! Бұлар надандықтың құрбаны болды» деп жалбарынды. Дұғаның шарапатынан жебеден тобылғы өсіп шықты. Пайғамбардың қаны тигендіктен түсі қан қызыл реңге боялды. Осыдан бастап Тобылғы Алланың назары түскен қасиетті ағашқа айналды. Тобылғы сапты қамшыдан жын перінің сескенетін себебі сол. Атам қазақ қасыма жын пері жоламасын деп қамшының сабын тобылғыдан жасайды. Сол наныммен төрге іледі, - деді даусына сәл жұмсақтық қосып. Ешкім қарсы уәж айтпады.
- Сөз ұқпайтын, сабауға сұранып тұрған ақымақ қатын болса ше? – деді тағы біреуі.
- Ақымақ қатын баласымен ақылды болады. Құдай нәсіп етіп жатса,бибіңе алты баладан кем тапқызба,- дегенде жиналған жамағат жадырап күліп жіберді.
- Неге алтау? Оның не хикметі бар? - деді және бір қазақ.
- Оның хикметі мынау. Арыстаннан алтау тумай ма? Арыстаннан туған алтаудың біреуі абдан болмай ма? Бөріден алтау тумай ма? Бөріден туған алтаудың біреуі арлан болмай ма? Тұлпардан алтау тумай ма? Тұлпардан туған алтаудың біреуі тарлан болмай ма? Азаматтан алтау тумай ма? Азаматтан туған алтаудың біреуінде арман болмай ма? Арманы бар біреуі ата жолын қумай ма, еліне қорған болмай ма? - деген екен атам қазақ. Ақымақ қатыннан туған алты балаңның біреуі Хақ Жолына бекем болса анасының ғана емес, күллі жұртының абыройына айналады. Қит етсе қамшыға жармасатын надандықты тоқтатыңдар. Құран жетінші ғасырда түсті. Ол кезде араб елі надан еді. Хақ пайғамбар олармен күресіп, қараңғылықтан біраз щығарды. Сана сезімдерін өсірді. Одан бері аттай үш ғасыр өтті. Хазіреті Әбу Ханифа шариғатты реттеп, Хазіреті Матруди ақиданы түзеді. Ғұламалар үш ғасырда неше мың дана кітап жазды. Қанша жыл тәжірибе жинадық. Бір Ясының өзінде жүзден аса мешіт бар қазір. Медреселер тәулік бойы тоқтамай халықтың сауатын ашып жатыр. Сана сезімдерің өсті. Арам мен адалды айырдыңдар. Осындай сәулелі заманда әйелмен алысып, масқара болмаңдар. Басқалар естісе «Түркі баласына топалаң келді. Бұрынғыдай әлемге шашқан айбыны жоқ. Еркектері қатын сабайтын езге айналды. Әйелге ғана әлі келеді» деп күледі. Басқаға күлкі емес, үлгі болыңдар. Табалатпаңдар, тамсандырыңдар, - деді.
- Тақсыр, кейде қанша мал тапсақ та қадірімізді білмейтін ақымақ қатындар бар. Оларға да бір үгіт қылсаңызшы, - деді бір мұсылман.
- Бауырлар, мал тапқанды қатынға міндет қылмаңдар. Негізгі адами борштарың бұл емес. Ақылдының мал табуға септігі жоқ, ақымақтың мал табуға кемдігі жоқ. Ер жігіт ілім ізденіп, тәлім тәрбие, үлгілі сөз, өнегелі өрнек, нұрлы хикмет үйренуге және өзгеге үйретуге міндетті. Ұлық Алла Ер мен Әйелді мынадай хикметпен жаратты. Тәңірі тағала күллі ғаламның сырын ең бірінші Адам атаға үйретті. Жүрек өзін ашып, одан тұңғыш ҒАЛЫМ жасады. ҒЫЛЫМ сипатын адамға дарытып, қияметке дейін ұрпағына мирас етті. Содан бастап еркекке ғылым игеріп, ілім тарату парыз болды. Мұғалімдік міндет жүктелді. Сол себепті ер азаматқа ұстаздық еткен жарасады. Тәңірі тағала ең бірінші АДАМДЫ балшықтан илеп сомдады. Хауа ана жаралған соң дүниеге сәби әкелетін міндетті әйел затына жүктеді. Осыдан бастап, адам ұрпағы Құдайдың құдіретті қолында емес, ананың құтты құрсағында жасалатын болды. Оны «Алтын Құрсақ» дейміз. Тәңірдің мұндай құдіретті сүндетін жалғастырушы әйел затын сабау барып тұрған ұят қылық. Одан да бибіңнің бабын жасап, көңілін тап. Бөпелі болса қалжасынан қаржыны аямаңдар. Балаң өскенде би болмаса да, би түсетін берекелі үйдің иесі болады. «Ақылды келіншекке үйленген еркек иманның жартысын тегін алады. Қалған жартысын еңбектеніп таппаса МЕНЕН ұялсын» деген ұлық Алла. Ақылды әйелдің ішінде алтын айдарлы ұл жатады. Әйелдің өркендеуіне жағдай жасасаң, елдігіңді сақтап қалу мүмкіндігің ұзара түседі. Ұлың ұятты, қызың инабатты болса екі дүниең абат, екі тойың қабат болады. Түнектегі араб ағайынды жалғыз пайғамбар жарыққа сүйреп шығарды дедім. Сол сияқты жүрек көзі ашылған ер қараңғыда нұрын төккен АЙ сияқты жұртына ілімнің сәулесін төгеді. Ердің көкірегі жүкті болмай, әйелі әулие тумайды. «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады», «астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деген сияқты мақау мақалдарды мансұқтап, ең бірінші өзіңнің көкірегіңді жүкті қылудың қамын жаса, - деді Қожа Ахмет Яссауи. Әулиенің әруақтанып кеткені сонша, жәй сөзінің өзі жарлықтай естілді. Сөзінің ауырлығы сонша мешітте өлі тыныштық орнады. Бәрі үнсіз қалды. Сұрақ қоюға ешкімнің батылы жетпей есеңгіреп отыр. Бір кезде өлі тыныштықты сол жағымда отырған бір жігіт ағасы бұзып:
- Тақсыр, көкірегі қалайша жүкті болады? Оның хикметін ашықтай кетсеңіз? – деді.
- Ер жігіт «ұрпақ тәрбиесі не болады?», «Надандықтан қайтсек құтыламыз?», «Ұрпаққа не қалдырдым?», «Ардан аттамайтын мықты ұрпақ қалдыра алдым ба?» деп қайғырғанда кеудесі рухани уайыммен «жүкті» болады. Сендер ілім-білім ошағында отырсыңдар. Ұлан ғайыр далада қаншама жұрт көшіп-қонып жүр. Соларға хикметті кім үйретеді? Көзін кім ашады? Надандықтан кім құтқарады оларды? «Қараңғы халыққа Құранның мұратын қалай жеткерем? Елім неліктен қараңғыда қалды? Қайтсем зұлымдықтан қашып, ізгілікке ұмтылады?» деп қайғырыңдар. Көкіректі осындай өкініш қапсын. Осыны ойлап, күрсінгенде 18 мың ғалам шайқалатын болсын. Осы өкініш бізді жарыққа шығарады. Тәңірдің де құлынан тілейтіні осындай алаң! Аң аулап, көкпар шауып, қыс бойы соғым жеп, қымыз ішкенге мәз болмаңдар. Ер азаматтың ішіне ат басындай шер қатады деп атам қазақ біліп айтқан. Көкірегі жүкті, шерлі ерлерге қыз-келіншек ғашық болады. Елі үшін қайғырған азаматты кім мақтамайды? Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған. Қуыс кеуде серісымақты қатыны тұрмақ баласы да сыйламайды. Қатынға бақырмастан бұрын «жүрегімде шер бар ма?» деп ішіңе үңіліп алған ләзім, - деп Әзірет Сұлтан арыны қатты ақтабандай арқаланып кетті.
- Тақсыр, араб, парсы тілдерін үйреніп, оқыт дейсіз. Бұл жұрттың надандары да баршылық қой. Ол жағы қалай болады? – деді.
- Бауырлар, араб пен парсының өнерін, тілін, дінін һәм мәдениетін үйреніңдер. Дүмше дәстүрінен жиреніңдер. Пайдалысын сіңіріп, зияндысын жойыңдар. Керісінше түркінің дарқан мінезін оларға жұқтырыңдар. «Бұлар надан боп жүре берсін» деп немқұрайды қарамаңдар. «Бауырым, мына ісің сүндетке теріс. Бұлай жасама, ұят болады» деп тыйыңдар. Тәңірім араб ағайындарға пайғамбарды нәсіп қылған. Құран тілі араб тілі. Осы екі нығметіне құрмет көрсетіп, надан араб көрсеңдер көзін ашыңдар. Пайғамбардың беделіне, Құранның ақысына кең ойлауды, әр істе әділ болуды оларға көрсетіңдер. Құранды құр тілмен емес жүрек көзімен оқуды үйретіңдер. Араптың надандығын дін деп соқыр кейіпте ала берсеңдер, оларға да, бізге де зиян болады, - деді. Бұ сөзге бәрі ұйып қалды.
- Сұрақтарыңыз болса қойыңыздар. Болмаса, намазды бастайық, - деді Яссауи. Не түлен түрткенін қайдам, мен батылданып кетіп:
- Менде бір сұрақ бар, тақсыр! - деп саңқ ете қалдым. Орнымнан тұрдым. Бәрі мені бағып тұр.
- Ә, Шәнжархан, сен бе? Қалайсың балам? Елің аман ба? – деді Әзірет Сұлтан танып.
- Шүкір, бәрі жақсы!
- Мұқтарам жамағат, бұ бала 21 ғасырдың қазағы. Ғайыптан тайып, біздің құтпаға қатысып отыр. Бұлардың дәуірі ғылымның әбден дамыған кезі. Ерекше ақыл иелері. Бұлар таяз сұрақ қоймайды. 14 ғасырдың білімі мен діни тәжірибесін сіңірген бақытты ұрпақ. Бұл баладан үлгі алып, сұрақ қоюды үйреніңдер, - деп мені жамағатқа мақтады. Отырғандар анталай түсті. «Ойпырмай, намаздан соң мына баланың батасын алып, киімінен тәбәрік жыртып алайық. Күпісіне баламызды бір аунатып алайық. Әзірет Сұлтанның назары түскен мықты мұсылман құсайды» деп бәрі жамырап кетті. Әзірет Сұлтанның өзі мақтағасын оңай ма. Мақтауға мастанып:
- Тақсыр, осы әйелдер күйеулеріне бағынса ғана жұмаққа барады ғой, иә? Мұсылман әйел үшін ең қымбаты ата-ана, ағайын-туыс, тіпті бала да емес, күйеу ғой я? Күйеуіне толық бағынса ғана жұмаққа күмәнсіз кіреді ғой я? - деп қойып қалдым. «Домбырам не дид, мен не дим» дегендей Әзірет Сұлтанның түрі бұзылып кетті. Ерте мақтап қойғанына өкінген сияқты. Әжімдері дереу тереңдеп кетті. Сол кезде ту сыртымнан:
- Мынау ма әулиенің мақтаған кемеңгері?
- Бізден өткен топас қой мына жігіт.
- Не көкіп кетті мына нас? - деген сияқты күңкіл-сүңкіл естіле бастады. «Өздерің надан» деп ерегісіп мен тұрмын.
- Балам сен, шынымен де 21-ші ғасырдан келдің бе? - деп Қожа Ахмет Яссауи қайталап сұрады.
- Иә!
- Бұл әңгімені қайдан шығарып алдың? «Күйеуі қатынға жатырын жарып шыққан баласынан да артық» деген не сөз? Қайдан үйрендің? Ағайын-туыс, бауырды бір бірінен артық, не кем қылып салыстырып қарайтын надандықты қайдан жұқтырдың? – деді Қожа Ахмет атам.
- Қойыңыз, тақсыр, олай демеңіз. Біздің заманда ол ұят емес. Мұндай мәселені Қазақстанда мұсылмандар салтанатты сахынада көрініс қойып насихаттайды. Солай үйретіп, құдайға шүкір қыз-келіншектерге асыл иман сыйлап жатыр. Ондай шараға сіз сияқты сәлде ораған, ілім игерген, шет елде оқыған, ораза, намазын үзбейтін мықты имамдар қатысады. Солардан үйрендім. Келініңізге «Әке-шешең былай тұрсын, туған балаңнан да мені артық көресің. Мені риза қылмай саған пейіш жоқ! Тар құрсағыңды кеңіткен, тас емшегіңді жібіткен, аязы күнде айналтып, бұлтты күнде толғантып, тоғыз ай тоғыз күн көтеріп, омыртқаңды үзе жаздап, зорға туған ұлың мен қызың да менің қасымда ешкім емес» деп үйретіп қойдым,- дедім үлкін іс бітірген адамша. Ішімнен «әй, мына пақырлардың көзі ашылып, дінге бір жарыды-ау. Маған риза шығар» деп өзіме сүйсініп тұрмын. Әзірет Сұлтан үнсіз отыр. Қос жанары мұңға батқан. Көзінен «21-ші ғасырдағы ұрпағым мынадай болса жетіскен екенбіз. Қайран еңбегім желге ұштың ба? Ақыры надандыққа ұрынған екен ғой» деп салы суға кеткендей көрінді. Бір кезде Әзірет:
- Шәнжархан, бермен қара. Сен «Тозақ та, жұмақ та анаңның аяғының астында» деген хадисті оқып па едің? – деді.
- Ол сахих хадис пе? – дедім ықпай.
- Иә, сахих. Енді хадистің хикметіне құлақ түр. Пайғамбарым миғражға ұшқанда Жебірейл екеуі Адам ата мен Хауа анаға кезікті. Хақ пайғамбар бірінші анасына сәлем берді. Сол жерде сұхбат құрды. Кенет Хауа анамыз аяғын қозғап еді табан астынан ақ сәуле шашырады. 18 мың ғалам нұрға бөленіп, жайнап кетті. Сәлден соң сол аяғын қозғап еді, табанының астынан ыстық жалын көкке шапшыды. 18 мың ғалам сол заматта жанып кетті. Пайғамбар таңғалды. Сосын қоштасып сапарын жалғады. Жолда Жебірейілден оқиғаның сырын сұрады. Періште айтты:
- Әй, Құдайдың досты, Мұхамбет! Cені Құдай өзі сақтады. Бірінші анаңа емес, атаңа сәлем бергенде Тәңірім ренжіп сапарды доғарып, сол жерден үйіңе қайтарар еді. Ал, Хауаның екі аяғынан шашыраған нұр мен оттың сыры мынада. «Жұмақ пен Тозақ ананың аяғының астында» деген. Үмбетім өркениетке жалғанып, мәдениетті ел болсын десең үмбетіңе айт. Үш қыз тапқан әйелді төрге шығарып сыйласын, - деді. Пайғамбарым:
- Үш қыз таппаса ше? - деді
- Онда екі қыз тапқан ананы төрге оздырыңдар, - деді Жебірейіл.
- Екі қыз таппаса ше?
- Онда бір қыз тапқан әйелді құрметтеңдер!
- Қыз тумаған әйел болса ше?
- Онда ұл тапқан келіншекті төбелеріңе тұтыңдар!
- Құрсақ көтермеген әйел болса ше?
- Онда ерін күткен!
- Бойдақ яки жесір болса ше?
- Онда ар-намысын күзеткен әйелді әлпештеңдер! Әйел баласын ардақтамай Ислам көгермейді. Осыны үмбетіңе ұғындыр, - деді. Миғраждан оралған соң ер азаматты түгел жинап: «Бауырлар, бүгіннен бастап, әйел затын кемсіткенді, қорлағанды доғарыңдар. Қыз-келіншектің жағдайын жасамай ел болмаймыз» деді. Содан бастап әйел затын ардақтайтын мұсылмандық өркендеді, – деп Әзірет Сұлтан миғраждан үзінді баяндады. Жұрт миғраждың қиссасына елтіп қалды. Ақжүректері «Әй, мүбәрак та айтады ғой, шіркін» деп кірпіктерін жасқа шылап алды. Қатты толқыған бір парасы пайғамбарға салауат айтып елжіреп кетті. Мен де қайтпай:
- Тақсыр, кешіріңіз, біздің заманның имамдары түк білмейтін сауатсыз дегіңіз кеп тұр ма? Бұл қиссамен не айтқыңыз келді? Қисса сахих па? Иснәді бар ма? Дәлелі бар ма?- дедім. Жұрттың сабыры сарқылған сияқты. Наразы дауыстар көбейе бастады:
- 21-ші ғасырдан келген ақылды адам мынау ма?
- Сөз ұқпайтын топас қой мына бәтшағарың.
- Құдай ай, құтпаның бүкіл ләззатын құртты-ау мына найсап.
- Мына иісалмасты кім екен құтпаға ертіп келген?
- Әй, жігіттер, мына тасқұлақ топасты сүйреп шығарып тастаңдаршы.
- Осындай надардар ғой дінді былғайтын.
- Әйел затын құрметтеудің орнына өзіне табындырғалы жүрген пұт қой бұл оңбаған. Е, кәллә баран десе!
- Аттың құйрығына байлап сүйреу керек мына мақауды. Сол кезде ес кіреді бұған, - деп жамағат радикалданып бара жатты. Қожа Ахмет Яссауи ғана маған болсып:
- Әй бауырлап, олай қатты кетпеңдер. Жұмсақ болыңдар. Құтпадан соң Шәнжархан көзі ашылып мұсылман боп кетер. Қара күшке салмаңдар. Ниеті шли жаман бала емес, - деп шыр-пыр боп жатыр. Мен болсам менсінбей:
- Біздің де имамдар босына сөйлемейді. Олар да білгесін айтады. Тек сахих хадистен айтады, - дей бергенімде жұрттың төзімі толық таусылды. «Әй, жігіттер, мына мылжыңды құртыңдаршы» деп қариялар жағы айғай салды. Жас жігіттер сүйрей жөнелді. Беріспей: «Сүйреме мені, мен де намаз оқимын, е. Жалғыз сендер емес мұсылман» деп жұлқынып қоямын. Сол сәтте мұртының екі ұшы көкке қарай тік шаншылған ірі денелі, қойшы қазақ қонышындағы дырау қамшыны суырып алды да «әсілі Тәңірім тобылғы сапты қамшыны осындай ойсыз есек еркектерді сабасын деп жаратқан. Мұның бар хикметі осы» деді де қақ шекеден осып жіберді. Көзімнің оты жарқ ете қалды. Сол сәтте селк етіп оянып кеттім. Қамшыдан қашқандай басымды ұстап тыпыршып жатырмын. Қасымда қуыршақ ойнап отырған кіші қызым жаны қалмай бағып тұр. «Көке не болды? Неге шошып ояндыңыз?» деді. Жаным қалмай басымды сипалап көріп жатырмын. Саумын. «Е, түсім екен ғой» деп қуанып қалдым. Оянып кеткенім қандай жақсы болды. Мынау бір сұмдық түс болды. Дегенмен орта ғасырдың адамы қараңғылау болады екен. Болмаса есі дұрыс адам намазға келген мұсылманды мешітте қамшымен сабай ма ...

Санжар Керімбайдың Facebook парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста