"Бүкіл адамзатқа жақсылық жасағыңыз келсе, балаңыз ана сүтін емсін!"

Бұл - сегіз баланың анасы (бесеуін өзі туған, үшеуін бауырына басқан) Робин Лимнің бүгінгі ұраны. Робин Лим - индонезиялық жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін жеке клиникасымен аты әлемге танымал акушер маман, қазіргі күні табиғи босануды дәріптеп жүрген ханымдардың бірі.

"Дәл қазіргі кезде әлем бойынша әйелдің жан дүниесін өз табиғи болмысынан алыстатып, оны бұзу үшін сұмдық күрес жүріп жатыр", - дейді ол бір сұхбатында. Шыны керек, біздің әйелдеріміз бұл күрестің қаншалықты құрбаны болып жатқанын мен әлі зерттемедім. Бірақ Робин Лим өз клиникасының жұмысы туралы айтқанда жылағың келеді. "Біз өзіміз босандырған әйелге 42 күн бойы қолдан келгенше қамқорлығымызды, жанашырлығымызды көрсетеміз. Оның жанында күнде бола алмасақ та оған телефонмен қоңырау шалып, бір ауыз сөйлесеміз. Ең алдымен баланы уақытылы емізген-емізбегенін сұраймыз. Егер телефонның ар жағындағы әйелдің мазасыздығын байқасақ немесе баласы жылап жатса, дереу мотоциклды оталдырамыз да сонда жетуге асығамыз. Тіпті ол бізден 2-3 сағаттық жердегі ауылда тұрса да не өзім барамын немесе клиникадағы бір қызметкер әйелді жіберемін. Өйткені бізге ананың көңіл-күйі мен баланың ана сүтін емуі бәрінен маңызды!" - дейді акушер ханым.

Ал енді өзімізге келейікші. Алланың мейірімімен бұл уақытқа дейін перзентханада төрт рет болдым. Балаңыздың жылағанын естісе, жүгіріп келетін медбикелер мен педиатр мамандар бізде де жоқ емес. Бірақ олардың саған келіп бір ауыз жылы сөзімен көңіл-күйіңді көтеріп, қиналсаң жұбатып, балаңызға ана сүтінің маңыздылығын есіңізге салатын жағдай бізде сирек. Бес минуттық осындай жылы қарым-қатынасымен-ақ біраз іс тындырып тастай алатындарын перзентхана қызметкерлеріне үйреткім кеп тұрған жоқ, әрине.

.... Бірақ баласын бүгін босанса да құшағындағы сәбиімен бірге қолынан бір сәт телефоны түспейтіндер бар. Ұйықтап жатқан баласын маған күзеттіріп қойып өзі сүйікті сериалын көруге тв залға асығатындарды да көрдім, өз басым. Тіпті күйеуін жаңа көргендей, телефон арқылы жанжалдасып, күйзелістен арыла алмай, не өзінің мазасы болмаған, не баласының күні-түні жылаудан жағы бір тынбаған әйелдерді де көріп жүрегім ауырған еді, бір кездері.

Сонда қалай?! Тоғыз ай бойы көтеріп жүрудің қуанышын айтпай-ақ қояйын, толғақтың ащы дәмі, босанудың ауыртпалықтары, балаңды көргеннен кейінгі қуанышың, оның еміреніп сені іздеуі, сені тануы, жұпар иісі сені түрлі көңіл күйге бөлеп, тек тәніңде ғана емес жан әлеміңде де ұлы өзгерістер болуы тиіс еді ғой! Мынау жарық дүниеге жаңа бір адамның келуіне себепкер болуың, ана деген атты иеленуің, енді сенің бүкіл мейірім-жылуыңа мұқтаж тағы бір тірі жанның мына әлемде бар болуы... Осының бәрі сенің көңіл сарайыңды кеңейтіп, қуанышыңды еселеп, өмірге шабыттандыруы керек еді ғой! Сенің күллі пейіл-ниетіңді өзіне сіңірген сүт тұла бойыңа сыймай тұруының өзі бір ғажап күй емес пе?!

Бейкүнә сәбиіңді құшағыңа алғанда ойыңдағы бітпей қалған қыруар шаруаң ұмытылып, жан сарайыңда шат-шадыман бір мереке басталуы керек. Тіпті мұны ғылымның өзі зерттеп тастаған. Босанған әйелдің аналық сезімі оның ағзасына үлкен өзгеріс әкеліп, қандағы окситоцинді арттырады. Окситоцинді әйелге зор пайдасы үшін «сүйіспеншілік пен сенім гормоны» деп те атайды. Жалпақ тілмен айтқанда, тоғыз ай бойы құрсағыңда көтеріп, күтіп келген сәбиін құшағына алған ананың қуанышы мен мейірімінен бойында өзінен-өзі өніп жататын бұл гормон енді ол ананың әрі қарайғы жақсы көңіл-күйі үшін қызмет етеді. Бұл босанған әйелдің жатырының өз қалпына тез келуі (жиырылуына) мен сүттің жақсы өндірілуі үшін ең белсенді гормон.

Ана сүтінің құрамы, оның орнын ешбір жасанды сүт алмастыра алмайтындығын, емізудің бала үшін ұшан-теңіз пайдасын кез келген әйел өмірінде ең кемі бір рет естіп не оқып болсын білетініне шүбәм жоқ. Тіпті баланың физикалық дамуына қарай сүттің де құрамы жас организмге қажетті дәрумендермен толығып әр уақытта өзгеріп отыратыны өзінше бөлек әңгіме. Бірақ әрбір ана мүмкіндігіне, денсаулығына, тіпті ниетіне (шыдамдылығы мен сабырына) қарай баласын қанша уақыт (қырқынан шыққанша, бір не екі жыл) емізетінін тек өзі шешеді. Ендігі сұрақ: емізу уақытындағы, яғни ананың баланы емізу сәтіндегі көңіл -күйі қалай? Бұған әуелі өз замандастарымның арасынан жауап табу үшін (қолда бар мүмкіндігіме қарай) Whats app желісі арқылы топ құрдым да мына сауалды ортаға тастадым:

«Бала емізгенде не ойлайсыз?

Алдағы жоспарларымды, бітпей қалған шаруаларымды ойлаймын.
Қандай ас мәзірін дайындайтынымды ойлаймын.
Ата-анам, жақындарым туралы ойлаймын.
Әр түрлі ойлар...
Телефонға келген хаттарды оқимын немесе телефонмен сөйлесемін.
Өз ойыңыз...
Бұл сауалға өз таныстарымнан бас-аяғы жиырма бес адам қатысып, шынайы жауаптарын жазды. Біріншіден, оларға сөзімді жерге тастамай, осы сауалнамаға қатысқаны үшін ризамын. Әр қайсысында ең кемі екі, ең көбі алты баласы бар 25 ананың 8-і бала емізу кезінде мейірленіп, білетін сүрелерін оқып, тілек тілейтінін айтты және кейбірі еркелетіп, баламен сөйлеседі екен. Ал 10 келіншек үшін бала емізу сәті телефонға қарайтын (келген хаттарды оқу, сөйлесу) ең тиімді уақыт екен. Ал қалғандары бұл кезде әртүрлі ойда болатынын, көбіне алдағы күнге жоспар жасайтынын айтады. Бұл көрсеткішке қарап не түйеміз? Біріншіден, телефонға тәуелділік жас аналарымызды да айналып өтпегендігі. Екіншіден, қазіргі кезде ана мен бала арасындағы ең маңызды сәт туралы пайдалы білімнің аздығын көреміз. Ал шамасы келгенінше бұл сәтте баласына бар жылуын арнап, ізгі тілегін үзбейтінін жеткізген сегіз әйелге мың алғыс! Ең бастысы, осы бір ғана сауалым арқылы 25 әйелдің «шынымен мен не істеп жүрмін?» деп өз-өздеріне үңілуіне себеп болып, бір селт еткізгенімді білемін.

«Жыламаған балаға емшек жоқ». Десек те ғалымдар бала тек қарны ашқан кезде ғана емес анасын іздеп, сағынып та жылайтынын жиі айтады. Бұған өз басым талай көзім жеткен. Сенің жылуыңды аңсап, іздеп жылаған балаға көкірегіңді «бергеніңмен» көңіліңнің әлемді шарлап кетуі ол барлық әйел затына тән табиғи құбылыс. Бірақ ойдың шегі болған ба?! Қазаныңызда тамақ пісіргенде оған ыстық ықыласыңызды қосқанда ғана дәмділігі артатыны сияқты, құшағыңыздағы баланы ықыласыңызбен, бар аналық жылуыңызбен емізудің де орны бөлек. Қазіргі күні баланы сүтке жарыта алмау, тойдыра алмай жасанды сүтпен қосымша тамақтандыру қалыпты үрдіске айналған. Бірақ неге сүт аз шығады деген сияқты мәселелерді зерттеп, белгілі бір тұжырым жасап жатқан ешкім жоқ. Сенің көкірегіңе сүт жиналып, алпыс екі тамырың иіп салуы үшін тек құнарлы тамақ пен сұйықтықты көп ішуден басқа да маңызды іс бар. Ол - ана жүрегінің тыныштығы. Жүйкеміз тынық, жүрегіміз тыныш кезде ғана бойдағы сүтіміз нәрлі болып, баланың жанына да, тәніне де азық береді. Ана жүрегінің тыныштығын бала да сезеді. Ана мен бала арасындағы тығыз байланыстың барын ғалымдар әлі зерттеп келеді.

Ақ бесігін тербеткен белсенділерім менің, сендегі күйзеліс пен бітпейтін күйкі тіршіліктің күйбең ойларынан сәбиіңнің жұпар иісі сейілте алмаса, онда білгейсің, Ұлы Жаратушыңның әйелдік болмысыңа берген мол игіліктерін толық пайдалана алмағаның деп түсін! Даладағы өмірі бітпейтін шаруаңды, ел-жұртқа қарызыңды немесе қолың жетпеген армандарыңды (бұрынғы реніштерің мен дүниелік уайымдарыңды) ойлауды бір сәт тоқтатып, баланың тап-таза әлеміне үңіліп көрейікші. Оның анасы болу үшін Алла сені таңдады, саған аманаттап берді! Жарық дүниеге аман сау келуін үздіксіз тілеп келгеніңді бала да естиді, біледі.

«Әйел - қырық шырақты!» Сенің нәзіктігің, жұмсақтығың, мейірімділігің, тәуекелшілдігің, сабырың, жаныңның тазалығы бір арнаға тоғысқанда ғана шын ажарланасың! Өзіңдегі Құдай сүйген қылықтарыңды оятумен ғана қол жеткізетін бұл нағыз әдемілігің үшін әлем саған қарыздар болады! Даналығы шексіз Алла сол үшін де Жәннаттың есігін сенің табаныңа әкеп қойған-ау деп ойлаймын. Хадисте «Алла үшін алушыдан гөрі беруші сүйкімдірек» демей ме?! Ойланып қарасақ, әйел затының бүкіл болмысы тек беруден тұратын сияқты. Өзгеге өмір сыйлау, жанын жылыту, тойдыру, тілеуін тілеу... Бұл істердің арғы жағында өзінен бұрын басқаның бақытын ойлай алатын кеңдік пен жомарттық тұр! Ана болу - жомарттықтың шыңы! Бір баланы еміреніп, мейірленіп емізуің бүкіл адамзатқа жақсылық жасағанмен бірдей. Баланың жанына, тәніне азық болар ақ сүтіңнің әр тамшысы үшін сауап жазылады. Сен берген сайын бұл жомарттығыңа қарай өмірдегі бақытыңның үлесі де артады. Өйткені ана мен баланың бір-біріне ең жақын болатын кезі тоғыз ай бойғы жүктілік пен осы емізу сәті. Емізу сәтіндегі ықыласымыз бен тілегіміз ұл-қызымыздың ертеңгі күні «Анашым!» деп қас-қабағымызды бағып, оң батамызды сұрайтын ізгі ұрпақ болуына үлкен мүмкіндік дер едім. Қазір қолымызда тұрған бұл «шансты» жіберіп алуға болмайды! Жаныңның жомарттығымен жасаған бұл жылуың өзіңе екі дүниеде де еселеніп қайтатыны даусыз.

Айтпақшы, әйелдің сүйектен жаратылуындағы бір даналығын еске түсірейікші, қабырға сүйек иілген, майысқан емес пе еді?! Біздің тым әсершіл, сезімтал, эмоцияға бай болуымыздың бір сыры, кез келген сәтте көңіл- күйімізге қарай құбылуымыз оп-оңай. Ендеше, бала туу тек ұрпақ жалғастығы ғана емес, ол біздің жанымызды жетілдіретін, кемелдендіретін ұлы мектеп.

Егер әйел бойындағы сезім өлсе, онда бәрі бітті дей беріңіз! Алла сақтасын. Мейірім болған жерде ғана береке бар. Дәл қазір мына екі жақсылық сіздің қолыңыздан келетініне күманым жоқ:

1) Егер сіз емізулі ана болсаңыз, балаңызды мейіріммен емізіңіз (екі минут болса да);

2) Егер сіздің емізулі баласы бар келініңіз, сіңіліңіз, жеңгеңіз, көршіңіз, танысыңыз бар болса, онда оған ана сүтінің бала бойына мейірім-жылумен бірге берілуі өмірдегі ең маңызды іс екенін есіне салып, айта жүріңіз.

Робин Лимнің сөзімен айтсақ, «дүние төңкеріліп түссе де бала ана сүтін мейірімімен емуі керек». 

islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста