Біздің дініміз – асыл, ізгі, берік дін, бірақ біз оған берік бола аламыз ба?
Әу бастан қазақ – қолындағы жарты күлшесін жадап-жүдегенге бөліп беретін мейірімді халық, ешкімнің меншігіне қызығушылықпен немесе тойымсыздықпен көз алартып, озбырлық жасамайтын қанағатшыл, барға бар, жоққа жоқ деп қараған сабырлы, қара қылды қақ жарған адал халық, өзінің маңдайына жазылған ел мен жерді қар жастанып, мұз төсене жүріп айқаса қорғап қалған батыр халық және иманға ұйыған, ауызбірлігін сақтаған, үлкен мен кіші арасында қалыптасқан сыйластық дәстүрі бар сыпайы, рухы мықты қасиетті халық. Бізді тағдырдың талай тауқыметінен алып шыққан осы қасиеттер болатын, «мың рет өлсек те, мың рет тірілуіміздің» себебі осы еді.
Бізге осы асыл қасиеттер қайдан келді деп ойлайсыз? Әрине, асыл дінімізден. Қазақты момын халық дейді, осы момындықтың аржағы «ұят-иманнан» дегендей, иманынан десек қателеспейтін болармыз. Демек, ұлтымыздың өзіндік болмыс-бітімін тұтастырып, жоғары адамгершілік келбетін сомдап тұрған салт-дәстүріміз десек, салт-дәстүріміздің өзінің түпкі тіні, жуан діңі дінімізде жатыр. Біз кешегі жетпісінші жылдардың екінші жартысында өмірге келіп, сексенінші жылдардан өте келе ес білген буынның өкіліміз. Қолға қалам алып, хат таныған соң араға сегіз жыл салып жетті тәуелсіздік. Бірақ, садақа беру, құрбан айт шалу, өлім-жітімге қатысты жөн-жоралғылар мен өмірге келген нәрестеге қатысты дәстүрлер, асқа бата жасау – біздің елдің бағзыдан келе жатқан бұлжымас қағидасы еді. Әкемнің әкесі соғыста хабарсыз кеткендіктен, әкемді өз қамқорлығына алған оның ағасы 1986 жылы, оның зайыбы 1990 жылдары қайтыс болғанға дейін бес уақыт намазын қаза етпеген діндар, молда кісілер болатын. Тіпті, діннен хабары бар еркек кіндікті майданға аттанған сонау қиын жылдары қайтыс болған енесінің жаназасын шығаратын азамат болмағасын, тәуекел етіп, өзі шығарған екен. Әйел адамның жаназа шығаруы дінімізде құпталмайтын болар, әйтсе де ел басына күн туған зұлмат шақта тоғыз жасқа келіп, бәлиғатқа толған шағынан бастап бетін құбылаға бұрып, сәждеге бас қойған әжеміз амалсыздан осылай етіпті. Ал біз 5-сыныпта оқып жүргенімізде-ақ кәлимаға тілімізді келтіріп, «Алхам», «Құлхуалланы» жаттап алғанбыз. Бұл үлкендерден сіңген қалып болатын. Расында, ата-бабалар тәрбиесін көріп, қаршадайдан жүрекке олардың тәлімін сіңіріп өсудің жаттығы жоқ, керісінше адастырмас алау болады екен. Бүгінде «дәстүр дегеніміз – жоққа алдану, ата-бабалар рухын қастерлеу – Аллаға серік қосу» дейтіндер шықты. Сонда қазақтың әрбір отбасындағы абыз аталар мен асыл әжелер өздерінен бұрынғы үлкендерден үйреніп жүздеген, мыңдаған жылдар тезінен өтіп келген салт-дәстүрдің, қазақы қалыптың «қателігін» бүгінгі базбіреулер «тауыпты». «Айды аспанға шығару» деген осы болар!
Қазіргі қазақ қоғамына, әсіресе жастарға дәстүрлі дінімізді насихаттау, дәстүр мен діннің сабақтас екендігін ұғындыру қажет-ақ. Шөл қысқанда адамның кездескен суды – қақтың суы ма, техникалық-өндірістік мақсатта қолданылған су ма – қарамастан бас салып сіміре беретіні белгілі. Тұма бұлақтың мөлдір суын ұсыну – біздің дәстүрлі дінді көздің қарашығындай сақтаған үлкендеріміздің, еліміздің мұсылмандар діни басқармасының міндеті. Қазақстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының биылғы жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп атауы да сол себепті болатын.
Маңғыстау өңіріне іссапармен келген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ақтауда «Дін мен дәстүр сабақтастығы» республикалық конференциясында, Жаңаөзен қаласында «Дін – қоғамның рухани тірегі» атты конференцияда облыс халқының өкілдерімен кездесіп, мүфтияттың жасаған жұмыстары туралы баяндады. Асыл дініміз, дін мен дәстүрдің бір-бірімен біте қайнасқан сабақтастығы туралы әңгімеледі.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдары бізде мықты теологтар, дінтанушылар болған жоқ. Олардың қызметін шығыстанушылар көтерді, бірақ олар теологтар емес қой. Осыдан келіп бірқатар олқылықтар орын алды. Қазақстанның азаматы қай дінде болса да ерікті дедік. Ал көршіміз Ресейде сол жылдары, яғни 1992 жылы тек төрт қана дінге заңмен рұқсат етілді, себебі оларда бұл салада мықты мамандар бар еді. Біз дін мамандарымыздың жоқтығы салдарынан 1998 жылға дейін діни кітаптарды сараптамадан өткізу үшін әр бетіне қыруар қаржы төлеп сол кездегі Ленинград қаласына жіберетінбіз.
Шығыс халықтарында «терезені ашсаң таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіреді» деген нақыл бар, егемендігін алып, әлем елдеріне терезесін кең ашқан елімізге түрлі діни ағымдар осы кезде кіріп кеткен болатын. Уақыты келгенде түрлі «измдер» жоғалады, бірақ олардың соңынан тағы бірі пайда болады. Қазір Пайғамбарымыздың өсиет-нақылдарын, яғни хадистерін мойындамайтын, тек Құран сөздерімен ғана жүріп-тұратын «Құрани» көрініп жатыр. Орталығы Лондонда, Қазақстандағы орталығы Семей қаласында орналасқан, жылына 80 адамды қатарына енгізетін «Жамағат Ахмадия» деген бар. Соңғы заңымыз бұрынғы олқылықтарды жөндеп, ретке келтіруге ықпал ететін дұрыс заң болды.
Бүгінгі таңда мүфтият алдында «жастарымызды қалай тәрбиелейміз, дәстүрлі дінімізден адаспауы үшін не істеуіміз қажет?» деген сұрақ тұр және осы мақсатта жұмыстанып келеміз. Ислам діні 8 ғасырдан бері ұстап келе жатқан дініміз, сондықтан дәстүрлеріміз дінмен біте қайнасып кеткен. Мысалы, ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу – бәрі Құраннан алынған. Қазір жасыратыны жоқ, ұрпақ сабақтастығы тоқтап қалды, қаракөздеріміздің дінді түсінбей, жат ағымдарға кетуі осының салдары. Әкелердің қасиетін, ұлттық болмысын ұрпаққа дарыту керек – сабақтастық сонда жанданады, бала отбасында, ортасында қазақы болып өссе, ешқайда кетпеген болар еді. Қазір неміс, ағылшын ұлттарының кейбір азаматтары ислам дінін қабылдап жатыр, осы кезден бастап олардың психикасында үлкен, түбегейлі өзгеріс болады, бүкіл дүниетанымы, көзқарасы өзгергендіктен дағдарысқа түседі. Ал қазақы тәрбие көрген, ана тілінде ойлайтын біздің бауырларда олай емес, себебі, ата-анасы, халқы мұсылман болғандықтан, олардың бойында, қанында бар құбылыс.
Қазір келіннің сәлем салуын «Аллаға серік» қосу деп санайтындар бар. Сәлем салу харам емес, ол – сыйластық, келіннің қайын жұртындағы жасы үлкендерге көрсеткен ізет-ибасы. Ол оларды «құдай деп» иіліп тұрған жоқ, тек сыйлау ғана. Мұндай түсінбеушіліктер – болмысымызды жоюға талаптанған сыртқы күштердің әсері, деген Бас мүфти Е.Малғажыұлы қандастарды өз дінімізге оралту өзекті мәселе екендігін алға тартты.
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ оқытушысы Н.Тобыш, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Отанды сүю – иманнан» дейді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)мұсылмандар мейірімді боп бір-біріне көмектесу қажет деп татулықтың, төзімділіктің жол-жобасын көрсетті. Мұхаммед (с.ғ.с.) көршісі яхуди дініндегі еврей кісі екен. Кір жуса суын, үй тазаласа қоқысын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйінің маңына тастап келіпті. Бір күні әлгі кісі сырқаттанып қалады, осы кезде көңілін сұрауға бірінші боп барған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның аузына су тамызады. Сонда «Сенің мейірімділігіңе тәнтімін, сенің дініңнің тазалығына сендім, Мұхаммед! Мен саған қанша қиянат жасадым, ал сен маған тек жақсылықпен жауап бердің» деп, тілін кәлимаға келтіріп барып жан тапсырған екен. Бұдан біздің дініміздің төзімділікке, сабырға, қайырымдылыққа шақыратынын аңғарамыз. Бізді тура жолдан адастырмайтын жол – дәстүрлі дініміз, деді.
Маңғыстауда Бас мүфтиге молдаларға жалақы төлеу және баспанамен қамту мәселелерінің шешілуі, халқымыздың діни қайраткерлері туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу, ішімдік ішілетін орындарда – мейрамханаларда қайтыс болған кісілердің кәдесін жасаудың жөн емес екендігі, сол себептен мешіттер жанынан хатымханалар салу қажеттігі, жұлдыз-жорамал жайы, Фатуллах Гүлен жамағаты мен оның кітаптарына қатысты және өзге де сұрақтар қойылды. Сауалдарға жауап берген Е.Малғажыұлы 600 мыңға тарта халқы бар, 18 ғана мешіті бар Маңғыстауда діни ахуалдың тұрақтылығын айтып, «Пір Бекет ата жатқан киелі өңірге мешіт, жамағат әл-ауқатымен танысу мақсатында келген едім. Құдайға шүкір, ауызбіршілікке ұйыған халқы бар, берекелі жер екен. Тыныштық, тұрақтылық болса, ел өркендейді, бұл Маңғыстауда бар» деді.
Біздің дініміз – асыл, ізгі, берік дін, біз оған берік бола алсақ… Қазіргі әңгіме осында болып тұр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»,
Маңғыстау облысы.
Суреттерді түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН
(Тақырыбы өзгертілген)