Батадан артық тілек жоқ

 Қазақта батадан артық тілек жоқ. Үлкендердің «Өркеннің өссін», «Құдай тілеуіңді берсін», «Мың жаса» деген әдемі тілектері жастарға рух береді, ізгілікке тәрбиелейді.

Қазіргі заманның адамдары бір-бірімен жиі кездесуге, емен-жарқын араласуға уақыттары жете бермейді. Көбіне мерекелерде жанымызға жақын тартатын адамдарымызды смартфонымыздан хабарлама, аудио, бейнежазба арқылы құттықтап жатамыз. Бірақ адамның көңілі деген бір ауыз сөзге семіріп, бір жасап қалады емес пе? Сондықтан дайын картиналар мен бейнероликтер жібергеннен гөрі өз жүрегімізден шыққан шынайы тілектерімізді арнасақ, керемет емес пе? Өзгеге тілеген жақсы тілек, өзіңе де шапағатын тигізеді. Сондықтан өзіміз де мағыналы баталарды жаттап, балаларымызға да үйрете жүргеніміз абзал. Бұл дүниеде сөздің құдіретіндей құдірет жоқ. Қазақ халқы ежелден сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған. Көргенді елдің ұрпағы үлкеннің батасын алуға талпынған.

Ақ бата – сөз өнерінің ең көне үлгісі. Бұл халықтың ақылы мен нақылынан туған парасатты ойларының жемісі. Белгілі этнограф Болат Бопайұлы батаға мынандай анықтама береді:

«Ақ бата адам рухын биікке көтереді, жарқын өмірге, келісті келешекке қарай жетелейді. Таза, адал тіршілік өткізуге жебейді. Істеген істің оң болуына үлкен ықпал жасайды. Болашаққа болған сенімін бекемдейді. Асқақ арман  мұратқа талпындырады, жүрегін таза ұстауға тәрбиелейді. Айналасына мейрлі болуға баулиды, иманын сақтап, ибасын ақтап, кісілікті, кішпейіл, арлы азамат болудың, даңғыл сара жолына салады. Көшбастаған көсемдеріміз, сөз бастаған шешендеріміз, батыл, батыр, балуандармыз, сұңғыла ақын-жыраулармыз, бұлбұл көмей әнші-күйші, биші, сал-серілерміз, құралайды көзге атқан сұр мергендерміз, шешімі шие болған дауды дар айырған, басынған жауды қақ айырған би шешендерміз, бармағынан бал тамған өнерлі шеберлерміздің бәрі балаларын ақ бата бақытына бөлеп өсіре жүріп, өздері де, сол батаның бал сөзді бесігінен тәрбие алып өсті емес пе?!»

Бабаларымыз «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөзді жайдан-жай айтпаған.

Этнографтың айтуынша, ақ бата жас буын ұрпақтарды отанын, халқын сүйуге, ел мен жерін қорғауға, ғылымды да ілімді, білімді де білікті, өнерлі де өнегелі, ибалы да иманды, арлы да ақылды, адамгершілікті де әдепті, мәдениетті де мәйекті, батыр да батыл, көсем де шешен, жетелі де жетілген нар азмат болуға баулитын өткір де шешен өлең сөз, терме сөз үлгісінде айтып, кереметтей өнеге көрсетеді. Бата сөзінің бір ғажабы – бата алған адам бата сөзін естіген жерден-ақ сергіп, жігерленіп, рухтанып, ұлыланып кетеді.

Бата тек ұрпақ тәрбиесіне ғана арналмаған. Батаның құдіреті сол, жетімді жебеп, жесірді сүйеп, әлсізге көмек көрсетіп, жылағанды уатып, қайғырғанды жұбатып, қисалғанды түзеп, құлағанды тұрғызып, жазықсыз жаза көргендерді қорғап, қол үшін беріп қолдап отырады.

Қазақ дәстүрінде ақ батаны ақ сары бас қой сойғанда, көк қасқа тай шалғанда, атан өгіз атап, ақ түйе қарнын жарып, дүбірлі ұланасыр той жасағанда, екі жас бас қосып, некеге отырып той өткізгенде, балаға ат қойғанда, баланы бесікке салғанда, қырқынан шығарғанда, ат мінгізгенде, ақ дастархан жайғанда, ұл баланы сүндеттегенде, қыз баланың құлағына сырға таққанда, құда түскенде, алыс сапар алғанда, қан майданға аттанғанда, жолаушы жүргенде, отау бөлгенде, енші бергенде, жұрт жаңалағанда, қоныс аударғанда, аты бәйгеден келгенде, соғым срйғанда, ту бие шалғанда өмірдегі бар қуанышты, сүйіншілі істердің бәрін ақ бата алудан, ақ бата беру дәстүрінен бастайды.

Үздік баталар үлгісі

Жаңа жылға бата

Жаңа Жылың құтты болсын,

Денсаулығың мықты болсын.

Жүрегіңіз жалын болсын,

Тілегіміз қабыл болсын!

Құдай берсін, кем қылмасын,

Дастарханың мол болсын,

Абыройың зор болсын.

Отбасының байлығын берсін,

Деніміздің саулығын берсін.

Көңіліміз тоқ болсын,

Уайым-қайғы жоқ болсын.

Отырғандарың тақ болсын,

Шакңыраққа бақ қонсын!

Төле би бабамыздың Қойгелді батырға берген батасы

Жүрген жерің жаз болсын,
Айдыныңа қаз қонсын.
Ұйқың-күлкің аз болсын,
Мерейің мақтанып,
Елің-жұртың мәз болсын.
Жая берген жапырақ,
Атсын таңың жарқырап.
Әумин!

 

Көпшілікке берілетін бата

Уа, ұлы құдірет, тілегімді қабыл ет.

Халқымды даласымен сақта,

Елімді данасымен сақта,

Азаматты санасымен сақта,

Сәбиді анасымен сақта,

Биені тайымен сақта,

Қатынды байымен сақта.

Жаманның наласынан сақта,

Пәлеқордың жаласынан сақта,

Ақыр заман тауқыметінен сақта

Дұшпанның табасынан сақта,

Сайқалдың қаласынан сақта,

Өмір бойы жазылмайтын,

Жүректің жарасынан сақта.

Шерменде болған науқастан сақта,

Жоқшылық , таршылықтан сақта,

Алланың қаһарынан сақта.

Ұрпақтың азғынынан сақта,

Қыздың ұятсызынан сақта.

Жер көшкен зелзаладан сақта,

Тау көшірген топан судан сақта.

Патшаның кәріннен сақта,

У тілдің зәрінен сақта.

Халқымның басынан бағын алма,

Ұлыларымның аяғынан шалма,

Уә, ұлы құдірет, тілегімді қабыл ет

Аллаһуәкбар!!!

 

Шаңыраққа бата

Уа, құтты отаудың иесі,

Қолдасын тәңір киесі.

Инабатың жақсылыққа бастасын,

Пейілің жамандыққа баспасын.

Ошағыңның оты сөнбесін,

Арың мен жаның арамдыққа көнбесін,

Босағаң әрқашан берік болсын,

Қосағың әрдайым жерік болсын.

 

Ата-ананың қадірін біл,

Әмірдің әділін біл.

Өнегеңді қызық ет, ақылыңды азық ет.

Сағың еш сынбасын,

Бағың тек нұрлансын

Ой-пікрің көсем болсын,

Айтар сөзің шешен болсын.

Әумин!

 

Дастарханға берілетін бата

Дастарханың сол болсын,

Абыройың зор болсын.

Сабаң толсын қымызға

Шараң толсын уызға.

Өріміңе мал толсын,

Ақ тілеуің жар болсын.

Өрендерің ер болсын,

Әумин!

Дастарханың

 

Ұл балаға бата

Жақсы-жаманды көріп бақ

Бар мен жоққа көніп бақ

Жиынды топқа түскенде

Жүйрігің баптаулы болсын,

Жортуыл жорық жолықса,

Найзаң саптаулы болсын.

Нөкерің сақтаулы болсын.

Дастарханың тоқ болсын,

Уайым-қайғы жоқ болсын.

Бақыт пен дәулет, бас пен мал

Басыңа мәңгі орнасын.

Төрт құбылаң сай болсын

Саған қастық ойлаған

Ғұмырында оңбасын,

Ақылды болсы, арлы бол,

Бақытты бол, малды бол.

Қатарыңның алды бол!

Әумин!

 

Қызға бата

Талдай бой берсін,

Сұңғыла ой берсін.

Жаздай жамал берсін,

Қардай жанар берсін

Анаға шуақ болсын,

Ағаға қуат болсын.

Нәзік жаны болсын,

Елдің ары болсын,

Басыңа өнердің бағы қонсын,

Ақ орданың шамы болсын.

Әумин!

Әзірлеген Айнұр Сенбаева 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста