Халық арасында "Ифтар", "Иншалла", "Машаллах!", "Әлхамдулиллах!" сөздері кеңінен таралып, көпшіліктің таңданысын тудырмайтын да болды. Кейде тіпті мағынасын шатыстырып болса да, сөз арасында қыстырып кетуді қалың жұрт сәнге айналдырған сыңайлы.
Қасиетті Рамазан айында барлық мейрамханалар "ифтар" ұсынып, сауаптан құр қалмауға тырысқан жамағатты "ифтарға", яғни ауызашарға шақырады. Stan.kz тілшісі тіл жанашырларының алаңдаушылығын туғызған мәселеге қатысты ҚМДБ-дан түсініктеме беруді сұраған еді.
Айлардың сұлтаны Рамазанда таңның атысынан күннің батысына дейін Алла разылығы үшін ораза ұстайтын жандар кешке ауыз ашатын уақытты тағатсыздана күтетіні белгілі. Отыз күнге созылған қасиетті айда мұсылмандар бір-бірін ауызашарға шақыру арқылы Жаратқанның разылығын алып, сауап жинауға ұмтылады.
Соңғы кездері қазақстандықтар бір-бірін ауызашарға емес, ифтарға шақыратын болған. Араб тілінен еңген сөз бірте-бірте қазақ тіліндегі "ауызашар" сөзін ығыстырып келе жатқан секілді. Екі түрлі сөз бір мағынаны берсе де, қоғам ойы осы жайтқа қатысты екі топқа бөлініп кеткен. Бір топ "ифтар" деп айту қазақ тілін менсінбеушілік, арабтардың тіліне еліктеушілік екенін алға тартуда. Ал екінші топ "ифтар" сөзі араб тілінен аударғанда ауызашар дегенді білдіргендіктен дәл солай айтудың еш айыбы жоқтығын тілге тиек етеді.
Осы жайтқа қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарымен ақылдасып, пікірін білдірді.
"Негізінде ораза тұтқан адамның күн батқанда аузын ашуын қазақ тілінде "ауызашар" дейді. Ал арабшасы "ифтар" деп аталады. "Ифтар" сөзі мұсылман елдерінде кеңінен тараған. Жалпы алғанда әр ұлт өз тілінде айтса оның шариғатқа ешбір томпақтығы жоқ. Яғни күнә емес. Сондықтан әрбір қазақ қазақшалап "ауызашар" сөзін қолданғаны дұрыс", — дейді имам.
Бұған дейін белгілі журналист Мәди Манатбек халқымызды еліктегішіне налып, жұртты өзімізге үйреншікті ауызашар сөзін "ифтармен" алмастырмауға сұраған еді.