Әулиелер. Әулиелер дегенде ең алдымен еске ерекше қасиетке ие жандар түседі. Қарапайым жұрттың қолынан келмейтін хикметтерді жасай беретін жандар. Мұндай қасиеттерді Жаратушы өзінің Жер бетіндегі өкілдеріне, яғни пайғамбарларға ғана бермеп пе еді?! Қараңыз: Алла қолдап Нухтың кемесі топан суға батпады. Ибрагим отқа күймеді. Сүлейменге жындар бағынды. Мұса асасымен ұрғанда Нілдің суы қақ бөлінді. Иса өлгендерді тірілтті. Өзі де өлгеннен кейін тірілді. Мұхаммед аспандағы Айды екіге бөлді. Миғраж түні көкке көтерілді. Жәннатты аралап Жаратушының дидарын көрді. Оларға Алланың рахметі мен сәлемі болсын!
Ал енді әулиелер кімдер? Қарап отырсақ, олар да пайғамбарлар тәрізді қарапайым жұрттың қолынан келмейтін кереметтерді жасай берген. Бірақ, хикметтер кілті Аллада. Ендеше, әулиелер – Раббының ерекше назары түскен жандар. Яғни, жалған дүниеде пайғамбарлар жолын жалғап, жүрген жерінде иман нұрын таратушылар. Пайғамбарлардан кейін адамзат қауымы азғындыққа түспес үшін, жалған дүниедегі пенделердің парызын есіне түсірушілер болғаны. Ал адамзат болса қашанда қыңыр. Адамзат қауымы әулиелер тұрмақ, пайғамбарлардың өзін талай рет тас атып қуған. Сондықтан да, Раббымыз адамзаттың осынау бұзықтыққа бейім болмысын білгендіктен де, әулиелерге ерекше қасиеттер берген. Онсыз олар жұрт бетін өзіне бұра алмас еді. Иманға ұйыта алмас еді. Әулиелер сол Иесі дарытқан хикметтер арқылы көпшілікті тәубесіне келтірген.
Байқадыңыздар ма, Жаратушы өз құдіретін адамдарға таңдаулы адамдар арқылы көрсеткен. Сол таңдаулылар – әулиелер. Сопылар, бақсылар, йогтар, аватарлар, монахтар. Қысқасы, әр халық оларды өзінше атаған. Бірақ, түп мағынасы бір – әулиелер ерекше қасиет иелері. Олар – адамзат қауымын жақсылыққа, рухани тазалыққа, мейірімге иманға үндеушілер. Жүрген жерін қатыгездіктен, қаныпезерліктен, ашкөздіктен, қылмыстан тазартушылар. Адам баласын ауру-сырқаттан айықтырушылар. Сондықтан да халық оларды төбесіне көтерген. Зираттарына тәу еткен. Табынған. Алайда, олардың әулиелік тылсым сырын түсінбеген. Әулиелердің отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын қасиеттерін, немесе, бір мезгілде екі қалада, екі мешітте намаз оқи беретін құпиясын түсінбеген. Түсінбегендіктен де оларға құлай табынған. Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзиз, Қарабура әулиелер (ХІІ ғ.) Түркістанда тұрып та бір мезгілде Меккеде намаз оқи беретін болған. Пір Бекет (XVIII ғ.) Маңғыстауда тұрып та Хиуадағы Шерғазы хан медресесіндегі намазға жығылған. Италиялық Франциск әулие (ХVI ғ) бір мезгілде шіркеудің ішінде де, сыртында да жиылған жамағат алдында тұрып уағыз айта беретін болған. Испандық әулие әйел Мария де Агреда (XVII ғ.) монастырьден шықпай-ақ мұхит асып, 500 рет алыс құрлықтарға сапар шеккен. Василий Блаженный (XVI ғ.) Мәскеуде Иван Грозныйдың көз алдында тұрып сонау Новгородтағы өртті сөндірген. Әулиелердің мұндай бір мезгілде екі жерде болу қасиеті ғылым тілінде – телепортация. Бұл – әулиелерге тән кереметтердің бірі ғана.
Әулиеліктің тағы бір белгісі – өлгеннен кейін де мәйітінің жылдар бойы бұзылмай жатуы. Баянауылдық Мәшһүр Жүсіп әулие (ХХ ғ.) ажалдың келетінін бір жыл бұрын білген. Моласын бөлме тәрізді етіп салдырып, өлгеннен кейін мәйітін сол бөлмеде кебінге орап қоюды аманат еткен. Денесінің бұзылмайтынын айтқан. Мәшһүр Жүсіп айтқандай-ақ бір жылдан кейін қайтыс болып, ел-жұрты оның мәйітін қалай өсиет етсе солай жерлеген. Айлар, жылдар өткен. Мәйіт бұзылмақ тұрмақ бөлме ішіне хош иіс таратып тұрған. Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне тәу етушілер көбейіп бара жатқаннан кейін коммунистік режім трактормен әулие зиратын сүріп тастауға бұйрық берген.
Ал өлгеніне 100 жылдай мерзім өтсе де денесі бұзылмаған бурятиялық Хамбо лама Итигеловті кім білмейді?! Монах 1927 жылы өледі. Өлерінде қабірін 2002 жылы ашуды өсиет етеді. Әулиенің айтуымен шәкірттері оны киіндіріп, ағаш қорапта малдас құрып отырған күйінде жерлейді. 2002 жылы халық жиылып әулиенің қабірін ашады. Ашса, монах қалай жерленсе дәл сол күйде, денесі бұзылмаған қалпында ағаш қораптың ішінде отырғанын көреді. Бұзылмаған денесі хош иіс таратып тұрады. Бүгінде әлем ғалымдары бұл феноменді ғылыми тұрғыдан түсіндіре алмай бас қатырып әлек.
Әулиелер өмірінде осындай ақылға сыймайтын қасиеттер аз емес. Алайда, әулиелердің ең басты қасиеті – олардың ғажайып емшілігі. Сопылар өзінің алғашқы пірі санайтын Иса (с.ғ.с.) қалың бұқара халықты ең алдымен өзінің ғажайып емшілігімен тәнті еткен. Өйткені, адам үшін ең қымбат нәрсе – өз денсаулығы. Сондықтан халық әлі күнге шейін әулиелердің зиратына тәу етеді. Айығып та жатады. Ауырғанда Алласын еске алады адам. Алласы да пендесіне бет бұрады. Сөйтіп, Жаратушы мен пендесі арасында байланыс орнайды. Иеміздің пендесіне деген мейірімі қашанда шексіз. Жалбарынған пендесіне жәрдемге келеді. Иеміз адамды о баста жаратқанда ол ұшырауы ықтимал әр дертке бір дауа қоса жаратыпты. Оны қолдану құпияларын әулие, емші, ғұламалар көкірегіне құйыпты. Болгардың даңқты сәуегей емшісі Ванганың (ХХ ғ.) «Сіз осының бәрін қайдан білесіз?» деген сұраққа «Құдайтағала құлағыма сыбырлап тұрады» деуі сондықтан.
Үнділік ұлы аватар Саи Баба да (ХХ ғ.) «Жаратушы – сендердің жүрегіңізде» деумен өтті. Саи Баба ауадан қармап жеміс-жидек, сувенирлер жасап, әлемнің түкпір- түкпірінен келген емделушілердің қолына ұстатып отырған. Алайда жылтырағанның бәрі алтын емес, емшінің бәрі әулие емес. Әулиелік – ауыр жол. Тибеттің әйгілі йогы Миларепа (ХІ ғ.) әулиелікке бірден келмеген. Кісі өлтіріп қылмысқа батып, енді бұл күнәмді қалай жуамын деп диуана болып тау-тас аралап кеткен. Күллі ғұмырын тас үңгірде өткізген. Тамақ орнына жапырақ жеген. Оны көрген жандар тас арасында жүрген тірі аруақты көргендей шошыған. Кісікиік адам туралы аңыз жарты әлемге жайылған. Миларепа егде тартқанда Жаратушы оған ерекше қасиеттер дарытқан. Диуананың даңқы одан бетер дүрілдеген. Бір жас оны іздеп барып шәкірт болады. Күндердің күні ұстазынан бір құдірет көрсетуін сұрайды. Сонда Миларепа тас үңгірдің қабырғасына алақанын басқан дейді. Әулиенің алақаны тиген қара тас қамырдай иленіпті. Тасқа батқан алақан, тарбиған бес саусақ ізі, мінеки, көрген көзді он ғасыр бойы таңдандырумен келеді.
Осыған ұқсас оқиға ізі Маңғыстауда да орын алған. Ман ата намаз оқып отырғанда аңдыған жау келіп басын шабады. Сонда әулие басын қолына алып жанұшыра жүгірген дейді. Табаны тиген қара тас қамырдай иленіпті. Сайраған ізі тас бетіне түсіп қалыпты. Маңғыстауға барсаңыз бұл ізді бүгін де көруге болады. Бірақ, оқырман, сіз, әрине, бұл құдіреттерді өз көзіңізбен көрмей сенбейсіз. Өйткені, сіз – жаңа заманның адамысыз. Өркениетті адам өмірде құдірет бар дегенге сенбейді. Өйткені, бүгінгі адам – атеистік тәрбие алған адам. Еш нәрсеге сенбейді. Сірескен скептик. Мұндай әңгімелердің бәріне «аңыз» деп қарайды. «Басымды қатырмашы!» дейді. «Бала емеспіз ғой, мұндай ертегілерге сене беретін!» дейді.
Өзіміз де кезінде сол скептиктер қатарында болдық. Кез келген нәрсеге көз жұмып сене бермедік. Ойталқыға салдық. Шындықты іздедік. Бұрын-соңды өмір сүрген барлық даналар лұғатына ден қойдық. Ғылымға да, дінге де. Әлемді түсінудің, адамды түсінудің ақиқатын іздедік. Жоғарыда біз келтірген мысалдарда аты аталған Мұса пайғамбар мен Миларепа әулиенің өзгелерден бір ерекшелігі – бұлардың екеуі де кезінде кісі өлтіріпті. Рас, ол оқиғалар Мұса өмірінде пайғамбарлыққа дейін, Миларепа өмірінде әулиелікке дейін болған. Бұдан біз нені көреміз? Жаратушының аса мейірімді кешірімпаздығын көреміз. Егер, пенде қандай бір ауыр қылмыс жасамасын, тәубесіне келер болса, дидарын Жаратушысына бұрар болса, онда Жаратушысы да кешірім жасап, дидарын пендесіне бұрады екен. Адам қандай шалыс қадам жасамасын, Алладан үміт үзбеуі керек екен. Пендесіне Алла құшағы қашанда ашық екенін көреміз. Өз перзентіне ата-ананың құшағы қашанда ашық болса, Алланың құшағы да біз үшін ашық екенін көреміз. Жаратушы шарапатынан үміт үзуге болмайтынын көреміз. Тығырыққа, тұйыққа тірелгенде адамды шыңыраудан алып шығар Тәңір бар. Тек пенде түңілмесе болды. Егер де, қандай да бір тығырыққа тірелген сәтте жарылқаушы Иемізді ұмытар болсақ, ішкілікке салынып, не өз-өзімізге қол жұмсар болсақ, ондай қателіктің екі дүниеде күнәкар атанудан өзге тиер пайдасы жоқ екен. Тағдыр тауқыметі аяқтан шалғанда Жаппар Иеңнен үміт үзбей жалбарыну керек екен. Сонда жазған құлын Жаратушы да тұңғиықтан шығарып алады екен. Жоғарыда біз келтірген тәмсілдер осыны мегзейді.
Әулиелер тарихына үңілер болсаңыз, оларға тән тағы бір оғаш қасиет – олардың елден жырақ жападан-жалғыз жүруі, тау-тас, жапан дүз аралап кісікиік тірлік кешуі. Мұхаммед (с.ғ.с.) қырыққа келгенде Қира тауындағы тас үңгірге барып жатып алды. Жебірейіл арқылы аян оған сол тауда келді. Мұса (с.ғ.с.)Құдайтағаладан аянды Синай тауында алды. Будда болса дала кезіп келе жатып, шаршап-шалдығып Ботха ағашының түбінде жатқанда нұрланды. Бағдадтық әйгілі әйел сопы Рабия құм арасында жападан-жалғыз отырып Құдайға құлшылық етіпті. Ясауи әулие пайғамбар жасына жеткенде бұл дүниеден баз кешті. Көзі тірісінде жер астына түсті. Қалған өмірін жападан-жалғыз намазбен қылуетте өткізді. Пір Бекет Ақмешіттегі үңгірінде айлап жалғыз қалады екен. Шәкәрім қажы да өмірінің соңын елден жырақ жапан дүзде өткізген. Тарихта әулиелер өмірінен мұндай мысалдар шаш-етектен. Тізе беруге болады. Сонда бұл не? Мұны қалай түсінуге болады? Бұл жәйлі сопылардың өздері не дейді? Құлақ түрелік.
ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген үндінің ұлы кемеңгері Әзірет Инаят Хан сопы өзінің «Бақыт алхимиясы» кітабында былай дейді: «Мына құжынаған тіршілік базарында жүріп жаны байыз таппаған ұлылар неге жалғыз қаңғып жапан дүз аралап кететін болған? Оның себебі, олар сол жапан дүз төсінде ұлы тыныштық аясында отырып кең дүние тынысынан еркін тыныстайтын болған».
Сонымен, сопы құла дүзде отыр делік. Не тау-тас арасында үңгірде отыр. Сонда ол әлемді аузына қарататын құпия білімді қайдан алады? Құла дүзде әлем ақпараты жинақталған кітапхана жоқ. «Білімсіз құпия құдіретке жету мүмкін бе?» деген сауал туындайды. Шынында да, білімсіз құпия құдіретке жету мүмкін бе? Бірақ, білім дегенде біздің көз алдымызға келетін – кітапхана, интернет. Біз білімнің басқа бір басты қайнар көзін ұмытқанбыз. Ол – адам санасына Жаратушы салған құпия білім қоры. Біз сол қордың көзін ашуды әлдеқашан ұмытқанбыз. Алайда, біздің алыс ата-бабаларымыз сол қордан білім алған. Сол қайнардың көзін ашып, илаһи білімнен сусындаған. Сопылар сол илаһи білімнен сусындап әулиелік қасиеттерге ие болған. Сондықтан да Мұхаммед (с.ғ.с.) «Өзін таныған адам Раббысын да таниды», деді. Тағы да таң қаласыз. «Кітапсыз, интернетсіз ол неғылған білім, адам санасында тұрған?!» деп. Сабыр етіңіз. Пайғамбар: «Өзін таныған адам Раббысын да таниды» деп бекер айтпаған. Осы хадис тереңіне үңіліп көрелікші! Пайғамбар не үшін олай деді? Мұның жауабы – Құранда. Құранда Алла тағала адамды бірнеше рет өзінің Жер бетіндегі орынбасары атайды. Бірнеше рет адам баласына қаратып: «Біз сендерге жүректеріңнің қан тамырларынан да жақынбыз» дейді. Бұл аят нені мегзейді?! Бұл – Жаратушы адамның жанында, жүрегінде деген сөз емес пе?! Осы тоқтамға тарихта талай данагөйлер тоқтаған. Ендеше, жалғыздықпен бетпе-бет қалған тақуа Алла деп зікір айтып отырып өз жан-жүрегіне терең бойлаған. Жан-жүрегі арқылы Жаратушысына жақындаған.
Ақиқатқа жақындаған. Инаят Хан: «Суфизм неге үйретеді? Өз жүрегіңе терең бойлауға үйретеді. Сол арқылы болмыс-бітіміңді Алла нұрына толтыруға үйретеді», дейді. Ал, тағы бір ұлы сопы, парсы текті түрік ақыны Жалалиддин Руми (ХІІІ ғ.): «Егер сіз махаббат жолына түскен болсаңыз, түптің-түбінде сол жол сізді махаббаттың қайнар көзі – Аллаңызға алып келеді», дейді.
Барлық білім кілті – Оның қолында. Бірақ, Оған қалай жетесіз? Оған деген риясыз махаббат, риясыз сеніммен жетесіз. Оған деген құлшылық, сенім, шексіз махаббат қана сізді ақиқат әлеміне әкеледі. Оның құпия біліміне алып келеді. Ол әлемге есікті сіз тек махаббатқа толы өз жүрегіңізбен аша аласыз.Тазарған, нұрға толған жүрегіңізбен. Алдыңызда сонда ақиқат әлемі ашылады. Былайғы жұртқа беймәлім әлем. Ол әлемді ашса, сол – әулие. «Құла дүзде отырып әулиелер білімді қайдан алады?» деген сұраққа жауап осы.
Аллаға деген риясыз махаббат сөз болды. Бұл – әулиелерге тән басты қасиет. Олардың Жер бетінде жинаған басты байлығы. Сондықтан да бағдадтық әулие әйел сопы Рабия айтқан мына бір зікір соңғылықта сопылар ұранына айналыпты. Рабия не деген еді: «Ей, Жаратушым! Егер мен жәннатқа кіру үшін ғана Өзіңе жалбарынып жүрсем, онда мен үшін жәннаттың есігі жабық болсын! Егер мен тозақ оттарынан қорыққаннан ғана Өзіңе құлшылық етіп жүрсем, онда мені тозақ отына таста! Мен күндіз-түні Өзіңе жалбарынсам, бір-ақ нәрсе үшін жалбарынам. Сенің дидарыңды Бақида көру үшін жалбарынам!» деген екен.
Дүние танудың екі жолы – ғылыми және мистикалық жолы туралы әңгіме болып отыр. Жаратушы сол екі жолдың екеуін де адам баласы алдына ашып қойыпты. Дүниетанымның осы екі жолының екеуі де түптің-түбінде адам баласын Жаратушы ақиқатына алып келеді екен. Алайда, бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей.
Әйгілі сопы, парсы ғұламасы Әл-Ғазали (ХІ ғ) әулиелер мен кітаби ғалымдар айырмашылығын төмендегідей түсіндірген: «Ересектер әлемін сәби қалай түсіне алмайтын болса, кітаби ғалымдар да әулиелер әлемін солай түсіне алмайды» (Ыдырыс Шах. «Сопылар жолы»). Алайда, былайғы жұрт жасай алмайтын кереметтерді көрсетушілердің бәрі бірдей әулие емес. Бір күні Бұхар әмірі бір мереке үстінде өнер көрсеткен сырттан келген кезбе сиқыршылар өнеріне таң-тамаша қалыпты. Әмір жанында отырған сопылардың пірі, ұлы әулие Бахауаддин Накшбандыға (ХІV ғ) бұрылып: «Осы кереметтерді сіз де жасай аласыз ба?» дейді. Сонда әйгілі сопы қалың жұрттың алдына шығып сиқыршылардың көзбояушылық өнерлерін өздеріне қайталап беріп, олардың көзбояушылық сырының құпиясын әшкерелейді. Әулиелік пен көзбояушылықтың аражігін ашып көрсетеді.
Әулиелер әлемінің сыртқы бір белгісі – Алла жолындағы азапкерлік екені аян. Бұл құбылыс әсіресе христиан әлемінде кең тараған. Исламда сопылық қозғалыс барысында етек алды. Алайда, Алла жолындағы алғашқы азапкерлер Ибрагим ғалайссалам мен оның ұлы Ысмаил ғалайссалам екені белгілі. Сопылықтың төртінші сатысы және ең жоғарғы сатысы Ақиқатқа жеткенде адам аузына сақ болмаса басына пәле тілеп алады екен. Х ғасырдағы бағдадтық даңқты сопы Мансұр Халладж соның зардабын шекті. Оны Құдайдан безген деп Бағдад алаңында халық алдында патша жендеттері тірілей шапқылап өлтірді.
Сопыларға тән тағы бір қасиет – олардың отаншылдығы. Пір Бекет Барақ батырмен қосылып, Маңғыстауға басып кірген қалмақтарға қарсы соғысқан ғой. Ал Имам Шәміл отанын қорғап, өмір бойы орыстармен соғысты. Осы соғыстарда аталған әулиелер адам таңғаларлық табандылықтар көрсеткен. Қиындық атаулыға қайыспау олардың басты қасиеті болған. Қиынның ең қиыны нәпсіні жеңу ғой. Өзімшілдікті жеңу ғой. Қанағатсыздықты құрықтау ғой. Сопылар осынау кесапаттармен күрескен. Өмір бойы майдандасқан. Осы жолда жеңістерге жеткен. Сондықтан әулие атанған. Олар тоқшылықта тасымаған, жоқшылықта жасымаған. Осының бәрі оларға тән қасиеттердің тек сыртқы көріністері ғана еді. Жұртқа мәлім сыртқы белгілері ғана. Ал әулиелер әлемінің ішкі болмысы қандай, оны біз білмейміз.Бұл құпияны олар өздерімен бірге әкетті. Жария етпеді. Өйткені, бұл құпияны тек Ақиқатқа жеткендер ғана ұға алар еді. Былайғы жұрт бәрібір ұға алмас еді.
Әулиеліктің тағы бір сыртқы белгісі – абсолютті рухани тазалыққа ұмтылу. Алға абсолютті тазаруды мақсат етіп қою. Моральдық, ұждани тазарудың ұшар шыңына ұмтылу. Қоғам үшін сопылық қозғалыстың ең үлкен тәрбиелік мәні осы. Сондықтан да сопыларды хан да, қараша да төріне шығарып, төбесіне көтерген. Сондықтан да Әл-Ғазали: «Адамдар арасынан адалдық таба алмасаңыз, сопылар тірлігіне үңіл!» деген. Сопылардың сүйікті тәмсілі. Қожанасыр туралы. Бір күні Қожекеңнің үйіне ұры түседі. Ұрлайтын еш нәрсе таба алмай ренжіп есікке беттейді. Сонда қуыста жатқан Қожанасыр атып тұрып: «Қуыс үйден құр шықпа, бауырым!» деп үстіндегі жалғыз шапанын ұрының иығына жапқан екен. Сондықтан сопылар Қожанасырды «нағыз сопы» деп біледі. Қарап отырсаңыз, Қожанасыр сопының осы бір әрекетінде адамға деген ұлан-ғайыр ілтипат, көл-көсір мейірім, періште пейіл, періште тазалық жатыр. Мұндай жандар шынында кісінің ала жібін аттамақ тұрмақ, өзгелер үшін өзінің соңғы мүлкін құрбан етуге бар. Мұндай жандар ашкөздік, қызғаныш, күншілдік, өзімшілдік, жаулық деген кесапаттардан ада. Бұл – әулиелік. Оның қоғамды тазартудағы ұшан-теңіз тәрбиелік мәні осы.
Соңғы мың жылда исламның сопылық қозғалысын кең тараған даламызда коррупция, суицид, гомосексуализм, педофильдік, маскүнемдік, нашақорлық, ақша үшін адам өлтіру, жаппай ажырасу, тастанды бала немесе тастанды кәрілер деген індеттердің болмауы да содан. Қоғам қанына сіңген имани тәрбиеден. Ал әлгі тізімделген індеттердің бүгінгі қоғамда бел алуы нені көрсетеді? Дәстүрлі имани тәрбиеден қаншалықты алыс кеткенімізді көрсетеді. Дәстүрлі ата-бабалар тәрбиесі – имани тәрбиеден неғұрлым аулақтаған сайын жоғарыда келтірілген індеттер соғұрлым асқына бермесе неғылсын деген қауіп мазалайды бізді. Сол індетпен, бүгінде қоғамды жайлай бастаған жаңа заман індеттерімен қалай күресеміз? Қоғамды осынау ұждандық кеселдерден қалай тазартамыз? Бұл сауалдар бізді осы тақырыпқа алып келді. Кешегі ата-бабаларымыз осынау кесапатты кеселдерді бойына жұқтырмай, мыңдаған жыл қалай өмір сүрген?! Ата-бабаларымыздың таза ұждани дүниетанымы қайдан шықты? Мұндай сауал бізді бабаларымыздың дінге негізделген имани философиясына алып келді.
Ал имани философия қайдан шықты? Дегенде, біз ақыры, ата-бабаларымыз Ұлы Далада ұстанған жол – әулиелер әлеміне тірелдік. Әңгіме осы жерге келгенде, кенет бір шатақ оқырман саңқ ете қалды. Сұрақты төтесінен қойды. «Оу, – деді оқырман. – Оу, мына, сіз келтірген мысалдар, жарайды, адам таңғаларлық тәмсілдер екен делік, бірақ, бұлардың бәрі кісі қолынан келмейтін тірліктер емес пе?! Жарайды, бірлі-жарым әулиелер болған шығар… үңгір жағалаған, бірақ, күнделікті нанын қалай табамын деп арпалысқан халықты қайтеміз?! Олар олай өмір сүрмеген ғой! Ендеше, қарапайым жұрттың қолынан келмейтін нәрсені несіне дәріптеп отырсыз?!». Орынды сауал. Бүгін ғана емес, осы сауал бұрын да көтеріліпті, осыдан ондаған ғасыр бұрын. Сонда бұл сауалға сопылар арасынан шыққан парсы шайыры Фаридаддин Аттар төмендегідей тәмсілмен жауап беріпті.
Бір күні құстар құрылтайы шақырылыпты. Ол жиынға құстар патшасы Самұрық келмей қалады. Сонда құрылтайға жиналған құстар шуылдап: «Оу, Самұрықсыз қалай құрылтай өтеді?! Шақыру керек! Патшамызды қалайда құрылтайға алдыру керек!» дейді. Құрылтай осы уәжге тоқтап, араларынан бір топ құстан делегация шығарып, Самұрықты іздеуге аттандырады. Делегация Самұрықты іздеп құс қанаты талатын шөлден де өтеді, айдын шалқар көлден де өтеді, ит тұмсығы батпайтын орманнан да, құс қанаты күйетін құмнан да өтеді. Бірақ, Самұрықты таба алмайды.Талай құстардың қанаты талып жолда қалады. Талайлары жолшыбай қарға-құзғынға жем болады. Бір топ делегациядан бес саусақтай ғана құс қалады. Олар сонда да тоқтатпайды Самұрықты іздеуді. Алған беттерінен қайтпайды, өлермендікпен. Ақыры, аспанмен таласқан тау төбесінде тұрған алтын сарайды көреді. Бұл құстар патшасы Самұрықтың сарайы еді. Салтанатты сарай алдында қарулы күзет тұр. Құстар делегациясының алдын кес-кестеп ішке кіргізбейді. Есік алдында күттіріп қояды. Күзет, алайда, жер түбінен арып-ашып, шаршап-шалдығып келген құстардың түрін көріп аяйды. Аяйды да алтын сарайдың есігін ашады. Байғұс құстар аяқтарын әрең сүйретіп ішке енеді. Ішке енсе, сарай қаңырап бос тұр. Патша құстың іште өзі тұрмақ ізі де жоқ. Айнамен қоршалған дөңгелек бос залдың ортасында үрпиісіп тұр делегация.
«Оу, Самұрық қайда?» дейді келген құстар жамырап. Сөйтсе, бұлар қай жаққа қараса да қабырғадағы айнадан өздерін көреді. Өздерінің ұсқыны жаман. Алба-жұлба, азып-тозған. Қанаттары сынған. Көздері шүңірейген. Шаршап-шалдығып аяқ үстінде әрең тұр. Құстар делегациясы қаңыраған залда қаңтарылып біраз тұрады. Бір кезде барып, топ ішіндегі жасы үлкен құстың дауысы саңқ етеді: «Түсіндім!», «Түсіндім!» дейді. «Бауырларым, түсіндім! Мына айналар не деп тұр?! «Самұрық деген жоқ деп тұр! Самұрық деген сендерсіңдер, Самұрықты іздеген!!!» деп тұр бұл айналар, өздерімізді өздерімізге көрсетіп! «Сендер Самұрықтың сарайына емес, Ақиқаттың сарайына келіп тұрсыңдар!!!» деп тұр».
Тәмсіл осы жерде аяқталады. Он ғасыр бұрын өмір сүрген әулие ақын Аттар біздің шатақ оқырманға осылайша жауап беріпті. «Іздеген табады. Жүрген жетеді. Сұраған алады. Қақсаң, есік ашылады!» деп жауап беріпті. «Ақиқатты іздеген алғашқы қадамыңнан, Ақиқат та саған бір қадам жақындайды. Ақиқатқа беттегенге Алланың нұры жауады. Табылмас өз бойыңнан табылады. Иеңіздің құдіретіне сен!!!» деп жауап беріпті. «Әулиелер сол құдірет-күшке сенгендер. Дүние байлығын өз жанынан тапқандар. Әулие болмасаңдар да ақ жолда болыңдар! Сонда сендерге де Алланың нұры жауады!!!» деп жауап беріпті.