Әулиелер әлемі

Әулиелер әлемі

Әулиелер. Әу­лиелер дегенде ең алдымен еске ерекше қасиетке ие жандар түседі. Қарапайым жұрттың қолынан келмейтін хикметтерді жасай беретін жандар. Мұндай қасиеттерді Жаратушы өзінің Жер бетіндегі өкілдеріне, яғни пайғамбарларға ғана бермеп пе еді?! Қараңыз: Алла қолдап Нухтың кемесі топан суға батпады. Ибрагим отқа күймеді. Сүлейменге жындар бағынды. Мұса асасымен ұрғанда Нілдің суы қақ бөлінді. Иса өлгендерді тірілтті. Өзі де өлгеннен кейін тірілді. Мұхаммед аспандағы Айды екіге бөлді. Миғраж түні көкке көтерілді. Жәннатты аралап Жаратушының дидарын көрді. Оларға Алланың рахметі мен сәлемі болсын!

Ал енді әулиелер кімдер? Қа­рап отырсақ, олар да пайғам­барлар тә­різді қарапайым жұрттың қолы­нан келмейтін кереметтерді жасай берген. Бірақ, хикметтер кілті Алла­да. Ендеше, әулиелер – Раббы­ның ерекше назары түскен жан­дар. Яғни, жалған дүниеде пай­ғамбарлар жолын жалғап, жүрген жерінде иман нұрын таратушылар. Пайғамбарлардан кейін адамзат қауымы азғындыққа түспес үшін, жалған дүниедегі пен­делердің парызын есіне тү­сіру­шілер болғаны. Ал адамзат бол­са қашанда қыңыр. Адамзат қауымы әулиелер тұрмақ, пай­ғам­барлардың өзін талай рет тас атып қуған. Сондықтан да, Раббымыз адамзаттың осынау бұзықтыққа бейім болмысын білгендіктен де, әулиелерге ерекше қасиеттер берген. Онсыз олар жұрт бетін өзіне бұра алмас еді. Иманға ұйы­та алмас еді. Әулиелер сол Иесі дарытқан хикметтер арқылы көп­шілікті тәубесіне келтірген.

Байқадыңыздар ма, Жаратушы өз құдіретін адамдарға таңдаулы адамдар арқылы көрсеткен. Сол таңдаулылар – әулиелер. Сопылар, бақсылар, йогтар, аватарлар, монахтар. Қысқасы, әр халық оларды өзінше атаған. Бірақ, түп мағынасы бір – әулиелер ерекше қасиет иелері. Олар – адамзат қауымын жақсылыққа, рухани тазалыққа, мейірімге иманға үндеушілер. Жүрген жерін қатыгездіктен, қаныпезерліктен, ашкөздіктен, қылмыстан тазартушылар. Адам баласын ауру-сыр­қаттан айықтырушылар. Сон­дықтан да халық оларды төбесіне көтерген. Зираттарына тәу еткен. Табынған. Алайда, олар­­дың әулиелік тылсым сырын түсін­беген. Әулиелердің отқа сал­са күймейтін, суға салса батпай­тын қа­сиеттерін, немесе, бір мез­гіл­де екі қалада, екі мешітте на­маз оқи беретін құпиясын тү­сін­бе­ген. Түсінбегендіктен де олар­ға құлай табынған. Қожа Ах­мет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзиз, Қарабура әулиелер (ХІІ ғ.) Түркі­станда тұрып та бір мезгілде Мек­кеде намаз оқи беретін болған. Пір Бекет (XVIII ғ.) Маңғыстауда тұрып та Хиуадағы Шерғазы хан медресесіндегі намазға жығылған. Италиялық Франциск әулие (ХVI ғ) бір мезгілде шіркеудің ішінде де, сыртында да жиылған жамағат алдында тұрып уағыз айта беретін болған. Испандық әулие әйел Мария де Агреда (XVII ғ.) монастырьден шықпай-ақ мұхит асып, 500 рет алыс құрлықтарға сапар шеккен. Василий Блаженный (XVI ғ.) Мәскеуде Иван Грозныйдың көз алдында тұрып сонау Нов­городтағы өртті сөндірген. Әу­лиелердің мұндай бір мезгілде екі жерде болу қасиеті ғылым тілінде – телепортация. Бұл – әу­л­ие­лерге тән кереметтердің бірі ғана.

Әулиеліктің тағы бір белгісі – өлгеннен кейін де мәйітінің жылдар бойы бұзылмай жатуы. Баянауылдық Мәшһүр Жү­сіп әулие (ХХ ғ.) ажалдың келе­тінін бір жыл бұрын білген. Моласын бөлме тәрізді етіп салдырып, өлгеннен кейін мәйітін сол бөлмеде кебінге орап қою­ды аманат еткен. Денесінің бұзыл­майтынын айтқан. Мәшһүр Жүсіп айтқандай-ақ бір жылдан кейін қайтыс болып, ел-жұрты оның мәйітін қалай өсиет етсе солай жерлеген. Айлар, жылдар өткен. Мәйіт бұзылмақ тұрмақ бөлме ішіне хош иіс таратып тұрған. Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне тәу етушілер көбейіп бара жатқаннан кейін коммунистік режім трактормен әулие зиратын сүріп тастауға бұйрық берген.

Ал өлгеніне 100 жылдай мер­зім өтсе де денесі бұзылмаған бурятиялық Хамбо лама Итигелов­ті кім білмейді?! Монах 1927 жы­лы өледі. Өлерінде қабірін 2002 жылы ашуды өсиет етеді. Әу­лиенің айтуымен шәкірттері оны киіндіріп, ағаш қорапта малдас құрып отырған күйінде жерлейді. 2002 жылы халық жиылып әулиенің қабірін ашады. Ашса, монах қалай жерленсе дәл сол күйде, денесі бұзылмаған қалпында ағаш қораптың ішінде отырғанын көреді. Бұзылмаған денесі хош иіс таратып тұрады. Бүгінде әлем ғалымдары бұл фено­менді ғылыми тұрғыдан түсін­діре алмай бас қатырып әлек.

Әулиелер өмірінде осындай ақылға сыймайтын қасиеттер аз емес. Алайда, әулиелердің ең бас­ты қасиеті – олардың ғажайып емшілігі. Сопылар өзінің алғашқы пірі санайтын Иса (с.ғ.с.) қалың бұ­қара халықты ең алдымен өзі­нің ғажайып емшілігімен тәнті еткен. Өйткені, адам үшін ең қымбат нәрсе – өз денсаулығы. Сон­дықтан халық әлі күнге шейін әулиелердің зиратына тәу етеді. Айығып та жатады. Ауырғанда Алласын еске алады адам. Алла­сы да пендесіне бет бұрады. Сөйтіп, Жаратушы мен пендесі арасында байланыс орнайды. Иеміздің пендесіне деген мейірімі қашанда шексіз. Жалбарынған пендесіне жәрдемге келеді. Иеміз адамды о баста жаратқанда ол ұшырауы ықтимал әр дертке бір дауа қоса жаратыпты. Оны қолдану құпияларын әулие, емші, ғұламалар көкірегіне құйыпты. Болгардың даңқты сәуегей емшісі Ванганың (ХХ ғ.) «Сіз осының бәрін қайдан білесіз?» деген сұраққа «Құдайтағала құла­ғыма сыбырлап тұрады» деуі сондықтан.

Үнділік ұлы аватар Саи Баба да (ХХ ғ.) «Жаратушы – сендер­дің жүрегіңізде» деумен өтті. Саи Баба ауадан қармап жеміс-жидек, сувенирлер жасап, әлемнің түкпір- түкпірінен келген емделушілердің қолына ұстатып отырған. Алайда жылтырағанның бәрі алтын емес, емшінің бәрі әулие емес. Әулиелік – ауыр жол. Тибеттің әйгілі йогы Миларепа (ХІ ғ.) әулиелікке бірден келмеген. Кісі өлтіріп қылмысқа батып, енді бұл күнәмді қалай жуамын деп диуана болып тау-тас аралап кеткен. Күллі ғұмырын тас үңгірде өткізген. Тамақ орнына жапырақ жеген. Оны көрген жандар тас арасында жүрген тірі аруақты көргендей шошыған. Кісікиік адам туралы аңыз жарты әлемге жайылған. Миларепа егде тартқанда Жаратушы оған ерекше қасиеттер дарытқан. Диуананың даңқы одан бетер дүрілдеген. Бір жас оны іздеп барып шәкірт болады. Күндердің күні ұстазынан бір құдірет көрсетуін сұрайды. Сонда Миларепа тас үңгірдің қабырғасына алақанын басқан дейді. Әулиенің алақаны тиген қара тас қамырдай иленіпті. Тасқа батқан алақан, тарбиған бес саусақ ізі, мінеки, көрген көзді он ғасыр бойы таңдандырумен келеді.

Осыған ұқсас оқиға ізі Маң­ғыс­тауда да орын алған. Ман ата намаз оқып отырғанда аңдыған жау келіп басын шабады. Сонда әулие басын қолына алып жан­ұшыра жүгірген дейді. Табаны тиген қара тас қамырдай иленіпті. Сайраған ізі тас бетіне түсіп қа­лып­ты. Маңғыстауға барсаңыз бұл ізді бүгін де көруге болады. Бірақ, оқырман, сіз, әрине, бұл құді­реттерді өз көзіңізбен көрмей сенбейсіз. Өйткені, сіз – жаңа заманның адамысыз. Өркениетті адам өмірде құдірет бар дегенге сенбейді. Өйткені, бүгінгі адам – атеистік тәрбие алған адам. Еш нәрсеге сенбейді. Сірескен скептик. Мұндай әңгімелердің бәріне «аңыз» деп қарайды. «Басымды қатырмашы!» дейді. «Бала емес­піз ғой, мұндай ертегілерге сене беретін!» дейді.

Өзіміз де кезінде сол скептиктер қатарында болдық. Кез келген нәрсеге көз жұмып сене бермедік. Ойталқыға салдық. Шындықты іздедік. Бұрын-соңды өмір сүрген барлық даналар лұғатына ден қойдық. Ғылымға да, дінге де. Әлемді түсінудің, адамды түсінудің ақиқатын іздедік. Жоғарыда біз келтірген мысалдарда аты аталған Мұса пайғамбар мен Миларепа әулиенің өзгелерден бір ерекшелігі – бұлардың екеуі де кезінде кісі өлтіріпті. Рас, ол оқиғалар Мұса өмірінде пайғамбарлыққа дейін, Миларепа өмірінде әулиелікке дейін болған. Бұдан біз нені көреміз? Жаратушының аса мейі­рімді кешірімпаздығын көре­­міз. Егер, пенде қандай бір ауыр қылмыс жасамасын, тәу­бе­сіне келер болса, дидарын Жара­тушысына бұрар болса, онда Жаратушысы да кешірім жасап, дидарын пендесіне бұрады екен. Адам қандай шалыс қадам жасамасын, Алладан үміт үзбеуі керек екен. Пендесіне Алла құшағы қашанда ашық екенін көреміз. Өз перзентіне ата-ананың құшағы қашанда ашық болса, Алланың құшағы да біз үшін ашық екенін көреміз. Жаратушы шарапатынан үміт үзуге болмайтынын көреміз. Тығырыққа, тұйыққа тірелгенде адамды шыңыраудан алып шығар Тәңір бар. Тек пенде түңілмесе болды. Егер де, қандай да бір тығырыққа тірелген сәтте жарылқаушы Иемізді ұмытар болсақ, ішкілікке салынып, не өз-өзімізге қол жұмсар болсақ, ондай қателіктің екі дүниеде күнәкар атанудан өзге тиер пайдасы жоқ екен. Тағдыр тауқыметі аяқтан шалғанда Жаппар Иеңнен үміт үзбей жалбарыну керек екен. Сонда жазған құлын Жаратушы да тұңғиықтан шығарып алады екен. Жоғарыда біз келтірген тәмсілдер осыны мегзейді.

Әулиелер тарихына үңілер болсаңыз, оларға тән тағы бір оғаш қасиет – олардың елден жырақ жападан-жалғыз жүруі, тау-тас, жапан дүз аралап кісі­киік тірлік кешуі. Мұхаммед (с.ғ.с.) қырыққа келгенде Қира тауын­дағы тас үңгірге барып жатып алды. Жебірейіл арқылы аян оған сол тауда келді. Мұса (с.ғ.с.)Құдайтағаладан аянды Синай тауында алды. Будда болса дала кезіп келе жатып, шаршап-шалдығып Ботха ағашының түбінде жатқан­да нұрланды. Бағдадтық әйгілі әйел сопы Рабия құм арасында жападан-жалғыз отырып Құдайға құлшылық етіпті. Ясауи әулие пайғамбар жасына жеткенде бұл дүниеден баз кешті. Көзі тірісінде жер астына түсті. Қалған өмірін жападан-жалғыз намазбен қылуетте өткізді. Пір Бекет Ақмешіттегі үңгірінде айлап жал­ғыз қалады екен. Шәкәрім қажы да өмірінің соңын елден жырақ жапан дүзде өткізген. Тарихта әулиелер өмірінен мұн­дай мысалдар шаш-етектен. Тізе беруге болады. Сонда бұл не? Мұны қалай түсінуге болады? Бұл жәйлі сопылардың өздері не дей­ді? Құлақ түрелік.

ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр ба­сында өмір сүрген үндінің ұлы кемеңгері Әзірет Инаят Хан со­пы өзінің «Бақыт алхимиясы» кітабында былай дейді: «Мына құжынаған тіршілік базарында жүріп жаны байыз таппаған ұлылар неге жалғыз қаңғып жапан дүз аралап кететін болған? Оның себебі, олар сол жапан дүз төсінде ұлы тыныштық аясында отырып кең дүние тынысынан еркін тыныстайтын болған».

Сонымен, сопы құла дүзде отыр делік. Не тау-тас арасында үңгірде отыр. Сонда ол әлемді аузына қарататын құпия білімді қайдан алады? Құла дүзде әлем ақпараты жинақталған кітапхана жоқ. «Білімсіз құпия құдіретке жету мүмкін бе?» деген сауал туындайды. Шынында да, бі­лімсіз құпия құдіретке жету мүм­кін бе? Бірақ, білім дегенде біздің көз алдымызға келетін – кітапхана, интернет. Біз білімнің басқа бір басты қайнар көзін ұмытқанбыз. Ол – адам санасына Жаратушы салған құпия білім қоры. Біз сол қордың көзін ашуды әлдеқашан ұмытқанбыз. Алайда, біздің алыс ата-бабаларымыз сол қордан білім алған. Сол қайнардың көзін ашып, илаһи білімнен сусындаған. Сопылар сол илаһи білімнен сусындап әулиелік қасиеттерге ие болған. Сондықтан да Мұхаммед (с.ғ.с.) «Өзін таныған адам Раббысын да таниды», деді. Тағы да таң қала­сыз. «Кітапсыз, интернетсіз ол неғылған білім, адам санасында тұрған?!» деп. Сабыр етіңіз. Пайғамбар: «Өзін таныған адам Раббысын да таниды» деп бекер айтпаған. Осы хадис тереңіне үңіліп көрелікші! Пайғамбар не үшін олай деді? Мұның жауабы – Құранда. Құранда Алла та­ғала адамды бірнеше рет өзі­нің Жер бетіндегі орынбасары атай­ды. Бірнеше рет адам бала­сына қаратып: «Біз сендерге жү­рек­теріңнің қан тамырларынан да жақынбыз» дейді. Бұл аят нені мегзейді?! Бұл – Жаратушы адамның жанында, жүрегінде деген сөз емес пе?! Осы тоқтамға тарихта талай данагөйлер тоқтаған. Ендеше, жалғыздықпен бетпе-бет қалған тақуа Алла деп зікір айтып отырып өз жан-жүрегіне терең бойлаған. Жан-жүрегі арқылы Жаратушысына жақындаған.

Ақиқатқа жақындаған. Инаят Хан: «Суфизм неге үйретеді? Өз жү­регіңе терең бойлауға үй­ре­теді. Сол арқылы болмыс-біті­міңді Алла нұрына толтыруға үйретеді», дейді. Ал, тағы бір ұлы сопы, парсы текті түрік ақыны Жалалиддин Руми (ХІІІ ғ.): «Егер сіз махаббат жолына түскен болсаңыз, түптің-түбінде сол жол сізді махаббаттың қайнар көзі – Аллаңызға алып келеді», дейді.

Барлық білім кілті – Оның қолын­да. Бірақ, Оған қалай жете­сіз? Оған деген риясыз махаббат, риясыз сеніммен жетесіз. Оған деген құлшылық, сенім, шексіз махаббат қана сізді ақиқат әлеміне әкеледі. Оның құпия біліміне алып келеді. Ол әлемге есікті сіз тек ма­хаббатқа толы өз жүрегіңізбен аша аласыз.Тазарған, нұрға толған жүрегіңізбен. Алдыңызда сонда ақиқат әлемі ашылады. Былайғы жұртқа беймәлім әлем. Ол әлемді ашса, сол – әулие. «Құла дүзде отырып әулиелер білімді қайдан алады?» деген сұраққа жауап осы.

Аллаға деген риясыз махаббат сөз болды. Бұл – әулиелерге тән басты қасиет. Олардың Жер бетінде жинаған басты байлығы. Сондықтан да бағдадтық әулие әйел сопы Рабия айтқан мына бір зікір соңғылықта сопылар ұранына айналыпты. Рабия не деген еді: «Ей, Жаратушым! Егер мен жәннатқа кіру үшін ғана Өзіңе жалбарынып жүрсем, онда мен үшін жәннаттың есігі жабық болсын! Егер мен тозақ оттары­нан қорыққаннан ғана Өзіңе құлшылық етіп жүрсем, онда мені тозақ отына таста! Мен күндіз-түні Өзіңе жалбарынсам, бір-ақ нәрсе үшін жалбарынам. Сенің дидарыңды Бақида көру үшін жалбарынам!» деген екен.

Дүние танудың екі жолы – ғы­лыми және мистикалық жолы туралы әңгіме болып отыр. Жара­ту­шы сол екі жолдың екеуін де адам баласы алдына ашып қойыпты. Дүниетанымның осы екі жолының екеуі де түптің-түбінде адам баласын Жаратушы ақиқатына алып келеді екен. Алайда, бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей.

Әйгілі сопы, парсы ғұламасы Әл-Ғазали (ХІ ғ) әулиелер мен кітаби ғалымдар айырмашылығын төмендегідей түсіндірген: «Ере­сек­тер әлемін сәби қалай түсі­не алмайтын болса, кітаби ға­лымдар да әулиелер әлемін со­лай түсіне алмайды» (Ыдырыс Шах. «Сопылар жолы»). Алайда, былайғы жұрт жасай алмайтын кереметтерді көрсетушілердің бәрі бірдей әулие емес. Бір күні Бұхар әмірі бір мереке үстінде өнер көрсеткен сырттан келген кезбе сиқыршылар өнеріне таң-тамаша қалыпты. Әмір жанында отырған сопылардың пірі, ұлы әулие Бахауаддин Накшбандыға (ХІV ғ) бұрылып: «Осы керемет­терді сіз де жасай аласыз ба?» дейді. Сонда әйгілі сопы қалың жұрт­тың алдына шығып сиқыр­шылардың көзбояушылық өнер­лерін өздеріне қайталап беріп, олардың көзбояушылық сырының құпиясын әшкерелейді. Әулиелік пен көзбояушылықтың аражігін ашып көрсетеді.

Әулиелер әлемінің сыртқы бір белгісі – Алла жолындағы азап­­керлік екені аян. Бұл құбы­лыс әсіресе христиан әлемінде кең тараған. Исламда сопылық қозғалыс барысында етек алды. Алайда, Алла жолындағы ал­ғашқы азапкерлер Ибрагим ға­лайс­салам мен оның ұлы Ыс­маил ғалайссалам екені белгі­лі. Со­пылықтың төртінші саты­сы және ең жоғарғы сатысы Ақи­қатқа жеткенде адам аузы­на сақ болмаса басына пәле тілеп алады екен. Х ғасырдағы бағдадтық даңқты сопы Мансұр Халладж соның зардабын шекті. Оны Құдайдан безген деп Бағдад алаң­ын­да халық алдында патша жен­деттері тірілей шапқылап өлтірді.

Сопыларға тән тағы бір қасиет – олардың отаншылдығы. Пір Бекет Барақ батырмен қосылып, Маңғыстауға басып кірген қал­мақ­тарға қарсы соғысқан ғой. Ал Имам Шәміл отанын қорғап, өмір бойы орыстармен соғысты. Осы соғыстарда аталған әулиелер адам таңғаларлық табандылықтар көрсеткен. Қиындық атаулыға қайыспау олардың басты қасиеті болған. Қиынның ең қиыны нәпсіні жеңу ғой. Өзімшілдікті жеңу ғой. Қанағатсыздықты құ­рық­тау ғой. Сопылар осынау кеса­паттармен күрескен. Өмір бо­йы майдандасқан. Осы жолда жеңіс­терге жеткен. Сондықтан әулие атанған. Олар тоқшылықта тасымаған, жоқшылықта жасы­маған. Осының бәрі оларға тән қа­сиеттердің тек сыртқы көрі­ністері ғана еді. Жұртқа мә­лім сыртқы белгілері ғана. Ал әу­лие­лер әлемінің ішкі болмысы қан­дай, оны біз білмейміз.Бұл құпияны олар өздерімен бірге әкетті. Жария етпеді. Өйткені, бұл құпияны тек Ақиқатқа жеткендер ғана ұға алар еді. Былайғы жұрт бәрібір ұға алмас еді.

Әулиеліктің тағы бір сырт­қы белгісі – абсолютті рухани таза­лыққа ұмтылу. Алға абсолют­ті тазаруды мақсат етіп қою. Моральдық, ұждани тазарудың ұшар шыңына ұмтылу. Қоғам үшін сопылық қозғалыстың ең үлкен тәрбиелік мәні осы. Сондықтан да сопыларды хан да, қараша да төріне шығарып, төбесіне көтерген. Сондықтан да Әл-Ғазали: «Адамдар арасынан адалдық таба алмасаңыз, сопылар тірлігіне үңіл!» деген. Сопылардың сүйікті тәмсілі. Қожанасыр туралы. Бір күні Қожекеңнің үйіне ұры түседі. Ұрлайтын еш нәрсе таба алмай ренжіп есікке беттейді. Сонда қуыста жатқан Қожанасыр атып тұрып: «Қуыс үйден құр шық­па, бауырым!» деп үстіндегі жал­ғыз шапанын ұрының иығына жапқан екен. Сондықтан сопылар Қожанасырды «нағыз сопы» деп біледі. Қарап отырсаңыз, Қожанасыр сопының осы бір әрекетінде адамға деген ұлан­-ға­йыр ілтипат, көл-көсір мейірім, періште пейіл, періште тазалық жатыр. Мұндай жандар шынында кісінің ала жібін аттамақ тұрмақ, өзгелер үшін өзінің соңғы мүлкін құрбан етуге бар. Мұндай жандар ашкөздік, қызғаныш, күншілдік, өзімшілдік, жаулық деген кес­апаттардан ада. Бұл – әулиелік. Оның қоғамды тазартудағы ұшан-теңіз тәрбиелік мәні осы.

Соңғы мың жылда исламның сопылық қозғалысын кең тараған даламызда коррупция, суицид, гомосексуализм, педофильдік, маскүнемдік, нашақорлық, ақша үшін адам өлтіру, жаппай ажырасу, тастанды бала немесе тас­танды кәрілер деген індеттердің болмауы да содан. Қоғам қанына сіңген имани тәрбиеден. Ал әлгі тізімделген індеттердің бүгінгі қоғамда бел алуы нені көрсетеді? Дәстүрлі имани тәрбиеден қан­шалықты алыс кеткенімізді көр­­сетеді. Дәстүрлі ата-бабалар тәр­биесі – имани тәрбиеден не­ғұр­лым аулақтаған сайын жоға­рыда келтірілген індеттер со­ғұр­лым асқына бермесе неғыл­сын де­ген қауіп мазалайды бізді. Сол ін­детпен, бү­гін­де қоғамды жайлай бастаған жаңа заман індет­терімен қалай күресеміз? Қо­ғамды осынау ұждандық кеселдерден қалай тазартамыз? Бұл сауалдар бізді осы тақырыпқа алып келді. Кешегі ата-бабалары­мыз осынау кесапатты кесел­­дерді бойына жұқтырмай, мың­даған жыл қалай өмір сүр­ген?! Ата-бабаларымыздың таза ұж­­дани дүниетанымы қай­­дан шықты? Мұндай сауал бі­зді баба­лары­мыздың дінге негіз­делген имани философиясына алып келді.

Ал имани философия қайдан шықты? Дегенде, біз ақыры, ата-бабаларымыз Ұлы Далада ұстанған жол – әулиелер әлеміне тірелдік. Әңгіме осы жерге келгенде, кенет бір шатақ оқырман саңқ ете қалды. Сұрақты төтесінен қойды. «Оу, – деді оқырман. – Оу, мына, сіз келтірген мысалдар, жарайды, адам таңғаларлық тәм­сілдер екен делік, бірақ, бұлар­дың бәрі кісі қолынан кел­мейтін тірліктер емес пе?! Жарайды, бірлі-жарым әулиелер болған шығар… үңгір жағалаған, бірақ, күнделікті нанын қалай табамын деп арпалысқан халықты қайтеміз?! Олар олай өмір сүрмеген ғой! Ендеше, қарапайым жұрт­тың қолынан келмейтін нәрсені несіне дәріптеп отырсыз?!». Орынды сауал. Бүгін ғана емес, осы сауал бұрын да көте­рі­ліпті, осыдан ондаған ғасыр бұ­рын. Сонда бұл сауалға сопылар арасынан шыққан парсы шайыры Фаридаддин Аттар төмендегідей тәмсілмен жауап беріпті.

Бір күні құстар құрылтайы ша­қырылыпты. Ол жиынға құс­тар патшасы Самұрық келмей қалады. Сонда құрылтайға жи­налған құстар шуылдап: «Оу, Самұрықсыз қалай құрылтай өтеді?! Шақыру керек! Патшамыз­ды қалайда құрылтайға алдыру керек!» дейді. Құрылтай осы уәжге тоқтап, араларынан бір топ құстан делегация шығарып, Самұрықты іздеуге аттандырады. Делегация Самұрықты іздеп құс қанаты талатын шөлден де өтеді, айдын шалқар көлден де өтеді, ит тұмсығы батпайтын орманнан да, құс қанаты күйе­тін құмнан да өтеді. Бірақ, Самұ­рықты таба алмайды.Талай құстардың қанаты талып жолда қалады. Талайлары жолшыбай қарға-құзғынға жем болады. Бір топ делегациядан бес саусақтай ғана құс қалады. Олар сонда да тоқтатпайды Самұрықты іздеуді. Алған беттерінен қайтпайды, өлермендікпен. Ақыры, аспанмен таласқан тау төбесінде тұрған алтын сарайды көреді. Бұл құстар патшасы Самұрықтың сарайы еді. Салтанатты сарай алдында қарулы күзет тұр. Құстар деле­гациясының алдын кес-кестеп ішке кіргізбейді. Есік алдын­да күттіріп қояды. Күзет, алайда, жер түбінен арып-ашып, шаршап-шалдығып келген құстардың түрін көріп аяйды. Аяйды да алтын сарайдың есігін ашады. Байғұс құстар аяқтарын әрең сүйретіп ішке енеді. Ішке енсе, сарай қаңырап бос тұр. Патша құстың іште өзі тұрмақ ізі де жоқ. Айнамен қоршалған дөңгелек бос залдың ортасында үрпиісіп тұр делегация.

«Оу, Самұрық қайда?» дейді кел­ген құстар жамырап. Сөйт­се, бұлар қай жаққа қараса да қабырғадағы айнадан өздерін көреді. Өздерінің ұсқыны жаман. Алба-жұлба, азып-тозған. Қанаттары сынған. Көздері шүңі­рейген. Шаршап-шалдығып аяқ үстінде әрең тұр. Құстар де­ле­гациясы қаңыраған залда қаң­тарылып біраз тұрады. Бір кезде барып, топ ішіндегі жасы үл­кен құстың дауысы саңқ етеді: «Түсіндім!», «Түсіндім!» дейді. «Бауыр­ларым, түсіндім! Мына ай­налар не деп тұр?! «Самұрық деген жоқ деп тұр! Самұрық деген сендерсіңдер, Самұрықты іздеген!!!» деп тұр бұл айналар, өздерімізді өздерімізге көрсетіп! «Сендер Самұрықтың сарайына емес, Ақиқаттың сарайына келіп тұрсыңдар!!!» деп тұр».

Тәмсіл осы жерде аяқталады. Он ғасыр бұрын өмір сүрген әулие ақын Аттар біздің шатақ оқыр­манға осылайша жауап беріпті. «Іздеген табады. Жүр­ген жетеді. Сұраған алады. Қақ­саң, есік ашылады!» деп жауап беріпті. «Ақиқатты ізде­ген ал­ғашқы қадамыңнан, Ақи­қат та саған бір қадам жа­қын­дайды. Ақиқатқа беттеген­ге Алланың нұры жауады. Табыл­мас өз бойыңнан табылады. Ие­ңі­з­­дің құ­діретіне сен!!!» деп жа­уап бе­ріпті. «Әулиелер сол құ­­ді­­рет-күшке сенгендер. Дү­ние бай­лығын өз жанынан тап­қан­­­­дар. Әулие болмасаңдар да ақ жо­лда болыңдар! Сонда сен­­­дерге де Алланың нұры жауа­ды!!!» деп жауап беріпті.

egemen.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста