Атымтай Жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: "Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі бар шығар", - деп, даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен.
Атымдай соған келіп:
- Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен? - дегенде, әлгі жарлы айтыпты:
- Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын! - депті.