Сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай жауап береді, деп жазды altaynews.kz.
Әтір, иіссуларды пайдалану, олардың хош иісін иіскеу Ханафи мәзһабы бойынша оразаны бұзбайды және оразаға ешқандай жағымсыз әсер етпейді. Сонымен қатар хош иісті өсімдіктер иісін, мысалы, раушангүл мен раушан майын иіскегенде ораза бұзылмайды, - дейді имам.
Сондай-ақ, душ қабылдау, шомылу немесе жүзу оразаны бұзбайды.
Себебі ораза ұстаған адамға суға түсуге тыйым салынбаған. Бірақ суға түскен адам аузын шайған кезде су жұтып қоймауы шарт. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ораза ұстап жүрген кезде суға түсіп, ғұсыл алғаны туралы деректер бар, - деді облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.